Терможаңғырту: қанша үй жаңарады?

әлеумет Жаңалықтар

Елімізде 2011 жылы басталған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын терможаңғырту бағдарламасы аясындағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Биыл  Атырау қаласында 11 көп  қабатты үйді терможаңғыртудан өткізу жоспарланған. Бұған жергілікті бюджеттен 462 млн. теңге қаржы бөлінген.

әлеумет

«Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС директоры Зұлхаш Наубековтың айтуынша, биыл күрделі жөндеумен Авангард-2 мөлтекауданындағы №14,  Авангард-3 мөлтек-ауданындағы №8, 32, 33, 34, 73, 74 және Вокзал маңы-3а мөлтекауданындағы №1а, 15а, 18а, 22а  үйлер қамтылып отыр. Жобада қарастырылғандай, салынып, пайдалануға берілгеніне ондаған жылдың жүзі болған, инженерлік-коммуникациялық жүйелері ескіріп, тозығы жеткен бұл үйлердің барлығы да жаңартылды. Шатырлары ауыстырылып, қасбеттері косметикалық жөндеуден өткізілді. Жертөлелері құрғатылып, тазартылды. Ыстық, салқын су, жылу желілері, электр жүйелері жаңартылып, қазіргі заманғы өткізгіштігі мен төзімділігі жоғары материалдармен алмастырылды. Жаңа домофон жүйесіне қосыл-ған сенімді де мықты есіктер орнатылып, кірме-дәліз терезелері түгелдей пластикпен ауыстырылды. Балкондары жартылай жеңіл металл  қаптамалармен қапталды. Төмен-гі қабаттардың кіреберістері мен баспаларына кафель плиталар төселді. Үйлердің алдына орындықтар қойылған. Ауқымды құрылыс-монтаж жұмыстарын «Бәйтерек Каспий Сервис» ЖШС жүргізген.

– Осы жұмыстардың  бәрін бекітілген кестеге сәйкес, уақытылы аяқтағалы  отырмыз. Қазір олардың барлығы мемлекеттік қабылдауға дайын тұр. Толықтай тапсырылғаннан кейін бұларды сол мөлтекаудандардағы тиісті пәтер иелері     кооперативтерінің қарамағына өткіземіз,-деді мердігер мекеменің өкілі Ибрай  Атаниязов.

Жақында терможаңғыртудан өткен үйлердің алғашқысы  тапсырылды. Рәсімге қала әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи қатысты.

– Ескі үйлер  терможаңғыртудың арқасында жаңарып  жатыр. Бұл жұмыстар алға қарай да жалғасады,-деді Мейірім Жоламанұлы.

Осы сәтті пайдаланып, тұрғындармен де тілдескенбіз. Солардың бірі Қайырбек Сарманов бізге былай деді:

– Авангард-3 мөлтекауданындағы №33 үйде 1983 жылдан бері тұрамын. Негізі бұл үй сексенінші жылдардың басында пайдалануға берілген. Үйдің сыртқы келбеті адам танымастай өзгерді. Тамаша бір реңге еніп, сәні кіріп қалды. Бұрын-соңды болмаған суағарға дейін ойластырылып, жалпыүйлік жылу есептегіш құрылғылар орнатылған.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз