Тұмау күшіне еніп тұр

денсаулық Жаңалықтар

Одан сақтану үшін не істейміз?

Жыл сайын қыс мезгілінде жіті респираторлық жұқпалардың (ЖРВИ), оның ішінде тұмау аурушаңдығының маусымдық көтерілуі байқалады.

денсаулық

Атырау облысында ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанудың көтерілуі алдыңғы эпидемиялық маусымдарды талдау бойынша қаңтардың соңына және ақпан айының басына келеді. Мамыр айында ғана сырқаттану азаяды.

Жедел эпидемияға қарсы шараларды қабылдау  мақсатында жыл сайын 1 желтоқсаннан бастап облыс халқының жіті респираторлық вирустық инфекциялармен және тұмаумен  сырқаттану  жағдайына күн сайын мониторинг жүргізіледі.

Биылғы Атыраудағы эпидемиологиялық жағдай жайында біз сала мамандарының пікірін білген едік.

 

Ерболат УАЙСОВ,

облыстық тұтынушылардың құқықтарын

 қорғау департаменті басшысының орынбасары:

«эпидемиологиялық жағдай тұрақты»

– 2016 жылғы 1 қазаннан бастап 11 қаңтар аралығында ЖРВИ-ның 1699 жағдайы тіркелді. 100 мың адамға шаққандағы ауру көрсеткіші – 286,4, өткен эпидмаусымның осы мерзімінде (2015-2016 жылдары) ЖРВИ жұқтырған 863 жағдай тіркелген. Бақылау деңгейлерінен арту анықталған жоқ. Тұмау вирусының айналымы белгілі болды. Тұмаудың зертханалық расталған 17 жағдайы тіркелді (тұмаудың «В» типі). Оның ішінде жүкті әйелдер арасында – 13, 14 жасқа дейінгі балалар арасында үш жағдай анықталды. Былтырғы жылдың эпидемиологиялық маусымында тұмаудың 45 түрі тіркелген. Өткен жылдардағыдай облыс аумағында парагрипп, респираторлық-синцитиалды инфекция, риновирустық және аденовирустық инфекция секілді тұмауға жатпайтын инфекциялар айналымда жүр. Тұмау ауруынан өлім жағдайлары тіркелген жоқ.

Тұмау вирусының қауіптілігі организмдегі созылмалы жүрек, өкпе, жүйке, жүрек-тамыр жүйесіндегі ауруларды асқындыру болып табылады. Вирус аурудың ағзасында ауру басталғаннан кейін 3-5 күн сақталады.

Биылғы 2016-2017 жылдары эпидемиялогиялық кезеңге аймақ бойынша тұмауға қарсы 65613 адам егілді. Бұл – халықтың жалпы санының 11,1 пайызы. Оның ішінде жергілікті бюджет қаражатынан (кейбір әлеуметтік топқа) 30416 адамға тегін екпе салынды. Жұмыс берушілер есебінен 25469 адам вакцина алса, ақылы түрде 9728 адам екпені қабылдаған.

 

Гүлнафис ТАҢБАЕВА,

«Атырау қалалық медициналық жедел жәрдем стансасының» бас дәрігері:  

«Бір сағатта отыз   шақырту келді»

– Жіті респираторлық жұқпалар бойынша шақырту жылдың соңы мен жылдың басы қаңтар айларында көп болды. Қазір жағдай тұрақты. Өткен жылмен салыстырмалы түрде айтсам, 2015 жылдың жетоқсан айында қала бойынша жедел жәрдемге 12900 шақырту келсе, 2016 жылдың желтоқсанында 19649 шақырту келіп түсті. Өткен жылмен салыстырғанда, ЖРВИ аурушаңдығы желтоқсан айында өскен. Соның ішінде балалар мен жасөспірімдерге күніне 40-тан  260-қа дейінгі шақырту болды. Жасқа дейінгі сәбилерге 35-70 шақырту келіп түсті. Жүкті әйелдердің арасында да ауру жиі ұшырасты. Осының бәріне 25 топ қызмет көрсеттік.

Қазір еліміз бойынша ана мен бала саулығына бірінші кезекте көңіл бөлінуде.  Осыған орай, қалалық емханалардың мобильдік топтарының қызметі де – біздің жұмысымызды бірталай жеңілдетті деп айтуға болады. Олар жұмыс күндері мен мерекелік күндерде қосымша қызмет етіп, созылмалы ауруы бар науқастарға көмекке барды. Дегенмен, кейбір тұрғындар әлі күнге жедел жәрдемнің уақытылы жетпейтінін айтып жатады. Негізінен жедел жәрдем жұмысының қызған тұсы түстен кейінгі сағат 16.00-ден – түнгі 2.00-ге дейінгі аралық дер едім. Бұл уақытта көше бойында көлік кептелісі орын алады.  Бір сағатта 30 шақырту келіп түскен кездер де болады. Мұндай жағдай желтоқсан айында жиі кездесті. Осындай уақыттарда кешігуі мүмкін.  Сондай-ақ, жедел жәрдем келгенше, науқастың дене температурасын таблетка дәрілер беріп уақытша баса тұруымыз керек. Бірақ, бізде ондай түсінік жоқ, келген бойда екпе егеді деп күтіп отырады. Бірден екпе болмайтынын ескертеміз. Сондай-ақ, ауырмаудың тағы бір жолы – жеке гигиенаны таза ұстау, үйде біреу ауырса, оқшаулану. Науқас бетперде тағып жүруі керек.

Жақпамайлар

Тұмаудан иммундық түзетуші препараттар (анаферон, интерферон, виферон, интерферон индукторы) мен вирусқа қарсы жақпамайлар (оксалин, антивир және басқалары), поливитаминдер арқылы қорғануға болады.

Маман кеңесі

Мұрынды шаятын спрей тыныс жолдары арқылы енген микробтардың көзін жояды. Әдетте микробтарға ағзада тұрақтану үшін төрт сағат қажет. Осы уақытта оларды «ұстап» үлгерсеңіз, аурудан сақтандым дей беріңіз. Мұндай спрейді адам көп шоғырланған жерде болған кезде қолданған жөн.

Микробтар көбінесе сабын не сабын салатын сауыттан жұғады екен. Әркім даладан келіп, қолын жуғанда, еріксіз өз микробтарын сонда қалдырады. Сол үшін сұйық  сабынды  сығындысын  пайдаланған жөн.

Антибактериалды сулықтар

Кеңседе, тіпті, бір бөлмеде ондаған адам отырып, бір ыдыс, бір принтер, бір әжетхананы қолданады. Сондықтан, антибактериалды сулықтарды пайдалануға тырысыңыз. Олар көптеген аурудан аман сақтап қала алады.

Нұргүл Ысмағұлова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз