ТАТУЛЫҚ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТІРЕГІ

Аймақтық коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында журналистер үшін кезекті брифинг өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған шарада қозғалған әңгіме арқауы – Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында көрініс тапқан біртектілік, ын­тымақ, бірлік, татулық және тұрақтылық.

 

Елдi ынтымаққа шақырып, мемлекетiмiздегi жарасымды тiрлiктi паш еткен осынау мақаладағы төртінші тараудың «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» ұстанымын түбегейлі бекітіп бергенін айтады облыстық мәслихат депутаты, «Видергебурт» неміс этномәдени орталығының төрағасы Александр Думлер.

– Көңілге ұялаған, асқан мақтанышпен айтатын бір нәрсе – еліміздегі келісімнің және ұлттық саясаттың іргетасы – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Бұл ұйымның құрылғанына жиырма жылдан асты.

Елдегі тұрақтылық өздігінен қалыптасқан жоқ. Соны түсіну керек. Бір айта кетерлік жайт, бұған дейін де Ассамблея сессиясында жария етілген «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» ұстанымының Елбасының мақаласынан да көрініс тапқанына куә болып отырмыз. Бұл бұған дейінгі бағдарламаларда да айтылған мәселелердің ресми, түбегейлі бекітілуіндей болды. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген нақылы бар. Мұны 130-дан астам ұлттан тұратын елімізге қатысты айтсақ та артық емес, – деп атап өтті Александар Думлер. «Мына алмағайып заманда бақ болып басқа қонған құндылығымызды уысымыздан шығарып алатын болсақ, ол ешқашан оралмайды. Сондықтан да, ұлттық идея керек. Ұлттық идея – «Қазақстан-2050» стратегиясы, Мәңгі Ел болу идеясы», – деген халық қалаулысы «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған» Қазақ елінің дамудың даңғыл жолында келе жатқанын жеткізді.

– Мен Президенттің барлық Жолдауын, «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласын, «Мәңгілік ел» идеясының жеті тұжырымдамасын формула ретінде, қолданбалы және дүниетанымдық құжат ретінде топтастырар едім, – деп сөзін бастаған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының жауапты хатшысы Жанна Абузьярова өткен жылдың ақпан айында ашылған аталған орталықтың бүгінге дейінгі атқарған жұмыстарымен таныстырды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Суретті түсірген:

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз