Студенттер аурумен күрескен группаласы туралы кино түсірді

Bankoboev.Ru kinokamera satchler vid sboku Жаңалықтар

Шынайы оқиғаға негізделген құрбыны еске алу фильмі осылай аталады. Кинотуынды 2 ақпанда қазақстандық кинопрокатқа шығады деп күтілуде. Фильмнің режиссері – Мейірім Арғымбаева. Оның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын өзінің және достарының басынан өткен әсерлі оқиға туындының негізі болып табылады.

Bankoboev.Ru_kinokamera_satchler_vid_sboku

Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің бірінші курсында оқып жүрген қыз-жігіттердің арасындағы Ақерке есімді бойжеткенге «қан обыры» деген қорқынышты диагноз қойылады. Қыздың емделуіне қомақты қаржы талап етіледі. Достары Германияда болатын отаға ақша жинап береді. Бірақ, ауру жеңіп, Ақерке 2013 жылы көз жұмады.

«Біздің Ақерке есімді жақсы досымыз болған. Ол университеттің бірінші курсында оқып жүргенде қатерлі  ауруға  шалдықты. Бірінші курстың студенттері алғаш рет осындай ауыр жағдайды бастарынан өткізді. Біз не істерімізді білмедік. Ешкімнің қалтасы көтермейтін 250 мың еуро қажет болды. Ол ақшаны бәріміз жиналып, тауып бере алмайтынымызға көзіміз жетті. Оның ата-анасы ауылда тұратын. Демеуші іздеп, кәсіпкерлерді аралап шықтық. Бірақ, бірінші курстың студенттеріне ешкім ақша бермеді. Қаржыны өзіміз табуға бел шештік. Сегіз концерт ұйымдастырып, көшеде бәліш сатып, қолөнер туындыларымызды саудаладық. 24-25 мың  доллар жинадық. Ақеркеге квота берді. Біз оны Германияға емделуге жібердік. Жинаған ақша оның жолына, ем-шараларына жұмсалды. Көзі  тірісінде аман-есен жазылып кетсең, сен туралы фильм түсіреміз деп уәде еткен едік. Бірақ, өкінішке орай, ол қайтыс болды. Уәде – уәде ретінде қалды…»,-дейді Мейірім Арғымбаева.

Режиссердің айтуынша, оның құрбысының сүйікті адамы болатын. Ол жігіт оның аурумен күресуіне көп көмектесті.

«Бірінші курста Азамат пен Ақерке кездесті. Азамат оны ең соңғы күндеріне дейін қолдады. Қазір ол музыкалық топта өнер көрсетеді. Оның өмірі жұмыс-үй-жұмыстан тұрады. Азамат Ақеркеге көп көмектесті, өте жақсы көрді. Ол жерде шынайы, нағыз махаббат болды»,-деп бөлісті туынды авторы.

Құрбысының қазасынан кейін, университетті тәмамдаған оның құрбылары мен достары фильмді түсіруге дайындық жасаған. Фильмге ақшаны туыстары мен достары, таныстары жинаған.

«Ол қайтыс болған бірінші жылы демеушілер іздедік. Қалай түсіреміз деп көп ойладық. Ақыры, өзіміз түсіреміз деп шештік. Университетте өнерді оқыдық, мен режиссер мамандығын бітірдім. Режиссерлік білімі бар тағы бір қыз  екеуіміз бірге түсіре бастадық.  Фильм көрерменге оқиғаның мыңдаған жүректерді тоғыстырғанын көрсетеді. Ол кезде біз  Ақеркеге өмір сыйлап, үміт отын тұтатқымыз келген. Қазір ол біздің жүрегімізге мәңгілік тұрақтап, өмір сүріп жатыр»,-деді Мейірім Арғымбаева.

Фильмге Ақеркені жақсы танитын өнер университетінің түлектері, бүгінде актер мамандығын  алған қыз-жігіттер түсті. Айсаным Қастеева фильмдегі басты рөл – Ақеркені сомдайды. Ал, Нұрлан Наурызбаев – Азамат рөлінде ойнайды.

30 қаңтарда Алматыда фильмнің баспасөз көрсетілімі өтеді. 1 ақпанда туынды үлкен прокатқа шығып, Ақеркенің туған қаласы – Ақтөбеде көрсетіледі. Ал, 2 ақпаннан бастап, Қазақстанның барлық кинотеатрларынан көруге болады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз