Сырнайдың сырлы саздары

ANU 5394 Жаңалықтар

Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда баян-аккордеон аспаптарында орындаушылардың «Еуразия кубогі» І халықаралық сайысы өз мәресіне жетті.

ANU_5394

Әдемі әуезбен сусындатып, атақты композиторлардың шығармаларын атыраулықтарға  ұсынып отырған аталмыш бәйгеге өнерпаздар әлемнің әр түкпірінен жиналды. Білікті баян-аккордеоншылардың басын қосқан осынау өнер мерекесі атыраулықтардың мәдени әлеуетіне үлес қосқан айтулы шараның біріне айналды. Бұл байқауды бағалауға Ресей Халық әртісі Александр Скляров арнайы келді.

ANU_5448

– Мұндай байқаулар өнерпаздар арасындағы байланысты күшейтіп, олардың өзара тәжірибе алмасуына зор ықпал етеді,– деді шараны ұйымдастырушы филармония директоры Ғаділ Дүйсенғалиев.

ANU_5462

Байқау нәтижесінде баян-аккордеон аспаптарында орындаушылардың ансамбльдер арасындағы бірінші орынды Астана қаласынан келген «Аллегро» ансамблі жеңіп алса, ал, жоғары оқу орындары арасында  «Астана» ансамблі ең үздік өнер ұжымы деп танылды.

ANU_5305

Орта арнайы оқу орындарының студенттері мен мамандандырылған мектептердің жоғары сынып оқушылары арасындағы сында  Павлодар қаласынан келген Руслан Нұрланов жеңіске жетті. Ал,  жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы  бас жүлдеге Баубек Өмірғали (суретте) лайық деп танылды. Баубек – біздің жерлесіміз. Ол – «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің түлегі, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының ІІ курс студенті. Баубек – байқау тарихында  қазылар алқасының барлық мүшелерінің ең жоғары бағасына ие болған алғашқы қатысушы. Баубек жастығына қарамастан, талантымен көрермендерінің жүрегін жаулап үлгерді. Халықаралық байқаудың қазылар алқасы атыраулық өнерпаздың шеберлігіне ерекше тәнті болды. Олардың  айтуынша,  жас дарын таңдалған шығарманың мән-мағынасын терең түсініп, эмоциональды орындауымен таң қалдырды.

ANU_5302

Шараның соңы үлкен гала-концертке ұласты. Бұл сайыс көрермендерге зор рухани көңіл-күй сыйлады.

Кеш қонақтары не дейді?

Александр СКЛЯРОВ,

қазылар алқасының төрағасы, Ресей Халық әртісі, халықаралық конкурстардың лауреаты, Воронеж өнер академиясының профессоры:

– «Жүз рет естігеннен бір рет көр» дейді халқымыз. Мен жалпы барлық қатысушылардың өнеріне, еңбекқорлығына тәнті болдым. Өйткені, өнерде жетістікке жету үшін бойдағы дарын аздық етеді. Қатысушылардың шеберліктеріне қарап бұл өте үлкен жұмыс, ұстаздардың еңбегі дер едім.  Осындай таланттыларды тауып, жұлдызын жандыру үшін көптеген факторлардың әсері болуы керек. Менің ойымша бұл – еңбектің арқасы.

Бақытбек АМАНБАЕВ,

көрермен:

– Мен бүгін Баубектің аса талапты, әрі талантты екенін байқадым. Оның өзгелерден даралығы – шығарманы жүректен өткізе орындауынан көрініп  тұрды. Қазірден-ақ, оны  кәсіби  өнерпаз десе  болғандай.

Әсел ОМАРОВА,

байқаудың бірінші орын иегері:

– Халықаралық байқау қиын, әрі қызықты өтті. Дайындығымыздың арқасында ақтық сында бақ сынадым. Дипломант атанып және бірінші орынға ие болдым. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш.  Ақтық сында өнер көрсетудің өзі маған қанат бітірді. Сондықтан, бұл халықаралық баян-аккордеоншылар байқауы өнерлі жастарға шабыт сыйлайды. Сонымен қоса, мерейін үстем етеді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз