Тәлімі мол тұлға

jj Жаңалықтар

Қазіргі егемен ел тарихының парақтарында өткенімізді сараптап, өркениетті мемлекеттер қатарына ену жолында тынбай тер төккен ел ағаларына, мемлекет тізгінін ұстаған тұлғаларға қастерлеп, «қоғам, мемлекет қайраткерлері» деген абыройлы атақтар беру ісі қалыптасқан. Ал, бар саналы өмірлерін өскелең ұрпақты тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымы өкілдерін осынау атақты адамдар арасынан іздеу қиынның қиыны екені де рас. Ұстаздар қауымына қастерлі атақ пен даңқты өз шәкірттері, олардың арасынан жүзден жүйрік шыққан таланттылары ғана сыйлайды. Себебі, ұстаз шәкіртімен бақытты. Атырау топырағында шәкірттері арқылы, бақытқа бөленген ұстаздар баршылық. Олардың арасында тарихшы мұғалімдерді, ғалымдарды тәрбиелеген, бүгінде мерейлі 70 жасқа толып отырған Жеңісбек Жұпболұлы Мұстафин есімі ерекше құрметке ие.

jjjj

Өмір белестері

Мұстафин Жеңісбек Жұпболұлы 1948 жылдың 12 мамырында Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласында туған. Махамбет ауданының Фурманов атындағы орта мектебін 1966 жылы аяқтап, Қазақтың С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университетіндегі тарих факультетінің қазақ бөліміне қабылданып, 1972 жылы бітіріп шыққан.

Содан бері Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Қазақстан және дүниежүзі тарихы  кафедрасында оқытушы, аға оқытушы және факультет деканы болып жұмыс істеді.

Оқу үрдісінде «Дүниежүзінің тарихнамасы», «Дүниежүзі тарихын оқыту әдістемесі»,  «Азия мен Африка елдерінің орта ғасыр тарихы» және «Азия мен Африканың жаңа және қазіргі заман тарихы» пәндерін абыроймен және жоғары талаптарға сай оқытып келеді.

Жеңісбек Жұпболұлы 1968 жылдан елімізге белгілі шығыстанушы Вениамин Петрович Юдиннің жетекшілігімен ортағасырлық Сарайшықты зерттеумен келеді. 2004 жылы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы диссертациялық кеңесте Хисмет Табылдиев жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын қорғады.

Ғылыми-ұстаздық еңбегі нәтижесінде 1998 жылы «ҚР білім беру ісінің үздігі» белгісімен және 2013 жылы «Жоғарғы оқу орнының құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегер атанды. Тарихшы ғалым «Кіші жүздің мәмілегерлік тарихы» атты монографиясын жазу үстінде.

jj

Ортағасырлық Сарайшықтың тарихи сырлары

Көп жылғы зерттеу қорытындысы ретінде Жеңісбек Мұстафин  «Ортағасырлық Сарайшық» атты монографиясын жариялады. Қазақ  хандығының 550 жылдығына арналып «Ағатай» баспасынан шыққан  еңбекке  ҚР  ҰҒА  корреспондент мүшесі, тарих  ғылымдарының  докторы  Берекет  Кәрібаев  пен  тарих  ғылымдарының  докторы, профессор  Жәмиға  Таңатарова пікір жазып, ғылыми редакциясын  академик  Хисмет  Табылдиев басқарған. Арнайы  үш  тарауға  бөлінген  монографияда  көне  Сарайшық  дамуының  негізгі  кезеңдері  тарихи  деректер  арқылы  жатық  тілмен баяндалған. Ортағасырлық саяхатшылар мен тарихшылардың  деректері  өте  мазмұнды  хронологиялық  біркелкілікпен  берілген.

Сарайшық жайындағы алғашқы жазба деректерді қалдырған араб саяхатшысы Ибн Батута болыпты. Шаһар жөнінде ол: «Біз ат жеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарайжук қаласына жеттік. Бұл Ұлысу деп аталатын үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жаға­сын­дағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдадтан кейін­гі ек­­інші жүзбелі көпір осында екен» деп 1334 жылғы жазбасында келтір­­­ген дейді. Ал Сарайшықтың кар­таға түсірілуі ағылшын көпесі Энтони Джен­­­кинсонның 1558-1560 жылдары Орта Азияға жасаған сапары барысында жүзеге асырылған. «Бетімізді оңтүс­тік-шығысқа беріп жүріп отырып, Жа­йық деген Каспий теңізіне құятын бастауын Сібірден алатын үлкен өзеннің жаға­сымен жүрдік. Осы өзеннің бойымен жоғарыға бір күн жүргенде орыс патшасымен достас Исмаил мырзаның билігіндегі Сарай­шық атты қалаға келдік» деп жазып, картаға түсіреді.

Ж.Мұстафин еңбегінде Сарайшықтың өмір сүру дәуірін үш кезеңге бөледі:

  1. X-XI ғасырларда қа­ла іргесінің қаланып бой көтеруі.
  2. XIII-XIV ғасырларда Алтын Орда өмір сүрген кезеңдегі гүлдену кезеңі.
  3. Қазақ хандығы дәуірі  мен  кейін  1580 жылы жазда Ноғай Ордасы­ның астанасы Сарайшыққа казак-орыстар тұтқиылдан шабуыл жасайды. Сарайшықтың  қала  ретінде  тарих  парағынан  алынып  тасталуы  осы  кезден  басталады.

Сарайшықты Жайық казак-орыс  әскерінің осы тонауынан соң, қала қайта бұрынғы дәрежесіне көтеріле алмайды.

ХVІІ ғасырдың аяғында батыс өңір­де қатты су тасқыны болып, Жа­йық­тың арнасы бұзылуына байланыс­ты қаланың 6/5 бөлігі судың астында қалған. Сарайшықты 1937 жылы ал­ғаш қазған Н.Арзютов,  1950 жылы мұнда Ә.Марғұ­лан экспедициясымен келеді. Тәуелсіздік жылдары Зейнолла  Самашев, Марат Қасенов та қазба жұмыстарын жү­р­гізіп, зерттеу  қорытындыларын  кітапша  ретінде  шығарды. Арзютов қазба жұмыстарын жүр­гізгенде қаланың 100 бен 80 метрдей бөлігінің су астында қалға­нын жазады. Ж.Мұстафин еңбегінің қорытынды  бөлімінде  Сарайшықтың  қазіргі  келбеті  мен  оны  тарихи-мәдени  қорғау  ісіне  тоқталады.

Жалпы  монография  ғылыми  ортаға  және  өлке  тарихына  қызығатын  көпшілік  қауымға  арналған. Елбасы, ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында гуманитарлық ғылымдар саласына зор міндет жүктеп, өлкеміздің киелі орындарын тарихи таразылауды, олардың рухани қазына ретіндегі мән-мағынасын зерделеуді тапсырған болатын. Міне, жетпістің сеңгіріне қадам басқан ғалым ағамыздың Сарайшықты тарихи парақтауға қосқан үлесінің өзін қазіргі уақыт айшықтап отыр. Көне Сарайшықтың тарихы  жаңа  қырынан  зерделенетініне  және  болашақ  ұрпаққа  ұлтжандылық  тәрбие  беруде  ерекше  мәнге  ие  болатынына  сенім  мол.

 

Лесқали  Бердіғожин 

тарих  ғылымдарының  докторы,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз