Тазалық өзімізден басталсын!

115 Жаңалықтар

Біз шаһардың тап-таза көшелерінде, демалыс орындарының алдында, балалар ойнайтын алаңда қақырып, жөткірініп, айналасына қайта-қайта түкіріп жүретін тұрғындарды жиі кездестіреміз.

115

«Жаман айтпай жақсы жоқ», түкірген адам жұқпалы аурумен ауыратын болса, сол жерде инфекция таралу қаупі болады. Екіншіден, айналаны ластайды. Қақырық пен түкірік жатқан лас жерге келесі адам келіп, сусынның бөтелкесін, тамағының қалдығын, ыдысын тастайтыны анық. Мәдениеттің ордасында тұратын қалалықтарға бұл жараспайтын  қылық екені анық.

Одан бөлек қоғамдық орындықтарға, кез келген жерге сағызын  жапсыра салатындар бар. Бұл– надандық. Сағыз келесі адамның киіміне, кішкентай баланың аяқ-киіміне, үсті-басына жабысып қалады. Ал, темекі шегетіндер тек бейнекамера бар жерде ғана мәдениетті болып көрінеді.

«Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» деген екен дана халқымыз. Адамшылық, мейірбандық қасиетті әркім қазір әрқалай түсінеді.

Осы орайда айта кетейін, жақында «Акtobe Zello» парақшасында инстаграм қолданушысының жерге түкіріп тұрып, темекі шеккен ақтөбелік полицейдің қылығын жариялаған видеосын шығарған еді. Бейнежазба бүкіл ел тұрғындарының ашуына тиді.

Расында, бұдан былай қоғамдық орындарды ластаған әрбір азамат әкімшілік жазаға тартылады делінген заң қайда? Ұсақ тәртіпсіздік болып есептелетін бұл құқық бұзушылықтар үшін заңда 3-тен 10 айлық есептік  көрсеткішке дейін айыппұл және 10 тәулікке дейін түрмеге қамау шарасы көзделген еді ғой. Әлде, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне заң қатысты емес пе? Тек Ақтөбеде емес, біздің облысымызда да мұндай келеңсіздіктер орын алуда. Ұсақ құқық бұзушылықты солар секілді әлеуметтік желі арқылы жариялап отырсақ, қатары азаяр  ма деп қаласың?!

Сондықтан, қолыңдағы қоқысыңды көшеге лақтырмай, сағызыңды жапсырып, айналаға  түкірмей жүру  сенің мәдениеттілігіңнен хабар береді.

Қазақстан – сіз бен біздің еліміз! Оның әрбір қаласының таза болуы да бізге сын. Мәдениетіміз мықты болса, тазалықты әкімшілік шара немесе айыппұл төлемей-ақ сақтауға шамамыз жетеді деп ойлаймын. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Нұргүл Ысмағұлова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз