ТҰРҒЫНДАР ШАҒЫМЫНА – СЕРГЕК КӨЗҚАРАС

Кеше облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Аймақ басшысының қабылдауына алғаш болып кірген Мина Хадисова екі баласының бірдей сал ауруына шалдыққанын алға тартып, Ресей елінің Самара қаласында емдетуге қаржылай көмек сұрады. Бүгінге дейін дәрігер-неврологтың диспансерлік есебінде тіркеуде тұрған балалар амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Былтыр Астана қаласында балаларды оңалту орталығында ем алған. Тұрғынның мәселесімен танысқан облыс әкімі көмекті Қазақстанда алуға болатынын жеткізді. Келер жылы «Балбұлақ» республикалық балаларды оңалту  орталығына жіберуге тапсырма берді. Сондай-ақ, жылына екі рет белгіленген емдік курстарын алып, Алмалы селосынан облыс орталығына қатынау үшін мүгедектерге арналған такси қызметін сұраған анаға қолдау көрсетілетіні айтылды. Мәселені назарға алып, аяқсыз қалдырмауды Атырау қаласының әкіміне тапсырды.

Ал, ұлының мойын омыртқасының ауыр түрі жарақатын емдетуге көмек сұраған Атырау қаласының тұрғыны Сахра Биғалиеваға демеуші компаниялар арқылы қаржылай көмек сұрап, келер жылдың бірінші жартыжылдығында мәселені шешуге қолдау болатынын айтып, қуантты.

Бұдан басқа қабылдауға келгендердің басым бөлігі тұрғын үй мәселесін алға тартты. Ақмарал Жонысова осыдан төрт жыл бұрын тұрғын үйге мұқтаж жетімдер және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тізіміне тіркелген. Бүгінгі кезек саны – 142. Ақмарал келер жылдың сәуір айында бір бөлмелі пәтермен қамтылатын болды.

Ал, Құлсары қаласының тұрғыны Елубай Нәсіпқалиев 1993 жылы туылған І топтағы мүгедек баласының екі бөтекесі жасамай, оның орнына қойылған қан айналдыру аппаратын тазалау үшін аптасына үш рет облыс орталығына қатынайды. Жол жүру мүмкіндігі қиын екенін жеткізген ол Атырау қаласынан пәтер сұрайды. Мұны ескерген аймақ басшысы жаңа жылға дейін мәселені шешіп, уақытша пәтер берілетінін айтты.

Сондай-ақ, аймақ басшысы келер жылы мүмкіндігі шектеулі мұндай азаматтарға медициналық көмек көрсету үшін Құлсары қаласынан арнайы орталық ашылатынын жеткізді.

Осындай медициналық көмек түрін қажет ететін Әсел Байғазиева Атырау қаласында бұған дейін уақытша жатақханамен қамтылған. Ал, ол мекен еткен Баймұханов көшесіндегі №39 үй апатты жағдайдағы үйлер қатарында болғандықтан, жуырда құлату жұмыстары жүргізіледі. Әсел халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын отбасылар тізімінде 2401-ші болып кезекте тұрғанымен, ол жуырда баспаналы болмасы анық. Сондықтан, облыс әкімі мәселені шешуге тапсырма беріп, жағдайына қарай екінші қабаттан пәтер беру керектігін айтты.

Қабылдауға келгендердің мәселелерін мұқият тыңдап, арыздарына құлақ асқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов көтерілген қай мәселенің де жауапсыз қалмайтындығын айтып, құзырлы құрылымдардың араласуымен тиісті заңдылықтар шеңберінде ғана шешімін табатындығын қаперге берді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз