ҮШЖАҚТЫ МЕМОРАНДУМ

іскерлікті арттырады

Кәсіпкерлікке – кең өріс. Бұл Елбасы тарапынан қойылып отырған бүгінгі күннің нақты тапсырмаларының бірі. Десек те, кәсібін нәсібіне айналдырмақ ниеттегі жандардың іс бастауына кедергі болар жайттар да жетерлік. Бірі нысан салуға тиесілі жер телімін ала алмай қиналса, енді бірі монополистер тарапынан қолдау таппай, көп кедергілерге кездесіп жатады. Мәселен, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына келіп түскен 2400 арыз-шағымның 40 пайызы осы кәсіпкерлік бағытын қамтиды екен.

Сейсенбіде Атырау облысының кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы және «КазТрансГазАймақ» АҚ Атырау облыстық филиалы арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Кәсіпкерлік саласындағы мәселелер мен сұрақтарды оңтайлы шешу мақсатын көздеген маңызды құжаттан күтілер нәтиже көп. «КазТрансГазАймақ»АҚ облыстық филиалының басшысы Елдар Тағаштың сөзіне сай, табиғи газды тасымалдау, жеткізу сынды қызмет түрлерін көрсететін мекеменің есігі әрқашанда тұтынушылар үшін ашық. «Бизнес саласы болсын, жеке тұрғындардың сұрағы болсын талдауға дайынбыз» деген Елдар Бақытжанұлы бүгінгі әріптестік бағыттағы алғашқы қадамды әрі қарай да дамыта түсуге ниетті екенін білдірді.

Сол секілді қазіргі таңда осы тектес келіссөздердің өзге де монополистерге қатысты жүргізіліп жатқандығын атап өткен Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев: «Айтып өткеніміздей бұл бағыттағы сұрақтар өте көп. Оларды шешу бір жақты талдауды ғана қажет етпейді, сондықтан осындай қадамға барып, бүгінгідей жетістіккке жетіп отырмыз. Өз тарапымыздан бастамамызға алғашқы болып қолдау танытқан аталмыш мекемеге алғыс білдіреміз» деді.

Шара аясында Асылбек Мұхитұлы таяуда жарық көре бастаған «Точка роста» іскерлік газетін презентациялап, бизнес иелеріне көмекші құрал ретінде баспадан шыққан «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» кітабының тұсаукесер рәсімін өткізді. Екі тілде жарық көрген кітаптың әр тарауы түрлі тақырыптарды қамтиды. «Шыны керек, бизнес саласына келуге бел шешкенімен, алғашқы қадамды неден бастарын білмеген кәсіпкерлерге бұл – үлкен көмек. Нақты әртүрлі салаларға бөлінген бизнес жоспарлар тегін таратылуда. Қазіргі таңда бүкіл республика көлеміне кең таралған кітапқа деген сұраныс артып отыр» дейді А.Жәкиев.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз