ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Атыраулық мұғалімдер де ылғи осы үдеден шығып, абыройлы еңбектерімен ерекшеленіп келеді. Олардың бағындырған жетістіктері бір төбе. Соңғы үш жылда облыста 1197 мұғалім Кембридждік бағдарламасы бойынша біліктіліктерін арттырды.

Өткен оқу жылында облыстағы мектеп бітірген 4700 түлектің 1 497-сі колледждерге, 2 899-ы жоғары оқу орнына оқуға түссе, 152-сі жұмысқа орналасқан. Облыста он жеті оқушы республикалық олимпиаданың жеңімпазы, он төрт оқушы республикалық ғылыми жобалар сайысының жүлдегері атанды. Отыз бес түлек халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының дипломдарымен марапатталды. Міне, мұның бәрі – ұстаздар еңбегінің жемісі.
Кеше Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында Мұғалім күні кеңінен аталып өтті.
– Қай заманда да ұстазға деген құрмет, ілтипат ерекше болды. Ұстаздық қызметте артына өшпес із, мол мұра қалдырып, олардың аты мектеп, көшелерге беріліп, есімдері мәңгі есте қалған адамдар көп. Біздің арамызда да бар өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагерлер жетерлік. Жас ұрпақ оларды әрдайым құрметтеп, үлгі тұтады, – деп өңір ұстаздарын төл мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов білім беру саласына өз үлесін қосып келген бірқатар қызметкерлерді марапаттады.
Сонымен қатар, аймақ басшысы облыста білім беру саласын өркендету, білім сапасын арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, облыста апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі рет-ретімен шешіліп келеді. Балабақшалар салынуда. Ұстаздар ендігі жерде саланың тек материалдық жағына емес, ең алдымен, білім беру сапасына көңіл бөлуі керектігін, жалпы білім беретін орта мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу бағытында кешенді іс-шаралар атқарылып жатқанын облыс басшысы баса айтты.
– Ол үшін қалада, аудандарда аталған мектеппен тәжірибе алаңын құрған жөн. Бұл бағытта ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктелуде. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру жұмыстарын қайта қарастыру керек. Облыста қосымша білім көрсеткіші өте төмен. Сондықтан, осы бағытта жұмыс істеу үшін жастар және оқушылар сарайының құрылысын бастағалы отырмыз. Келесі аптада іргетасы қаланбақ. Бірақ, оқушылар сарайы да барлық мәселені шешіп тастай алмайды. Біз қолда бар мүмкіндікті толық пайдалануымыз керек, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Салтанатты жиында «Еңбек ардагері» медалімен Қадим Оңғарсынов, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен Атырау аграрлы-техникалық колледжінің арнаулы пән мұғалімі Марияш Исмағұлова, Ж.Молдағалиев атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының ағылшын тілі пәні мұғалімі Гуля Марданова марапатталды. Ал, «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісіне қызылқоғалық ұстаздар Дәметкен Әділ мен Жалғас Қамысбаев, Атыраудағы №30 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тамара Даумова, Атырау индустриялдық колледжі директорының орынбасары Серік Есқожиев және Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының директоры Долорес Тасқарина ие болды.
Сонымен қатар, Ж.Молдағалиев атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының биология пәні мұғалімі Айнагүл Қасжанова, Қазақ-түрік лицейінің директоры Исмаил Эльма, Махамбет ауданындағы Қосарал орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жібек Мабауова, Жылыой ауданындағы №22 орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Зульфина Байғожина, облыс орталығындағы №6 орта мектепте тарих пәнінен сабақ беретін Нұрлыбек Бесжанов және Атырау аграрлы-техникалық колледжінің арнаулы пән мұғалімі Аманжол Наурызбаев Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын облыс әкімінің қолынан алды.
Бұдан басқа да білім беру саласының бірқатар ұстаздары өңір басшысының және облыстық мәслихат хатшысының Алғыс хаттарымен марапатталды. Ал, ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің «Салалық кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» белгісіне Қарлыға Дүзбаева ие болды. Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз