Тауарларға техникалық талап күшейтілді

52825682 Жаңалықтар

Осыдан алты жыл бұрын «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнім қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламенті қабылданып, күшіне енген болатын. Ол тауардың шығу тегіне қарамастан, кеден одағына мүше мемлекет аумағында айналымға шығатын, бұрын қолданыста болмаған балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдерге қолданылады.

52825682

Сонымен, ол қандай өнімдер? Біріншіден, балаларды күтуге арналған құралдар, оған еміздік, ыдыс-аяқ, ас үй құралдары, санитарлы-гигиеналық  және былғары галантериялық бұйымдар, тіс щеткасы мен арнайы массажерлар жатады. Екіншіден, киім–кешек, аяқ киім, тоқыма, былғары мен жүннен жасалған, трикотажды және дайын тоқыма бұйымдары. Үшіншіден, балалар арбасы және велосипедтер. Төртіншісі, түрлі баспа өнімдері мен оқу құралдары.

Бірақ, медициналық мақсатта дайындалған, өңделген, балаларды тамақтандыруға арналған өнімдерге, парфюмерлі-косметикалық, спорттық тауарларға, электронды кітаптарға, ойыншықтарға, жеке тапсырыс бойынша дайындалған бұйымдар мен жиһаздарға регламент құзыры жүрмейді.

Техникалық регламент балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы мен өмірін қорғау, тұтынушыны жаңылыстыруға алып келетін әрекеттердің алдын  алуды мақсат етеді. Яғни, химиялық, биологиялық, механикалық және жылулық қауіпсіздігі бойынша өнім сапасына жоғары талап қойылады.

Сондай-ақ, регламентте белгіленген терминдер мен арнайы ұғымдар қолданылады. Мәселен, «балалар» ұғымына 14 жасқа дейінгі тұтынушылар кіреді. «Нәресте» – туғанына 28 күн толған балалар. «Жасөспірімдер» – 14 пен 18 жас аралығындағылар. «Механикалық қауіпсіздік» – өнім қолданушының өмірінің не денсаулығының қауіпсіздігіне қатысты ұғым. «Спорттық бұйымдар» – спорттық жаттығулар мен жарыстарға қажетті заттар.

Бақытгүл ЖҰМАЛИЕВА,

Техникалық реттеу және метрология комитетінің

Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз