Суретші Камила Жапалова АҚШ жұртшылығына қазақ өнерін кеңінен танытты

full Жаңалықтар

Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Көркемөнер Академиясының мүше-корреспонденті, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Камила Жапалова жақында Америка Құрама Штаттарында өткен халықаралық суретшілер көрмесінен оралған еді. Суретші газет тілшісімен Нью-Йоркта өткен өнер мерекесінен алған әсерлерімен бөлісті.

full

– Камила Әбенқызы, мұхит асып, халықаралық суретшілер көрмесіне қатысып келдіңіз. Оған бару үшін кімдер демеушілік көрсетті?

– Американың Нью-Йорк қаласында өткен халықаралық суретшілер көрмесіне шақырту алғаныма өзімді бақытты санаймын. Мұхиттың арғы бетіне өтіп, «АRT-NOMADS» аталатын өнер адамдарының мерекесіне қатысып келуіме көмек көрсеткен – облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өнерді дамытуға күш-жігерін аямай жұмыс жасап жүрген Нұрлан Асқарұлына өнер адамдары ырза. Иә, ұрпақты тәрбиелейтін, болашаққа сара жолды айқындайтын – өнер. Мәдениет пен әдебиет, көркемөнер салалары дамымаса, ешқандай байлықтан пайда жоқ. Сондықтан, елдің рухани мәдениетін, деңгейін қалыптастыру үшін жұмыстанып жүрген жандардың ата-баба мұрасын игеруде, ұлттық құндылықтарды ұмытпау жолында жұмыстары ұшан-теңіз.

– Аталған көрмеге қандай суреттеріңізді алып бардыңыз? Нәтиже қалай?

– «Fine Frt Studio «NEW YORK REALISM» «ART – NOMADS» көрмесінде жылдар бойғы еңбегімді, қазақ өнері мен мәдениетін, дәстүрін суреттерім арқылы Американың өнерсүйер қауымына таныстырдым. Ол жерде еңбегім жоғары бағаланды. Керемет талант иесі ретінде келесі жылғы «Artexpo New York – 2018» халықаралық көрмесіне шақырту алдым.

Тарихта бірінші болып Америка Құрама Штаттарында «Батик» қолөнерін қазақы нақышта танытқан суретші екенмін. Бұл жағдайды ерекше мақтанышпен айта аламын. Мұхиттың арғы жағынан алған әсерім өте тамаша. Ол жерге барып, қазақ өнерін таныту – мен үшін де, Қазақ елі үшін де үлкен мәртебе. Көрмеге келген шетел азаматтары қазақы нақышта орындалған, жібек матаға өрнектелген суреттеріме қызығушылық танытты, апарған жұмыстарымның бәрін сатып алды. Мәдениетке, талантқа деген көзқарастары айрықша жоғары екен. Көрмеге Азия елдерінен он суретші қатысты.

Әрине, көрменің ашылу салтанатында өзім қолдан тіккен ұлттық қазақы нақыштағы көйлегімді кидім. Бала кезімнен армандаған, көруге асық болған музейлердің бәріне барып, ұлы суретшілердің жұмыстарын көрдім. Суретші үшін бұдан асқан бақыт жоқ.

– Алдағы жоспарларыңыз орындала берсін. Шығармашылық табыс тілейміз.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз