Өткен күнде белгі көп

«Алаш туы астында» Жаңалықтар

Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінде өткен конференцияға қатысушы ғалымдар мен профессор-оқытушылар, студенттер  Алаш қозғалысы идеяларының өзектілігі туралы баяндамалар жасады.

«Алаш туы астында»

Алашорданың батыс бөліміжұмысына қатысқан атыраулық мұғалімдердің тағдыры туралы тарих және тарихты оқыту әдістемесі кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нағымов баяндады.

Батыс Алашорда – ХХ ғасырдың басында Батыс Қазақстан аймағындағы  автономиялық құрылым. 1918 жылғы қыркүйек-те Уфа Директориясын құру мәжілісіне Алашорда үкіметі тарапынан 12 делегат қатысты. Олар 11 қыркүйекте автономиялық үкімет төрағасы Ә.Бөкейхановтың және Халел, Жанша Досмұхамедовтер (Орал), Б.Құлманов, У.Танашев (Бөкей ордасы), С.Досжанов (Орынбор), Е.Тұр-мұхамедов, Б.Жанқадамов (Ақ-төбе), сондай-ақ, А.Бірімжанов (Торғай), Ә.Ермеков, М.Тынышбаев (Жетісу) сияқты үкімет мүшелерінің қатысуымен төтенше мәжіліс өткізді. Онда Алаш автономиясының жергілікті бас-қару жүйесі туралы мәселені   талқылап, бұрынғы «Ойыл уә-лаяты» Уақытша үкіметін тарату, оның орнына Алашорданың батыс бөлігін құру туралы шешім шығарды. Ол ресми түрде «Алаш автономиясының батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімше» деп аталып, төрағалығына Ж.Досмұхамедов сайланды.

Алашорданың батыс бөлігінің әкімшілік құзыретіне бұрынғы «Ойыл уәлаятының» жеріне қоса Бөкей ордасының, Ақтөбе, Ырғыз (Торғай обл.) және Маңғыстау уездерінің аумағы кірді. Яғни, Уфа мәжілісінің шешімінен кейін бұрын «Облыстық қазақ комитеті», «Ойыл уәлаяты» аталған Күнбатыс Алашорданың жер аумағы екі есе өсіп, тұрғын халқының жалпы саны 1,5 миллион адамға жетті. «Алаш-орданың батыс бөлігінің құрылған кезі Жайық өңірінде Азамат соғысының асқынып, өлке тағдыры қолдан қолға өтіп тұрған кезең еді. Осы кезеңді зерт-теуші тарихшылар Досмұхамедовтер ұйымдастырған «халық милициясының» құрамын ғана есепке алып, «Батыс Алашорда үкіметінің 2 мыңдай әскері болды» деген пікірге ғана табан тіреп келді. Шын мәнінде, сол кезде Бөкей ордасының Жаңақала, Қазталов аудандары маңында Б.Құлманов басқарған үлгілі қазақ кавалерия бригадасы, Жайықтың оң жақ бетінде – Теңіз округі жерінде, сондай-ақ, Жылыой, Рәкөш маңында Әубәкіров, Меңдіқұлов, Мұқан Көздекенов, Кетік (Форт-Александровск) қаласында Қадырбай Есмағамбетов, Әбуғали, Тәжіғали Таңқыбаевтар бас-қарған жасақтар құрылған. Кейін осы қызметі үшін мұға-лімдер Қадырбай Есмағанбетов пен Тәжіғали Таңқыбаев Кеңес үкіметі тарапынан қудаланған», – деп атап өтті Ш.Нағымұлы.

Ғұмыры қысқа болса да қазақтың тұңғыш үкіметі – Алашорданың құрылуы қазақ халқының мемлекеттілікке лайықты ел екенін дәлелдегені тарихтан белгілі. Алашорда көсемдері өзін-өзі билеу идеясын іске асырып, халықтың арманын ақиқатқа айналдырды. Алашорда көшбасшыларының заңдық тұрғыда ақталғанына қарамастан, өкінішке орай, бүгінге дейін Алаш қозғалысына толық баға берілмей келеді. Өзімен бірге аштықты, репрессияны, ұлттық сананың дағдарысын ала келген советтік би-лікке кешенді зерттеудің болмауы – әлі күнге шешілмей келе жатқан мәселе. Өткенді бағаламай, болашақты болжай алмаймыз. Сондықтан, ұлтқа жасаған қасақана қиянаттардың басында тұрған кеңес өкіметінің бүкіл қызметіне толықтай саяси баға берілуі қажеттігі туралы әңгімені ҚР Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиев тарқатты.

– Сол кезеңдегі беделді саяси партиялардың бағдарламаларынан бірде кем емес «Алаш» партиясының бағдарламасы, біріншіден, қазақ елін өзінің бөлінбейтін территориясы бар, отарлық тәуелділіктен азат мемлекетке айналдыруды, екіншіден, қазақ халқының өмірін жаңа сапаға көтеруді көздеді. Алашордалықтар халықтың арманы    болған өзін-өзі билеу идеясын, қазақтың алғашқы заманауи үкіметі – Алашорданы құрып, бірінші мақсатты аз уақытқа болса да іске асырды. Алашорда көшбасшылары екінші мақсатты орындауға күш салып, елде пәрменді реформалық шараларды іске асырғысы келді. Кез келген мемлекеттің тұрақты және тиімді өмірлік қызметі үшін сол елдің экономикалық дамуын қамтамасыз етудің маңызы зор екенін Алаш қайраткерлері жете түсінді. Алаш мұрасын жалпы адамзаттық құндылықтар және ілгерішіл экономикалық ойдың үлгілері ретінде халықаралық деңгейге шығару және насихаттауға күш жұмсау қажет, – деп түйіндеді ол.

Конференция барысында сөз алған ҚР Мәдениет қайраткері Жеңіс Аронов Алаш қайраткері Аспандияр Кенжин және ұлт-азаттық қозғалыс турасындағы ойын ортаға салды.

Конференция барысында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттері Алаш қозғалысының қайраткерлері Халел Досмұхамедов, Тәжіғали Таңқыбаев, Нұғыман Зәлиевтердің өмірі және атқарған қызметімен таныстырды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз