ТӘҢІР СЫЙЫНА ТӘУБЕ ДЕ!

«Елімнің бақытын тербеткен тәуелсіздік». Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Бөгде адамның күтіміне және көмегіне мұқтаж жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге үйде әлеуметтік қызмет көрсету» бөлімшесінде осындай тақырыппен мерекелік шара өтіп, ол Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталды.

Айтулы шараға арнайы қатысқан облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын, басқа да туындаған мәселелерін шешуге ықпалдылық танытып отыратын облыс әкімінің арнайы кеңесшісі Манап Абдрахимов баршаны Тәуелсіздік мерекесімен аймақ басшысы атынан шын жүректен құттықтап, мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек қызметін көрсетудегі жылыойлықтардың бұл бастамасын басқа да аудандарға үлгі етуге болатындығын атап көрсетті.

«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Үмбетқали Жақашев өз сөзінде бөлімше ашылғалы бері қамкөңіл жандардың жанына медеу болатын сан алуан шаралардың өтіп жатқанын, жақында балаларды қолөнерге баулитын еңбек бөлмесі ашылғанын, бұған ұйытқы болып отырған бөлім қызметі республика көлемінде алдыңғы қатарлы деңгейде бағаланып отырғанына баса мән берді.
Соңынан 85 жастағы кейуана Асыл Өтеулиева тәуелсіздігімізге тәубе айтып, баршаға ақ батасын берді.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз.
Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз