Сіз кітап оқисыз ба?

snimok Жаңалықтар

Atr.kz/7 ақпан, 2020 жыл. «Мен бойымдағы жақсы қасиеттер үшін кітапқа қарыздармын» деген екен бір кездері орыстың атақты жазушысы Максим Горький.

Бұл нені білдіреді? Сірә, бұл кітаптың адамның жанына, рухына ерекше әсер ететін алапат күш екенін меңзесе керек. Жаппай ақпараттық тасқын дәуіріне тап болған біз қазір кітап туралы әңгіме айтылса, күле қарайтын жағдайға қалай жеткенімізді де байқамай қалдық. Өзім тәуелсіздік тұсында өскен ұрпақпын. Кітап оқу мәселесі біздің бала күнімізде кәдімгідей тақырып болатын. Бір-бірімізден кітап сұрап алып, екі-үш күн ішінде бір кітапты тезірек бітіріп беруге тырысып, жарыса оқитынбыз. Ал, біздің атааналарымыздың кітап туралы әңгімелері тұтас бір киноға арқау боларлықтай…

Бірақ, дәл қазіргі жағдайда мұның барлығы ертегі сияқты. Өйткені, қарты бар, жасы бар, тіпті, балаға дейін телефонға үңілген заманға тірелдік. Мейлі, өркениет дейік. Дамыған технология делік. Дұрыс-ақ болсын. Бірақ, айналада болып жатқан оқиғаларға бір сәт те болсын, назар салып көрдік пе екен? Интернетті ашып қалсаңыз, құйқаңды шымырлатып жіберетін небір сұмдықтарды көруге болады. Баласын өлтірген әйел, адамды қинап, бұтарлаған айуандық әрекеттер, тағы не керек, негативтің бәрі басқа емес, өзіміздің айналамызда орын алып жатыр…

Кейде сән үшін ғана айтылатындай көрінетін кітапты рухани азыққа теңейтін сөздің астарында шын мәнінде ғаламат күш бар ма деп те ойлайды екенсің. Неге олай? Өйткені, дәл бүгін орын алып жатқан сұмдық оқиғалар осыдан отыз, елу, қырық жыл бұрын болған жоқ. Ал, қазір позитивті де, негативті де сараламай жұтып жатқан ақпараттық тасқын дәуірінде біздің рухани құндылық деп аталатын дүниені ұмыт қалдырғанымыз көрініп- ақ тұр. Өкінішті… И ә , р у х а н и ж ұ т а ң д ы қ т ы ң соңы жүгенсіздік, н а д а н д ы қ , қатыгездікке алып келеді…

Енді қайтпек керек? Сарапшылардың айтуынша, рухани әлемі аса бай адам өмірлік ұлы мұраттарға бірінші кезекте қол жеткізе
алады. Басқаны былай қойып, жапон халқын мысалға алайықшы. Алапат апаттардан көз ашпаған бұл халық бүгінде жойқын жетістіктерімен әлемді мойындатып отыр.
Сол жапондар әлем бойынша кітапты ең көп оқитын халықтың бірі.

Сонымен, біз өзіміз кітап дәуірін қайта оралта аламыз ба? «Tengrinews.kz» – ке берген сұхбатында book-блогер, журналист Марфуға Шапиян «Саммари» әдісін қолданысқа енгізуді ұсынған екен. Вookблогердің айтуынша, бұл әдіс қазіргі таңда батыс елдерінде жақсы дамыған.

«Саммари» – кітаптың қысқаша мазмұнын, былайша айтқанда кітаптың қаймағын сізге іліп беретін видео немесе түсініктеме. Біз қазіргі таңда осы үлгіні елімізде дамытуды қолға алып, жобалар жасап жатырмыз» депті блогер-журналист.

Ал, белгілі қоғам қайраткері, жазушы Әлібек Асқаров «кітап оқитын ұрпақты қазір қалыптастырып алу керек» деген пікірде.

« Рухани жаңғыру» бағдарламасы, Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы сынды атаулы даталарды пайдаланып, кітапты дәріптейтін жобаларға екпін беруіміз қажет» дейді ол.

P.S. Халықаралық кітапханалар қауымдастығының мәліметі бойынша, қазір дүниежүзінде 569 600 кітапхана болса, жыл сайын әлем кітапханаларындағы кітаптардың сақталуына 8,7 трлн. АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсалады екен. Кітапхана абоненттерінің саны 2,5 млрд-қа жеткен. Жыл сайын олар 1,5 трлн. операцияны орындайды. Біздің еліміз кітапхана қоры жөнінен ТМД-да алдыңғы қатарда тұр. Ұлттық кітапхана қорында қазір 6 миллионнан астам басылым сақтаулы.

Осыншама бай мұраны сақтап, оны халыққа ұсынып отырған кітапханашыларға құрметіміз қандай? Мейлі ерте, мейлі кеш, айфон, айпадтар дәуірі ақпараттық деңгейде қалады. Болашақта дәстүрлі кітап әлемінің қоғамдағы рөлі бәрібір күшейеді. Демек, кітапхана мен кітапханашыға да көзқарас бүгіннен бастап өзгеруі керек.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз