Шығынға батқан шаруагер қолдау көрмесе, кәсібін қалай жандандырады?

Агрокешен Жаңалықтар Мәселе Сырқайнар Экономика

Atr.kz/13 қараша, 2019 жыл. Ұлым Қайрат Жұмағазиев 2013 жылы Махамбет ауданының аумағынан жер алып, «Айсұлтан» шаруа қожалығын құрған еді. Содан бері кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Бір отбасы болғасын жерде, бәріміз де соның айналасынан табылдық.

Қай шаруаның да қиындықсыз, қолдаусыз болмайтыны белгілі ғой. Жұмысты бастап кету үшін балам қолдағы бар қаражатына үй, мал қорасын салып, жерді толықтай қоршап алды. Су жүйелерін жүргізіп, бес гектар жерге алма бағын отырғызды. Тәуелсіз бағалаушылардың есептеуі бойынша 300 млн. теңгеге негізгі және айналымдағы қор жасақталды.

Егін салу үшін «қаржылай қолдау қорынан» несие алуды ойластырғанбыз. Сол қарызға сұралған ақшаның өзі бес-алты ай дегенде қолымызға әзер тиді. Бұл маусым айы болатын. Бірақ, агротехникалық мерзімнің өтіп кетуіне байланысты сол жылы егінді сала алмадық.

Ережеге сәйкес, несиеге берілген қаржы мақсатсыз жұмсалмауы керек. Ал, игерілмеген ақша банкіде сақталуы қажет екен. Оның үстіне, сол алған соманың айлық өсімін төлеп отыру шарт болып шықты.

Осылайша, шаруа қожалығының мүддесі үшін 50 баспақ сатып алдық. Оны қыстай бордақылап, көктемгі егіс басталғанша қаражатты орнына қойып, түскен пайданың есебінен несиемізді өтемек болғанбыз.

Алайда, нақты жағдай біз ойлағандай емес, керісінше болды. Қарызды берген «Қаржылай қолдау қорының» өкілдері: «Несиеге берілген қаржы мақсатсыз пайдаланылып отыр» деген желеумен қожалықты сотқа тартты. Нәтижесінде, сот органы олардың уәжін негізсіз деп, біздің пайдамызға шешім шығарған болатын. Десек те, әлгі қарыз қаражатты бергендер жоғары сот органдарына апелляциялық шағым түсіріп, алған бағыттарынан қайтпауға тырысты.

«Аққа құдай жақ» демей ме, ақыры, біздікі дұрыс болып, бұдан да құтылдық. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, алдымыздан қандай қиындық кездессе де, оны жеңіп шығуға жұмыстандық. Шаруамыздың өрісін кеңейтіп, дамыту мақсатында жылыжай салуға бекіндік. Бұл 2015 жыл еді. Сол кездегі Үкіметтің каулы-қарарларына сай, жылыжай салатындарға табиғи газ жеңілдікпен жеткізіліп берілетін болған.

Содан, аумағы 1000 шаршы метр жылыжай салуға 300 мың теңге ақша төлеп, жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтаттық. Бұл үшін «Болашақ» несие серіктестігіне бардық. Одан құны 22,5 млн. теңге тұратын жобаға 14 пайыз жылдық қайтарыммен 14,8 млн. теңге ғана ақша қарызға берілді. Өйткені, «Қаз Агро» несие корпорациясының шешімі солай болыпты.

Газ тарту мәселесін де сол мезгілде облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Ғұмар Дүйсембаевтың араласуымен шешкендей болғанбыз. Өкінішке қарай, әлі күнге сол арман болған «көгілдір отынға» қолымыз жеткен жоқ. Сол себептен салып қойған жылыжайымыз қаңырап бос тұр. Ал, алынған несиені кері қайтарып, есептесуге жағдайымыз соқпауда.

Тағы бір айтпағым, субсидиялау мәселесіне қатысты. 2018 жылғы қолданыстағы каулы бойынша су пайдалануға 50 пайыз субсидия қаралған екен. Оны алу үшін шаруа қожалығы пайдаланған судың бағасын 100 пайыз төлеу керек. Содан кейін оның жартысы шаруагерге қайтарылмақ.

Толықтай су төлемі 25 қарашаға дейін қамтылуы шарт. Сол уақытқа дейін өндірген өнімізді түгелдей сатып, өткізіп үлгере алмағандықтан, пайдаланылған судың ақшасын 10 күнге кешіктіріп, бесінші желтоқсанда ғана төлегенбіз. Соны ілік қылып, тиесілі 511 мың теңге субсидияны төлемей қойды.

Иә, алынған өнімді өткізу – шаруа қожалықтарының алдында тұрған үлкен проблема. Осы мәселені көтеріп, қолдау көрсетуді сұрап «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына талай рет бардық. Ондағылар егістікті қаржыландыруға және алынған өнімді қабылдап алуға құлықсыздық танытты. Қысқасы, ешқандай көмек болмады.

Ауыл шаруашылығы процестері әрбір операцияны мезгілінде атқаруды талап етеді. Сәл кешіксең немесе ерте жасасаң, дұрыс өнім ала алмай шығынға батасың. Уақытылы жасап үлгеру үшін техникаң, жанар-жағармайларың қолда дайын тұруы керек. Керекті техниканы сатып алуға кез келген шаруаның жағдайы жоқ. Жанар-жағармайлардың бағасы – 180-190 теңге. Оны шаруаға көмек үшін субсидиялаймыз деп 4-5 теңгеге арзандатқан болады.

Тағы бір өзекті проблема – жұмыс күшінің жоқтығы немесе тапшылығы. Күніне 12-14 сағат жұмыс жасағанда алатыны – 60-70 мың теңге ғана. Егін шаруашылығын прогрессивті технологияға көшіріп, жұмысшылар санын азайтуға болар еді. Алайда, озық әрі тиімді технологияны сатып алуға шаруада қолма-қол қаражат жоқ.

Осындай жайларды баяндай келе айтпағым, ауылды көтеруге мемлекеттік тұрғыда маңыз беріліп, дұрыс көзқарас болу керек деп ойлаймын. Бұл үшін төмендегідей ұсыныстарым бар: Біріншіден, қолжетімді жеңілдетілген несие 3-4 пайыз деңгейінде болуы керек.

Мұндай несиені 2-ші дәрежелі банктер емес, тікелей Ұлттық банктен ауыл шаруашылығын қаржыландыратын мекемелер арқылы берген дұрыс. Бұл жерде дамыған елдердің тәжірибесін пайдаланудың ерекше мәні бар. Несиені 5-10 жылға беріп, қайтарымын жеңілдеткен жөн. Екіншіден, орталықтандырылған тұқым және тыңайтқыш материалдарымен қамту қажет.

Сонда шаруалар да уақыттарын оларды іздеп жүруге жоғалтпас еді. Үшіншіден, техникаларды тиімді пайдаланып, барлық күшті бір жерге жұмылдыру үшін шаруалар бірігіп кооперативтер құру қажет деп есептеймін.

Төртіншіден, ауыл шаруашылығы жобаларына несие беретін қаржыландыру ұйымдарының саны мейлінше ықшамдалып, қарыздардың жылдық қайтарым пайызы төмендетілсе немесе қайтадан қаралғаны жөн. Бесіншіден, шаруа қожалықтарына су мүмкіндігінше жеңілдетілген бағамен немесе тіпті тегін берілсе, деген ойым бар. Себебі, артық су шығару – шаруалар үшін қосымша шығын.

Алтыншыдан, шаруалар салықтық төлемдердің барлығынан бірдей босатылмағанымен, кейбір түрлерінен жеңілдіктер қарастырылса, бұл да қолдаудың бірі болар еді. Жетіншіден, егін шаруашылығы өнімдерін өткізу проблемасы ерекше шешімін табуы керек.

Сегізіншіден, жұмыстарын тиімді ұйымдастырып, өнімділікті көтеру бағытында ғылыми негізде іс-шаралар ұйымдастыруға шаруа қожалықтарының қолында қаражаты жоқ. Сол жағын ескеріп, бұл мәселені де оңтайлы шешудің жолдарын ойластыру қажет.

Тоғызыншыдан, қожалықтарда еңбек адамдарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына, денсаулығын түзеп, жарытымды жалақы алуына мүмкіндік туғызылса. Міне, осындай талаптар орындалып, шаруагерге қолдау-көмек көрсетілгенде ғана ойға алған шаруаның оңға басары кәміл. Президент Жолдауында жүктелген басты міндеттердің бірі осы екенін естен шығармайық!

Хайырлы ЖҰМАҒАЗЫҰЛЫ,

еңбек ардагері, ауыл шаруашылығы саласының маманы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған