«ТАБЫСҚА ЖЕТУ ТӨЛҚҰЖАТЫ»

Осындай атаумен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде жастардың табысқа жету жолдарында өмірлік дағдыларын үйретуге арналған семинар өтті.

 

Атырау облысы әкімдігі мен «Шеврон» компаниясының бірлесе ұйымдастырған шарасы Қазақстан бойынша алғаш рет біздің аймақта бастау алды. Облыс орталығындағы білім беру орындарынан оқытушылар қатысып, Халықаралық жастар қорынан шақырылған тренерлерден бірқатар дәріс алды.

Жиынға қатысушылар жағдайы төмен отбасында тәрбиеленетін, жетім немесе қиын балалармен жұмыс жасауды, жастарға сенімділік мақсатқа жету жолдары және жеке тұлға қасиеттерін үйретудің қыр-сырларын меңгерді. Америкадан келген шебер жаттықтырушы Кэт Бэкофтің айтуынша, Халықаралық жастар қоры әлемнің 134 елінде жұмыс жасайды.

Ал, «Табысқа жету төлқұжаты» атты оқу бағдарламасы бұған дейін  40 елде, жиырма тілде жүргізілді. Мұнда барлығы 120 мың адам дәріс оқыған. Негізінен сегіз секциядан тұратын оқу бағдарламасында 78 сабақ оқытылады. Соның ішінде атыраулықтар төрт күнге жоспарланған семинар барысында 40 сабақты меңгеріп шығады.

Семинар барысында Қырғызстан елінен келген тренерлер – Валерия Аслаповская мен Ботагөз Бағышбаева өз тәжірибелерімен бөлісіп, атыраулық оқытушылар мен мұғалімдерді тәлімгерлікке дайындады. Бұл оқу бағдарламасын меңгергендер алдағы уақытта білім беру ұйымдарында студенттер мен оқушыларды  мақсатқа жету жолдарына тәрбиелейтін болады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз