Субсидия қалай беріледі?

Агрокешен Жаңалықтар Экономика

Аtr.kz/25 мамыр, 2020 жыл. Жуырда бюджет қаржысының игерілуі және салықтық түсімдер мәселесіне байланысты өткен селекторлық жиында өңірімізде 3 млрд.-тан астам қаражат игерілмей жатқандығы сөз болған-ды. Бұл олқылықтар негізінен құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, спорт салаларында орын алған. Айталық, ауыл шаруашылығы саласы бойынша субсидиялауға бөлінген 7 млн. 400 мың теңге көлеміндегі бюджет қаржысы игерілмеген бо­лып шықты. Осы жайттың орын алу себебін анықтауға ұмтылдық.

Иә, расымен де бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласында республикалық және жергілікті бюджеттен қаралатын субсидияны алу­шылар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр өңір шаруагерлері түрлі мақсатта субсидия алған.

Біздің облыста ол негізінен 8 бағытта беріледі. Фермерлерді қолдау үшін мемлекет тара­пынан бөлінетін бұл қаржы шаруагерлердің қолындағы мал басын асылданды­ру, тыңайтқыштар алу, сүт өнімдерінің сапасын арт­тыру, суды пайдалану, ауыл шаруашылық техникаларын сатып алуға берілген. Кейбір түрлеріне субсидия талаптары­на орай жылына бір төленсе, біреулеріне бұл жәрдем ай сайын беріліп отырады.

О б л ы с т ы қ а у ы л ш а р у а ш ы л ы ғ ы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаевтың ай­туынша, қазіргі таңда ша­руагерлерге субсидия беру жайы еліміз бойынша замана­уи үлгіде оңтайландырылған. Яғни, субсидия алуға ниет білдіруші бұрынғыдай комис­сиядан өту, құжаттарды қағаз жүзінде тапсыру машақатынан құтылған. Мемлекет ұсынған қаржылай жәрдемді белгілі бір бағытта алғысы келген шаруа­гер, үйінен шықпай-ақ, «бір терезе» қағидасымен «Qoldau. kz» сайты арқылы электронды жүйемен тіркеле алады.

Фермер ол үшін ком­пьютер арқылы өзіне жеке электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алып, екінші деңгейлі банктен арнайы шот аштырады. Арнайы базаға өзінің құжаттық мәліметтері мен реквизиттерін енгізеді де, алатын субсидиясының түрін көрсетіп өтінім қалдырады. Электрондық өтінімдер алдымен жергілікті басқармаға түсіп, мамандар тарапынан нақтыланған соң, субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Одан әрі, қазынашылық орындарда сәйкестілігі жан-жақты са­рапталады да, қорытындысы орталық базада көрсетіледі. Субсидия осы нәтиже шыққаннан соң ғана төленеді.

– Селекторлық жиын­да біздің сала бойынша игерілмеген қаражат тікелей осы субсидия алу жағдайына байланысты болды. Айтылған 7 млн. 400 мың теңге – бұл үш шаруашылыққа ғана бөлінген қаражат. Осы электрондық жүйе арқылы субсидия алуға өтінім білдірген шаруашылық иелері орталық базаға мәлімет енгізгенде асығыстық жасаған. Екеуі өздерінің субсидия ау­дарылатын жеке есепшотта­рын қате көрсетсе, бір өтінім білдірушінің есепшоты заң жүзінде бұғаттаулы болып шыққан.

Осы жағдайда мемлекет тара­пынан бөлінген қаражат тиісті алушысына жетпей қалып, орталық базада игерілмеген қаражат болып көрсетілді. Ма­мыр айының басында өтінім берушілердің есепшотындағы бұл олқылықтар жойылып, екі шаруагерге аталмыш қаржы төленді. Ал, үшінші фермер алдағы күндері құжаттық кедергілерді жойып, өтінімін қайта беруді көздеп отыр. Басқа жағдайда аймағымызда субси­дия төлеу бағытында ешқандай кедергілер жоқ, – деді басқарма басшысы Қайрат Есқабылұлы.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған