Тұңғыш рет шахматтан қала әкімінің Кубогы сарапқа салынды

ФОТО ШАХМАТ Жаңалықтар

Атырауда тұңғыш рет қала әкімі кубогінің жүлдесі сарапқа салынған турнирде өңір аудандарымен қатар, көршілес БҚО, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан ең үздік жүзге жуық шахматшы тарғыл тақтада бас қосты. Олардың қатарында халықаралық спорт шеберлері мен спорт шеберлігіне кандидаттар да, бірінші разрядты шахматшылар да бар.

ФОТО - ШАХМАТ

Екі күнге созылған шараны Атырау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Сабырбай Гайсин жетекшілік ететін Ғ.Айдаралиев атындағы шахмат федерациясы жоғары деңгейде ұйымдастырды. Небір комбинациялық партияларға толы кездесулердің нәтижесінде, VII турда бәрінен басым түскен халықаралық спорт шебері, жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері Жәнібек Амановқа тең келер қарсылас болмады. Ол бас бәйге – әкім кубогі мен қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды.

Ал, екінші орынды оралдық шахматшы, спорт шеберлігіне үміткер, ел біріншіліктерінің жүлдегері Данияр Жұбаев жеңіп алса, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің 3 курс студенті, облыс чемпионы Нұрбек Хайрошев үшінші тұғырдан көрінді. Сонымен қатар, арнайы аталымдар бойынша үздіктер анықталды.

Ардагерлер арасында спорт шеберлігіне кандидат Бөкенбай Ағаша, әйелдер арасында Жұлдыз Елеусін, Нұрәділ Жамбыл, Аят Абдуллаев, Жазира Боран, Зухра Сәрсенбі үздік деп танылды. Қалған ойыншылар да шаһар басшысы тағайындаған қаржылай сыйлықтармен, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің медаль, грамоталарымен марапатталды.

«Үлкен мерекеге айналған бұл жарыста шахматшылар бар ынта-жігерімен ойнады. Әсіресе, жас, мықты шахматшылар қатарының көбейгендігі қуантады. Шахмат турнирі жыл сайын өткізілсе, қаламызда аталмыш спорт түрін одан әрі дамытуға жол ашылады»,-дейді ыстық лебізімен бөліскен ардагер-шахматшы Б.Ағаша.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз