Терезеге телміріп, есікке елеңдеген…

zhezh Жаңалықтар

Atr.kz/14 қаңтар, 2020 жыл. Басқа түссе, пенденің көтермейтін қиындығы жоқ. Бойынан күш-қуаты кетіп, жасы ұлғайған қарияға ішінен шыққан перзенттеріне қажетсіз болудан асқан қиянат бар ма?! Балалары болмаса бір сәрі ғой, онда түсінуге болады. Ал, жан-жағы толып тұрып, көнерген керексіз дүниенің күйін кешу қандай ауыр десеңізші…

Қазір өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықта 33 адам тұрып жатыр. Оның 1-еуі – зейнеткер, 14-інің – түрлі мүгедектігі бар жан. Сондай-ақ, мұндағы «Түнде болу бөлімшесі» де босамайды. Онда кем дегенде 10-12 адамнан түнеп кетеді. Үйіне тонналаған қоқыс жинап аты шыққан 60 жастағы Наталья Афанасьева да осында келген. Құжаттары толық емес оған орталық мамандары зейнеткерлік куәлік жасатуда.

Ал, тұрғындардың ең үлкені – 93 жастағы Ақыш кейуана. Ол – саналы өмірін ұрпақтәрбиелеуге, олардың санасына «математика» деген үлкен ғылымның алғашқы дәнегін еккен жан.

– Үйдегі екі қыздың үлкені едім, – деп бастады өз әңгімесін әжей. – Есболдағы Елтай орта мектебін бітіріп, ауылда жұмыс жасадым. Сосын Алматыдағы Қыздар педагогика институтына оқуға түстім. Сол жақта жүріп Мәскеудің қаржы институты әскери факультетінің түлегі, әскери қызметкер Қауысбаймен таныстым. Жаспыз, бір-бірімізді ұнатып жүрдік. Менің екінші курсты аяқтаған кезімде некеге отырдық. Әскери қызметкердің өмірі белгілі ғой, бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады.

Өмірге келген ұл-қыздарымыздың есімдерін тұрып жатқан ел мен қалаға байланыстырып қоя бердік. Мәселен, Алматыда тұрсақ, ұлымызды Алмат, Мәскеуде тұрсақ – Мәскеубай, Ригада тұрсақ, Ригагүл деп атадық…

Осылайша әп-әсем басталған отбасылық өмір аяқ астынан нілдей бұзылып, Ақыштың алтыншы балаға жүкті кезінде ерлі-зайыптылар заң жүзінде ажырасып кетеді. Сол ажырасқаннан Ақыш та, Қауысбай да шаңырақ көтермеді.

Алты баланың тұңғышы ауылдағы ата-әже бауырында өскендіктен, Ақышты анасы санамайтын көрінеді. Бауырындағы балаларын оқытып-тоқытып, үйлендіріп, тұрмысқа берген жалғызілікті ана солар үшін баспанасын сатып жібереді. Бұдан соң Талдықорған, Астана қалаларында тұрады. Ол жақта да ойдағыдай тірлік болмағасын: «Атырауым, қайдасың, сенен басқа пана таппадым?!» деп осында келеді.

Кейуананың жасы ұлғайғандықтан құлағының мүкілігі болмаса, былайынша денсаулығы жақсы көрінді. Тіпті көзәйнексіз жазып, оқып отырды. Өкініштісі – тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібіткен бес-алты ұл-қыздан қайыр көре алмай, әлеуметтендіру орталығын паналап жүргені. Сонда да олардың атына бір ғайбат сөз айтпайтыны-ай. Шіркін, анажүрек!..

62 жасында ажырасып…

Құрманғазы ауданының тумасы Социал аға бес ұл мен төрт қыздың әкесі екен. Өзінің айтуынша, зайыбымен бір шаңырақ астында тұрғаны болмаса, мінездерінде де, ертеңге деген үміт пен сенімдерінде де, бір сөзбен, өмірге деген көзқарастарында елеулі айырмашылықтар болған. Төзе-төзе жүріп, ақыры 33 жыл отасқаннан кейін, алпыстың екеуіне келгенінде өзі арыз жазып, ажырасып кетеді.

Қазір Социал қарттың жасы 83-те. Қарттар үйінде он жылдай тұрып жатқанында ұлы қолқа салып, өз үйіне алып кеткен. Бірақ, «онда да бабым табылмады, келініммен келісе алмадым» деп ақталады атай. Екі-үш жылдықта дәмтұзы жараспаған зайыбы бақилық болыпты. Ендігі ойы – қарттар үйіне кері бару. Бұл жерде біз біреуді жақтап, екінші жақты даттаудан аулақпыз. Өйткені, осы әңгімемізге арқау болып отырған қарияларды, олардың болмыс-бітімін жете білмейміз де. Тек екі тарап – ата-ана мен бала-шаға – бір сәттік тірлікте бір-біріне сыйластықпен қараса екен деген ой.

  • …Қашан көрсеңіз де қолынан қағаз-қаламы түспейтін 64 жастағы Кенжеғали Өмірғалиевтің осында тұрып жатқанына бір жылға жуықтаған. Индер ауданының Өрлік ауылында туған оның басынан да біраз жайт өткен. Біз бұрынырақта ол кісі туралы жазғанбыз. Газеттегі мақаладан кейін оны туғандары іздеп келген көрінеді.

«Сіздердің арқаларыңызда тума-туыстармен көзбе-көз таныстым, көрістім. Сол үшін сіздерге көп рахмет айтамын. Дегенмен, әркімнің өз жолы, өз өмірі бар. Мен олармен бірге тұра алмадым…» – дейді ол.

«Кімде-кім ата-анасының ризалығын алған болса, Алла оның өмірін ұзартады» дейді Мұхаммед пайғамбардың бір хадисінде. Өте орынды айтылған. Шынымен де, осынау өмірге әкелген ата-анаңның бабын таппайынша, көңіліңнің байыз табуы екіталай-ау…

Лиза СЕЙТІМОВА

*СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Мереке ЖАҢБЫРБАЕВ,

Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық басшысы:

− Бұрын біз туған ата-анасын бақпай, үкімет үйіне қалдырып кететін өзге ұлт өкілдеріне таңғалушы едік. Қазір сол «жағдай» біздің ұлтты да шарпыды. Сәбилер үйіндегі кішкенелер секілді жастары сексен-тоқсандағы ата-әжелер есік-терезені аңдып отырады.

Сондағы ой лары: «Мені біреу алып кетпес пе екен?» Әрине, біздің елімізде ешкім де далада қалмайды. Біздің орталық болар, қарттар үйі болар – әйтеуір, бір реті табылар. Дегенмен, үй-күйсіз қаңғып жүрген осынау қариялардың бала-шағасы әлде де болса ойла нулары керек.

Қилымқас КҮЗЕМБАЕВА,

№4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы директоры:

− Көпшілік арасында «Қарттар үйі» аталып кеткен шаңырақты басқарып келе жатқаныма он екі жылға аяқ басты. Осы уақыт ішінде талай нәрсені көрдік, талай оқиғаға куә болдық. Қазір сол 95 кісінің 95 түрлі тағдыры бар. Ақыш ана да біздің бағымымызда. Олар бізге бойларынан әл-қуат тайғанда, балалыққа өткен кезде келеді.

Меніңше, үлкендердің осынау табиғи өзгерісін ұл-қыздары мен келіндері байқамайтын сияқты… Бәріміз де бала болдық. Тамағымызды төгіп-шашып, ауырып-сырқап, әке-шешеміздің талай берекетін алдық. Есіміз жоқ кезде бағып-қаққан, мәпелеп өсірген, осындай жағдайға жеткізген ата-анаға неге қамқорлық көрсетпеске?!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз