Суыққа үсіп, өлермен күйге түскен құрманғазылық Бақтыгерей Кайбуллаевтың жаңа өмірі басталды (+ВИДЕО)

Screenshot 2019 01 15 17 51 02 БЕЙНЕЖАЗБА

https://www.youtube.com/watch?v=8g6fLu16vJQ

Ас-сусыз өлермен күйге түскен адамның бейнежазбасы жүктелген алғашқы тәулігінде ақ 45 мың рет қаралып, қоғамның талқысына түсті. Аты-жөні айтылмаған бейтаныс кісіге қаракөз қыздарымыз ас-су апарып тұр.

Адамгершілік айнасы

Жасы біразға келген жігіт ағасы қабырғалары сыз тартқан сұрықсыз үйде әбден үсіп бітуге қалған.
Құрманғазы қайырымдылық қоры еріктілерінің әлеуметтік желіге қаңтардың 11-і күні таратқан видеосының ұзын-ырғасы осындай. Мәселеге тікелей араласқан атыраулық ерікті топтың жетекшісі Болатбек Қоңырбаевқа хабарласу арқылы, видеодағы кейіпкердің Бақтыгерей Кайбуллаев екенін анықтадық. 1964 жылы дүниеге келген Бақтыгерей Кайбуллаев Құрманғазы ауданының тумасы болып шықты. Жасы біразға келгенімен, жігіт ағасы отбасын құрмағанға ұқсайды. Балалары жоқ. «Құрманғазы ауданында жас кәсіпкерлерден құралған қайырымдылық тобы бір жылдан астам уақыттан бері мұқтаж жандарға көмектесіп келеді. Жұмадағы шараның бірінде кейіпкеріміздің үйіне барған жігіттер осындай картинаны көреді. Қазіргі таңда Бақтыгерей Кайбуллаев Атырау қаласындағы әлеуметтік бейімдеу орталығына әкелінді. Аталмыш орталықта бір жыл күні-түні дәрігерлердің қарауында, жылы жерде, таза төсекте, мезгілімен ыстық тамағын ішіп, емін алатын болады. Бақтыгерей ағамыз суық үйде үсіп кету және аштықтың құрсауында қалу қаупінен құтқарылды» деді бізбен әңгімесінде атыраулық ерікті топтың жетекшісі Болатбек Қоңырбаев.
Қазіргі таңда Атырау қаласындағы әлеуметтік бейімдеу орталығын 38 адам мекендеуде. Қоғамдық резонанс тудырған бейнежазбаның кейіпкері аталмыш орталыққа 39-шы болып тіркелді. Тағы бір анықтағанымыз, Қарттар үйіне үлкендер 63 жастан бастап қабылданады екен. Ал, кейіпкеріміздің жасы бұған жете қоймаған. Десе де, құрманғазылық Бақтыгерей Кайбуллаевтың осыдан біраз бұрын инсульт ауруына шалдығып, бір аяқ, бір қолдың жұмыс істеу мүмкіндігінен айрылғанын ескерсек, мүгедектігіне байланысты Қарттар үйіне ілігіп қалуы да ғажап емес.
Бастысы, бұл оқиға қазақстандық қоғамның бірлігін көрсетті. Себебі, бірер уақытта 50 мыңға жуық қаралымға ие болған видео жүктелген сәттен бастап, құрманғазылық және атыраулық еріктілер тобының жетекшілері Ерлан Тарихов пен Болатбек Қоңырбаевқа екі жүзден астам азамат хабарласып, өздерінің көмектерін ұсынған. «Азаматтардың дені қаржылай көмек көрсетуді ұсынды. Оның ішінде, тағам апарып, киім-кешекпен қамтамасыз етуді, тіпті жеке компаниясына қызметкер ретінде тіркеп, ай сайын тұрақты жалақы төлеп отыруды, заманауи үлгідегі баспана салып беруді ұсынғандары да болды. Бұл өте керемет жағдай. Шынайы адамгершіліктің көрінісі» дейді атыраулық еріктілер тобының жетекшісі Болатбек Қоңырбаев.
Айта кетелік, құрманғазылық еріктілер қайырымдылық жұмысты өткен жылдың наурызында бастаған. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі күні туындаған идеяға жергілікті кәсіпкерлерді жұмылдырған Ерлан Тарихов бүгінде сауапты амалдар жаршысы болып отыр. Бүгінде әр жұма сайын құрманғазылық еріктілер мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратуды керемет үлгіге айналдырып келеді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

*Сіз не дейсіз?

            Ерлан ТАРИХОВ,

            Құрманғазы қайырымдылық қоры еріктілерінің жетекшісі:

Бақтыгерей ағамыздың ауыр жағдайы туралы 11 қаңтар күні білдік. Сол сәттен бастап ағамызға ыссы тамақ, киім-кешекпен көмек көрсетілді. Отын апарып, үй ішін жылытып, жарық орнаттық. Келесі күні де ағамыз қамқорлыққа алынды. Моншаға түсіріліп, шашы мен тырнағы алынды. Сол аралықта Бақтыгерей ағаның денсаулығын дәрігерлік тексерістен өткізуге және құжаттарын жинақтауға көмектескен «Нұр Отан» партиясы Құрманғазы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиевке,  мәселеге тікелей араласқан Болатбек Қоңырбаев және Атырау қаласындағы «Әлеуметтік бейімделу» орталығының басшысы Өміржан Жұманиязовқа, осы істің басы-қасында жүрген еріктілеріміз Жастілек Оңашев пен Арман Бекжановқа алғысымызды білдіреміз.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Кира

    Молодцы!!!