Тәуелсіздік тарту еткен ұлттық мектеп ширек ғасыр шәкірттер тәрбиелеп келеді

fgfg Білім

Жалынды жігері, өр намысы, отты қайраты, асқақ рухы бар қазақ азаматы «мен қазақстандықпын» деп жар салса, алып даусы жеті құрлықты айналып өтіп, бүкіл әлем еститіндей дәрежеге ие болғанымызға «тәубе» дейміз.  Бейбіт күнге, тәуелсіздікті аңсаған шуақты сәулеге қол жеткіздік.

fgfg

Бейбіт өміріміздің алтын кілтін «ақ киізге отырғызып, хан көтерген» Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа табыстаған сәтке де биыл жиырма бес жыл толғалы отыр. «Елу жылда ел жаңа» дейді дана халық. Ал, біз сол елу жылдың жартысына тең  25 жылда әйгілі елдермен қатар бой түзеп, сәулетімізді жаңғыртып, даңқымызды асырдық.

Халық жазушысы Ә.Нұршайықов: «Тәуелсіздер тойын қуанышпен тойлайды,  тәуелділер қалай азаттық алуды ойлайды,  тәуелсіздік тойын тойла, тойлай жүріп оны өркендетуді ойла», – дейді.

Ендеше өркениетті елдің  ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан адамгершілік ізгі қасиеттерін жас жеткіншек бойына сіңіріп, бәсекеге қабілетті құзыретті тұлға қалыптастыру – заман талабы.

Бұл орайда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігімен бірге уығын шаншып, керегесін керіп, шаңырағын биіктеткен дарынды балаларға арналған облыстық ұлттық гимназиясының да үлесі зор.

1990-91 оқу  жылында  республика көлемінде тұңғыш ашылған ұлттық гимназия ұжымы – бүгінде жиырма бесінші түлектерінің қанатын қомдап, қиясына ұшырған  ұлағатты орда,  дарынды,  қабілетті шәкірттердің білімі мен білігін саралап, бәсекеге қабілетті тұлғаны даярлап, жас ұрпақтың көш керуенін сара жолға бастап жүрген киелі шаңырақ, адами ізгі асыл қасиет пен ізгілікті бойына жиған, ұлағатымен танылған  білім ордасы.

Ұлттың мектепсіз болмайтынын, мектеп өз ұлтының мәдениетіне сүйенбей, ұлтжанды адамды тәрбиелей алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеп берді.  Ұлы Абайдың: «Адам адамнан тек білімі мен ақыл-ойы арқылы ғана озады», деген қағидасын өмірлік мақсатына айналдырған гимназия шәкірттері қай кезеңде де алғашқылардың қатарынан көрініп, жүлделі жеңістердің жеңімпазы атанып жүрсе, бұл да – ұстаз еңбегінің жанғаны, мәртебесінің дараланғаны.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ.Б. Сейталиев: «Ұлт мектептерінің бірегейіне айналып, дарындылардың ошағы саналған ұлттық гимназияда ізденімпаз, іскер, жаңашыл ұстаздар қиядағыны көзге алатын қырағы, сәл сыбырды ұғатын сезімтал, көзі ашық, көкірегі ояу қаншама шәкірттерді  тәрбиелеп жатыр», -деп дәл баға берген.

Бұл кезеңнен 25 жыл кейін шегінсек, игі істердің басы-қасында қиындығы мен қызығы мол кезеңдердің, тәй-тәй басқан ұлттық мектептің тұсаукесерінің куәсі болған ұстаздар Д.Жалмұқанова, М.Оңалбаева, С.Бабакиева, Л.Үсенов,  Е. Хамза, Б.Құспанов, Ә.Көшенова,  Б.Өтешқалиева, Қ.Хасанова, Б.Гұбашева, С.Ерекенова, М.Аманқосова,  Ж.Шамбаева, К.Исағалиева, Г.Оралова, т.б. облыстың түкпір-түкпірінен келген дарынды балаларды  оқытуда уақытпен санаспады. Гимназия алғаш ашылған кезде өткен түрлі республикалық семинарлар, жарыстар, пәндік олимпиадалар дарынды оқушылардың білімі мен білігін даралай алды. Нәтижесінде республикалық жоғары оқу орындары мамандары гимназияға келіп, іріктеу  емтихандары арқылы өз студенттерін  мектеп қабырғасынан таңдап алды. Бұл да сол кезеңдердегі оқыту мен тәрбиелеудің зор жетістігіндегі жаңалық болып, ұлттық гимназияның мерейінің өсуіне септігін тигізді. Сол сәттерде бізге демеу болып, шәкірттерді ғылым әлеміне талпындырып, гимназия ұстаздарына айналған Қ. Сейталиев, С.Өтепқалиев, А.Шамғонов, Ғ.Имашев, А.Абиров  секілді ұлағатты ұстаздардың еңбектері ұшан-теңіз десек, артық айтпағанымыз.

Талай шәкірттің өмір жолына бастау болған, бүгінде білімі мен білігі дараланған ұстаздар А.Дариева, А.Қарасаева, А.Арбағұлова, Н. Иманбаева, Ж.Мұхитова, С.Рамазанов, Е.Мұқанов, А.Әлімбаева, О.Ташмұқанова, Г.Есқалиева   тәрізді жандардың гимназия тарихында өзіндік орны бар.

Оқу мен тәрбие – егіз, оларды бір – бірінен бөліп қарауға болмайды. Ұлы данамыз  Әл-Фараби  «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген. Расында да, адамзат тағдыры дұрыс берілген тәрбиеге де байланысты екенін өмірдің өзі дәлелдеуде. Шәкірттердің екінші үйіне айналған жатақхана  өмірінің өзі – бір әлем. Әр баланы жас өскін ретінде баптап, тәрбиелеуге үлес қосқан Р.Губашева, Н.Исамберлиева, Т. Таженова, Қ. Қостаева еңбектері де ерекше мақтауға лайық.

Гимназияда білім алып, кейін ұстаздық еңбегін өзі ұшқан ұяда бастап, бүгінде  тәжірибелі маман атанған Г. Мұқашева,  Э. Қуандықова,  Ш. Имашева,  Ә. Есенғалиев, К. Төлегенова,  Г. Ермағамбетова,  Э. Бекмамбетова,  Б. Амангелдиева,  Ж. Малиева, С. Жолдаева, Т. Күйкентай, С. Үмбеталиева, Н. Мұхаден  талай облыстық, республикалық сайыстардың жеңімпазы танылып жүр. «Ұстаздан шәкірт озады» демекші, біздің гимназия түлектері Имашова Шынар, Атшыбаева Жанар,   Кенжеғарина Арайлым, Салыхова  Айымгүл, т.б.– бүгінде өздері іргелі білім ордаларын басқарып жүрген мектеп директорлары.

«Мақсат айқын болса, болашақ жарқын болары сөзсіз» дейді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.  Гимназия табалдырығынан түлеп  ұшып, бүгінде еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген шәкірттеріміздің мерейі – біздер үшін зор қуаныш. Өз шәкірттеріміздің ішінен шыққан екі педагогика  ғылымдарының  докторы,  он бес ғылым кандидаты атанған түлектеріміздің әр табысы – біздің жетістігіміздің үлгісі.

Гимназия түлектері, бүгінде облыстық білім басқармасының басшысы Сайлауова Нұрсәуленің, облыстық әдістемелік кабинет директоры Кабекенов Ғабиттің, Атырау қаласы сотының судьялары Даумов Дәуренбектің, Отарұлы Ғизаттың, облыстық «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ директоры Әбуов Мақсоттың, ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы орынбасары Ермекқали Әлібектің, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы Нұрманов Саадаттың  жеткен жетістіктері   мерейімізді көтерері сөзсіз.Біздің шәкірттеріміз бүгінде ғылымның әр саласында ел экономикасы гүлденуіне үлес қосып, түрлі министрліктерде, әкімшілік басқару органдарында өз ісінің шебері атанып отырғандарына аз да болса үлес қосқанымызды мақтанышпен айта аламыз.

Тереңде жатқан жаһұтты алу үшін, адам еріксіз тер төгеді. Алайда, ол – тек бір мезеттік қуаныш. Ал, білімді теріп-жинау мәңгілік азыққа бастау болары сөзсіз.

Бүгінгі заман мұғалімі – ақпарат көздерімен жан-жақты қаруланған, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде еш мүмкіндікті құр жібермейтін, зор жауапкершілігін мойнына жүктеген жауапты маман. Себебі, ұстаздар қауымына жүктелер міндет, қойылар талап та жоғары. Ұстаздық мамандықтың қызығы мен қиындығы мол сара жолында саналы ұрпаққа адамдық дәнін сеуіп, болашаққа бағдар беру үшін де талмай іздену жаңалықтың жаршысы бола білу керек. Ізгілік, байсалдылық, сабырлық, ой көзімен көре білер даналығы топтасқан адам ғана өз ісінің кәсіби маманы бола біледі.

Қазақстан  Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыруымен өткен республикалық  конкурстың нәтижесінде «Үздік педагог – 2012» Б.Тәжіғалиева,  «Үздік педагог – 2013»   Н.Даумов,  «Үздік педагог  – 2014»  атағына Н.Аққайнанова  ие болып, облыс мұғалімдері мәртебесін арттыра білді.  «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, «Үздік педагог – 2016» атағына ие болған  С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің оқытушысы Нұрлы Нұржан – біздің ұлттық гимназияның түлегі.  Демек, оның жеткен жетістігіне біздер де, яғни, ұстаздар қауымы бек қуаныштымыз.

Гимназия ұстаздарының қомақты табыстары өзі – олардың нағыз талантты, дарынды, көшбасшы ұстаздар екеніне дәлел.  Атап айтқанда, «Әуезовтанушы мұғалім» байқауының жеңімпазы Г.Мұқашева, «Жүзден жүйрік» байқауының жеңімпазы А. Сапиева,  «Алтын диск» байқауының жеңімпазы Г. Бисенғалиева  «Инновациялық педагогикалық идеялар жобалары» фестивалінің жеңімпаздары  Б.Тәжіғалиева мен Э. Қуандықова, «Үздік авторлық бағдарлама» конкурсы жеңімпаздары Н.Аққайнанова, Э. Қуандықова және А.Зұлқашева,  Қостанай қаласында өткен  «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасының жеңімпазы Г.Байдешова оқу орнының намысын лайықты қорғай білді. Атап айтарлығы – жоғарыдағы жарыстардың бәрі республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Демек, гимназия еліміз бойынша топ жарып, облыс атын алысқа жайды. Сонымен қатар,   қашықтық олимпиада жүлдегерлері Г.Уралова,  П.Иманалиева, К.Исағалиева, Г.Нұрғожина, А.Жұмабаева,  Г.Жұқабаева, Г.Ибрагимова,  Э.Бекмамбетова,  Н.Аққайнанова, Г.Бисенгалиева, А.Сапиева, Э. Қуандықова, К.Бажирова, А.Зұлқашева, С.Үмбеталиева және Г.Байдешева, «Ғылыми пәндер мұғалімдері арасында өткен» интеллектуальды  олимпиадада  жеңімпаздары  С.Умбеталиева,  Н.Мұхаден, Г.Байдешева , С. Жолдаева,  «Үздік эсселер» байқауының жеңімпазы  А.Сапиева, «Әдістемелік қоржын» байқауы жеңімпаздары Э.Қуандықова, Н.Аққайнанова тәрізді ұстаздар облыстық сайыстарда топ жарып, аймақта үздік екендерін дәлелдеді. Олардың бәрі де – тура мағынасында өз істерінің нағыз кәсіби мамандары .

Мұғалім мерейі – шәкірт жетістігі. Ұлттық гимназия оқушылары өткен оқу жылын зор табыспен аяқтады.  Соның нәтижесінде 46 шәкірт облыстық олимпиада, 18 оқушы облыстық ғылыми жобалар сайысының жеңімпазы болып танылса, үш баламыз республикалық  ғылыми жобалар сайысынан жүлделі орын алып, білім гранты сертификатын иеленді.  Бір оқушы халықаралық Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ- түрік университетінің  білім грантын алды.  Тағы екі оқушы Атырау мұнай – газ институты, бір баламыз Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық  университеті ұйымдастырған олимиадада жеңімпаз, бір шәкірт  республикалық Қ. Бітібаева атындағы  қазақ тілі мен әдебиеті пәні олимиадасында «Үздік тілші» атанды. Сонымен қатар, үш оқушы республикалық шығармалар байқауының жеңімпазы деп танылды. Жеті  шәкірт  халықаралық ғылыми жобалар жарысынан жүлдемен   оралып,  ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылды.  Оның үстіне, жеті оқушы «Алтын белгі» , бір шәкірт «Үздік аттестат» иегері атанды.

Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде облыс  көлемінде ең жоғары көрсеткішке ие болғанымыз үшін «Үздік директор-2016» атағымен марапатталып, атаулы сыйлыққа ие болдық.  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Робототехника лабораториясын» тарту етті.

«Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолғыншысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушысы – халық болсын», – депті  Саққұлақ би.  Расында да,  талай мәрте  облыстық және республикалық, сонымен қатар, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарының, сындарлы сайыстардың және педагогикалық оқулардың жеңімпаздары танылып жүрген шәкірттердің сыншысы да, бағалаушысы да – халық.

«Ұстаз – ұлы мамандықтың тарланы, жас дарынның жолын ашу арманы» деген ұстаным гимназия мұғалімдеріне тән ерекше қасиет десек қателеспейміз. Бұл орайда оқушыларына тек сәттілікке жетуді үйретіп, «ерінбей еңбек етсең – ерінің асқа тиеді, ерініп ілбіп кетсең – иегің тасқа тиеді» деген даналықты өмірлік серік ете білген ұстаздарға қандай мақтау айтсақ та лайықты.

«Егер сіз бір жылдық жоспар жасасаңыз – дән себіңіз, он жылға жоспарласаңыз – тал егіңіз,  ал бүкіл ғұмырыңызға жоспар құрсаңыз –  бала тәрбиелеңіз» деген қағиданы ұстанған гимназия ұжымы әлі де талай жетістіктердің ұйытқысы болып, тілі бай, дәстүрі озық, иманы мықты, тарихы терең, құшағы кең тәуелсіз елдің болашағына әлі де талмай үлес қосарына сенімдімін.

 

Нұрлыбек ДАУМОВ,

Дарынды балаларға арналған облыстық ұлттық 

гимназия директоры, Қазақстан Республикасы Педагогика

   ғылымдары академиясының академигі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз