Тілім барда айтылар сөз ойдағы…

жаналыктар2 Жаңалықтар

Қазақ тілін ғылым мен технологияның, электронды ақпарат құралдарының, саясат пен мемлекетті басқару тіліне айналдыру жайы, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының құндылығы – қазақ тілінің мәртебесін көтерудегі педагог рөлі қандай? Осындай салмақты мәселелер «Азаматтардың тіл білігін арттыру – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің маңызды тетігі» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік  семинарда  көтерілді.

%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba%d1%82%d0%b0%d1%802

Алдымен, шараны ашқан тілдерді дамыту жөніндегі бас-қарманың басшысы Баязи Әбдешев басқосудың мақсаты мен мәніне, мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру үшін енгізілген «Қазтест» жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталды.

Ал, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Атырау облыстық филиалының төрағасы Әбілхан Төлеуішев қазақ тілінің әлі де өз тұғырына қонбағанын айтады. Ол мұны ұлттық рухтың төмендігімен байланыстырды.

Көркем әдебиеттің рөліне тоқталған педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрзила Сәрсенова  оны оқытудың талап деңгейінде еместігін айтты. Бұл орайда оқушыны ойдан әңгіме құрап, шығарма жазуға баулу қажет. Баяндамашының айтуынша, тіл тұғырын көтеруде ғылым мен білімнің, жарнаманың тілі қазақша сөйлеуі маңызды. Әріптесінің ойын сабақтаған  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің гуманитарлық пәндер және шет тілдері факультетінің аға оқытушысы Жұмазия Махимова «Қазақ тілін меңгермеген жастан ел патриоты шықпайды» деген пікірін білдірді. Сонымен бірге, жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытуда әдістемелік оқу құралдарының жоқтығына да тоқталды.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының өкілі, майор Алпыс Көшеков шара қатысушыларының назарын өзін толғандырған мәселеге аударды. Ол қазақ киноларындағы туыстық атаулардың дұрыс аталмайтынын сынға алды. «Бізде шет елге еліктеу басым. Батыстың мәдениетіне баса көңіл бөлеміз. Тіпті, соңғы кездері түсіріліп жатқан фильмдердің өзі де коммерциялық және шетелдік бағытта» деді ол. Семинарда бұдан да басқа, тіл мамандары өздерінің  ойларын ортаға салып, пікірлерін ашық білдірді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз