Тіркелмеген телефоннан айырылып қалу қаупі бар

telefon22111 1 Жаңалықтар

Жаңа жылдан бастап абоненттік құрылғыларды міндетті тіркеу ережесі күшіне енеді. Ал, оған дейін СИМ-картаны өз атына рәсімдемеген қазақстандықтар телефонынан айырылып қалуы мүмкін.

telefon22111

Бұл туралы ақпарат және коммуникациялар министрлігі телекоммуникация комитеті төрағасының міндетін атқарушы Виталий Ярошенко ескертіп отыр. Айтуынша, Қазақстанда азаматтардың көбі өз атына рәсімделмеген СИМ-картаны пайдаланады. Мәселен, біреулері оны сыйлыққа алса, енді бірі жұмысынан алған. Олар Жаңа жылдан кейін қолдарындағы телефонынан айырылып қалуы мүмкін.

– Егер СИМ-картаны уақытында өз атыңызға рәсімдемесеңіз, телефоннан айырылып қалуыңыз мүмкін. Себебі, құрылғыны соның ішіндегі СИМ-картаға тіркейді. Мәселен, сіз өзіңізге сыйға тартқан СИМ-картаны пайдаланып жүрсіз делік. Оның кімнің атына рәсімделгенін де білмейсіз. 1 қаңтардан бастап сіздің телефоныңыз жаңағы СИМ-карта рәсімделген адамға тиесілі болады.

Телефонның қорабын көрсетіп, оның өзіңізге тиесілі екенін дәлелдеуіңіз мүмкін. Бірақ, СИМ-карта иесінің телефонды сізден тартып алуға толық құқы бар, себебі құрылғы мәліметтер базасында оның атына тіркелген. Осыдан кейін дау туып, түсініспеушіліктер басталады. Осындай келеңсіз жайттарға жол бермес үшін, сіздерге тіркелуге уақыт беріліп отыр, — деп түсіндіреді Виталий Ярошенко.

Ал, Жаңа жылдан кейін телефон сатып алсаңыз, СИМ-картаны орнатып, операторға бірден өз ЖСН-ды жіберуіңіз керек. Тек осыдан кейін ғана байланыс қосылады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз