Әскердегі бір күн

Әскердегі бір күн 2 Жаңалықтар

«Жауынгерлердің жағдайы жайлы. Курортта демалып жатқандай екен» деді қасымдағы әріптесім әскерилердің тірлігімен жақынырақ танысып жүріп. Шынымен, олардың бүгінгі өмірі бұрынғыға ұқсамайды. Казармалардың іші кең де жарық, тап-таза. Салқындатқыш, теледидар қосулы. Бейнекамералар айналаны алақанға салғандай көрсетіп тұр.  Демалыс бөлмесінде тотықұсқа дейін бар. Ал, сарбаздар Атыраудағы айтулы моншаға кезек-кезегімен барып, шомылады.

Әскердегі бір күн-2

Бұл «Батыс» өңірлік қолбасшылығы ұйымдастырған баспасөз туры барысында 41433 әскери бөлімінен көргеніміз.

Журналистердің әскердегі бір күні «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Дәулет Оспановтың қабылдауынан басталды. Рязань жоғары әскери қолбасшылық бай­­­ланыс училищесінің, Қазақстан Қарулы Күштері Әскери ака­де­­миясы түлегінің қазіргі лауазымды қызметке кіріскеніне екі жыл толады. Осы аралықта әскери қуатты күшейту, кешенді оқу-жаттығулар ұйымдастыру, жауынгерлер дайындығын көтеруде ауқымды шаралар жүзеге асыпты.

– Президент кезінде аймақтың әс­кери-саяси, әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық жағдайы өзгеруі салдарынан ту­ындайтын қауіп-қатерге қарсы жед­ел әрекет етуге мүмкіндік бе­ретін мықты топ құру туралы тапсырма берген еді. Осының негізінде Батыс әс­ке­ри округі Ақтөбе, Атырау, Ба­тыс Қазақстан, Маңғыстау облы­с­т­арының аумағында жұмыс­ын бастап, содан бері мем­л­е­кет­тің қорғаныс қабілетін қам­та­масыз ету мақсатында қызмет етіп келеді. Өңірлік қолбасшылық бас­қармасы 2005 жылы Ақтөбеден Аты­рауға кө­шірілді. Сол жылы мау­сым айын­да Атырау қаласындағы «Ба­тыс» өңірлік қолбасшылығын Бас қол­басшы, Елбасының өзі келіп аш­ты. Біздің қолбасшылықтың ек­­пінді күші және басты ерек­ше­лігі – Ақтау қаласындағы те­ңіз жаяу әскері. Өңірлік қол­бас­шылықтың құрамына Әуе қор­ғанысы күштерінің орталық ба­ғы­ныс­тағы бөлімдері мен әскерлерін қос­­пағанда, аумақтық бөлініс ше­­­гіндегі әскери бөлімдер кіреді. Мем­­лекеттің қолдауымен әскери дай­­ындыққа, қойылған міндеттерді мүл­­тіксіз орындауға барлық жағ­дай жасалғанын атап өткім келеді, – деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскерлерінің қо­л­­­басшысы Дәу­лет Рысқұлбекұлы.

Әскердегі бір күн

Баспасөз туры бірнеше бағытта ұйымдастырылды. Алғашқысында әскерилердің әлеуметтік жағдайына маңыз берілсе, келесісінде қару-жарақ, арнайы техникалар таныстырылды. Дегенмен, журналистер үшін Қарабатандағы оқу-жаттығу полигонына сапар ерекше қызықты көрінді. Бұл жолы оларға қаламын әскери қару АК-74 автоматына уақытша алмастыруға мүмкіндік берілді. Бастарына каска, кеуделеріне оқ өткізбейтін сауыт киген журналистер тобы алыстағы нысананы көздеп атудан сайысқа түсті. Оның бәрі әскери қатаң тәртіп, қалыптасқан дағды бойынша жүзеге асты. Тілшілердің арасында қыздар да берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап шықты.

– Әлемнің кейбір елдерінде қанқұйлы соғыс, әскери қақтығыстар болып жатыр. Өздеріне қауіп төнсе де оған журналистер барып, шынайы жағдайды, нақты ақпаратты жұртшылыққа жеткізуде. Дегенмен, көлденең жағдайлардан қаза тапқандары да бар. Ендеше, тілшілердің әскери дайындығын шыңдап отыруды маңызды іс деп білеміз. Атыраулық журналистер бүгінгі сыннан сүрінбей өтті. Олардың бірқатары сұрмерген жауынгерлермен бірдей ұпай жинады, – деді  «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының әскери дайындық жөніндегі орынбасары, полковник Амангелді Жанесов.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Суреттерді түсірген: Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз