Үшінші сектордың үлесі қандай?

флешмоб акимат апрель 1 Жаңалықтар

Қазір «қоғамдық бірлестік», «азаматтық қауымдастық», «еріктілер мектебі», «қайырымдылық қоры» дегендер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді қаптап кетті. Барлығы заң жүзінде «үкіметтік емес ұйым» деген ортақ атауға ие. Ал, олардың қоғамдағы рөлі қандай? Еліміздің өсіп-өркендеуіне қосып жатқан үлесі қанша?

флешмоб-акимат-апрель-1

Алдымен, «үкіметтік емес ұйым» деген ұғымның мәнін ашып алайықшы. Оның мақсаты – әлеуметтік маңызды салалардың жұмысын жолға қоюға, оның қайтарымдылығын қамтамасыз етуге мемлекеттік құрылымдармен қатар атсалысу. Сондықтан, 2002 жылы Үкімет қаулысымен оларды қолдау тұжырымдамасы бекітіліп, 2003-2005 жылдарға арналған бағдарлама қабылданды.

Қаржы қайтарымды болуы шарт

Рас, бұл ұйымдардың бастапқы мақсаты тұрмысы төмен жандарға жәрдемдесу, аз қамтылған отбасы балаларының білім алуына жағдай жасау, әлеуметтік тепе-теңдікті қамтамасыз ету болатын. Әйтсе де, бүгінде олардың қызмет жүйесінің өзгергені байқалады. Мәселен, бүгінде жалаң ұрандап, құр флеш-моб өткізуден аспайтындар бар.

Сонымен, қайтпек керек? Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сағадат Әжіғалиевтің айтуынша, ауқымды жұмыс атқарса да, онысын өзгелер секілді бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалағанды жөн көрмейтін ұйымдар бар. Соның салдарынан олар көптің көлеңкесінде қалып, қаржылай қолдаудан қағылып та жатады. Әйтсе де, кейбірі өз қалтасынан қаражат жұмсап, қоғамның дамуына үлес қосып отыр. Ал, шындығында солай болуы да керек. Әйтпесе, мемлекеттен қыруар ақшаны алып, кәдеге жаратуды бәрі де біледі.

– Қоғамдық бірлестіктер мен азаматтық қоғамдастықтар кәсіпкерлермен бірігіп жұмыс жасауға көшуі керек. Жергілікті атқарушы билік екі жаққа да көмек қолын созуға дайын. Оның үстіне, кейбір әлеуметтік жобалар мен бастамалар бизнес өкілдері үшін де қызықты болуы мүмкін ғой – дейді ол.

Кеңөзек селолық округінде «Тасқала ауыл жастары» атты ұйым құрылған. Оның жетекшісі Эльдар Әбижанов – №8 мектептің түлегі. Қаржы және дене тәрбиесі мамандықтарын меңгерген ол бүгінде мемлекеттік басқару ісін де үйреніп жүр. Жастарды букмекерлік орталықта уақыт жоғалтпай, пайдалы кәсіп үйреніп, еліміздің дамуына атсалысуға шақырады. Осындай бірлестіктер алдағы уақытта тағы төрт округтен ашылады деп күтілуде.

– Ұйымға 150-ден астам ауыл жасы тіркелген. Біз өз күшімізбен кинотеатр ашып, одан түскен қаражатты қайырымдылық бағытта жұмсауды жолға қойдық. Ауылдағы «Нұрай» дүкенінің бір бөлігінде ауылдық мәдениет клубы бар. Белсенді жастар сонда жиналамыз. Әр азамат «Мемлекет маған не береді екен?» деп қарап отырмай, «Мен ол үшін не істей аламын?» деген қағидамен өмір сүруі қажет. Өйткені, мемлекет кез келген салаға қаржы бөлуге міндетті емес! – дейді ол.

Қазір ол жастар сарайының құрылысын қолға алған. Онда спорт, қолөнер, көлік жөндеу қызметі, жатақхана, асхана болады деп күтілуде.   Бұл үшін қаржыны өз қалтасынан шығарып отыр. Ендеше, белсенді жастың батылдығына қайран қалмай көріңіз!

Мүмкіндігі – шектеулі, құлшынысы – шексіз

Осындай батыл қадамға барып отырған ұйымдардың бірі – 2013 жылы құрылған «Мүгедектер қоғамы». Онда қазір 2300 мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. Оған Ғилман Құспанов жетекшілік етеді.

– Біздің мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту, кәсіптерін одан әрі дамытуға жағдай жасау. Осы ретте «Нұршуақ» шеберханасы ашылды. Тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап, электроникалық техниканы жөндеумен айналысатын 15 шеберден қазір оны, ал, он тігіншіден төртеуі қалды. Бұрынғы қайнап тұрған жұмысты қайта қалпына келтіргіміз келеді. Алайда, тендерді қол-аяғы балғадай кәсіпкерлер, санда бар, сапада жоқ «ұраншыл» ұйымдар ұтып кетіп жатады. Біздің де қолымыздан бәрі келеді. Мәселен, жақында паралимпиадалық спартакиада өткіздік. Түрлі жарыстарда топ жарып жүрген көркемөнерпаздарымыз да жетерлік.

Ендігі мәселе қаржыға келіп тіреліп тұр. Отандық өнімге тапсырыс азайды. Қазір мүлде жоқ десе де болады. Егер жарты миллион теңге болса, көрнекі құрал ретінде даяр киімдерді қояр едік. Екіншіден, тігін материалдарының көрмесі жасақталуы тиіс. Киім пішетін шебер тапшы, мамандар білімін жетілдіргісі келеді. Техниканы жөндейтін қосалқы бөлшектер тағы жоқ. Қызметкерлеріміз үш бөлмелі көне ғимаратқа сыйып отыр. Мұның бәріне 28 миллион теңге қажет, – дейді ол.

Әлеуметтік мәселелермен айналысып жүрген кәсіпкерлердің тағы біреуі – жылыойлық Асқар Секербаев. Ол – «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау жобасының үйлестірушісі.

Елінің болашағы үшін алаңдайтын әр азамат мемлекетке масыл болмай, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өзі шешуі тиіс. Осы орайда, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға зор мән беру керек. Бұл бағытқа бет бұрған кәсіпкерлерден қолдан келер көмекті аямаған жөн. Жуырда өңірде үлкен семинар ұйымдастырылмақшы. Онда бизнес-идеясы бар 25 кәсіпкер тегін тағылымдамадан өтеді. Өз жобаларын сәтті қорғап шыққандарға жеке ісін одан әрі дамытып, жүзеге асыруға көмектесетін боламыз.

Мұндай семинар бұған дейін де өтіп, жүз адамды қамтыған болатын. Қазір олардың қатары екі есе өсті. Нәтижесінде, Атырау қаласынан төрт, Құлсарыдан екі адам толық оқу курсынан өтті. Міне, осындай жобаларды жүзеге асыруға жиырма миллионға жуық қаражат қаралып отыр. Демек, «білемін», «үйренемін» деуші кәсіпкерлерді ынталандыру үрдісі үзілмейді,-дейді ол.

Бүгінгінің мамандығына баулиды

Ал, 2013 жылы құрылған «Инфоорталық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Абай Әміров – атыраулық белсенді жастардың бірі. Үш тілде еркін сөйлейтін оның есімін әлеуметтік желіде білмейтіндер кемде-кем.

Біздің ең сәтті жобаларымыздың бірі – ғаламтордағы ақпараттық-танымдық «Жас Атырау» порталы. Онда атыраулық жастардың өмірінде болып жатқан жаңалықтар мен оқиғалар сағат сайын беріліп отырады. Әсіресе, жас кәсіпкерлер үшін өте қолайлы. Тағы бір жобамыз – «Атырау еріктілер корпусы». Оның құрамындағы жастар Елордада өтіп жатқан халықаралық EXPO көрмесінің өтуіне өз еріктерімен атсалысып келді. Бір жағынан, өздері үшін алдағы еңбек жолына тәжірибе жинақтаса, екіншіден, жаңа жобалармен, тың бастамалармен танысуға мүмкіндік алды. Алдағы уақытта журналистерге ағылшын тілін үйреткіміз келеді. Өйткені, қоғамды маңызды ақпаратпен қамтып, халықтың сауатын ашуда ағылшын тілін білу аса маңызды. 

Сондай-ақ, қазір әлеуметтік желі қолданушыларын ақпараттандырып жүрген блогерлер қатары да көбейіп келеді. Олар хабар-ошармен бөлісіп қана қоймай, түрлі тақырыпта жергілікті тұрғындардан пікір алып, әлеуметтік сауалнама жүргізеді. Міне, осы ретте бейнеблогинг мектебін ашу жоспарда бар,-дейді ол.

Бүгінде орталықта 14-25 жастағы тұрғындар маркетолог, сценарист, шешендік, бейнемонтаждаушы, вайнер (актерлік қабілеті бар белсенді әлеуметтік желі қолданушылар), фотосуретші және басқа да заманауи мамандықтарды меңгеруде. Сайып келгенде, олар сүйікті ісінен табыс табуға үйренеді. Осылайша, бір айда 40 жасты оқытып шығуға мүмкіндік бар. Ұйым жетекшісі бұл үшін бір жылға сегіз миллион теңге қаралып отырғанын да жасырмады.

Ал, «Нұр белес» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Салтанат Өтебайқызы Нұрсаядағы №11 үйдің төменгі қабатынан «Достық» аула клубын ашқан. Үш бөлмелі орталықта 7-29 жас аралығында 400-ге жуық тұрғын күн сайын уақыттарын тиімді өткізеді. Нұрсаялықтардан бөлек, Балықшы, Жұмыскер елді мекендерінен келетіндер де көп. Мұнда гитара, баян, қолданбалы өнер, спорт, ағылшын тілі және басқа да үйірмелер тегін қызмет атқарады. Клуб жұмысы 22 маусым мен 20 желтоқсанға дейін жоспарлан-ған. Салтанат сол жұмысты келесі жылы да жалғастырып, аула клубтарының санын көбейткісі келетінін айтады.

Осындай тағы бір ұйым қатарындағы «Айтыс» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жансерік Мұғалімов өңір тұрғындары арасында түрлі тақырыптарда пікірсайыстар ұйымдастырады.

– Қазіргі қоғам тым сенгіш келеді,-дейді ол. – Әсіресе, оқушылар мен студенттер әлемде болып жатқан құбылыстарды сараптамайды, тура сол күйінде қабылдайды. Саяси сауаттылығы төмен болған соң, өзге елдің дәстүр-салтына еліктейді. Біздің ұйым олардың көзін ашып, көкірегін оятуды, білімдерін шыңдауды көздейді. Бұл бағытта елімізге белгілі тұлғалармен кездесу кештерін өткіземіз. Мемлекетіміз жүргізіп отырған саясаттың мәні мен маңызын түсіндіреміз. Өкінішке қарай, парасатты пайымдарымен бөлісе алатын спикерлердің көбісі егде жастағы адамдар. Олардың орнын басар ұрпақ жоқ. Біздің ұйымға мүше азаматтар түрлі халықаралық жарыссөздер мен пікірсайыстарға қатысып, шетелдік гранттарды иеленіп жүр.

P.S. Сонымен, қорыта айтқанда, қоғам үкіметтік емес ұйымдардан қайтарымды жұмыс күтеді. Ақша берсе, көрініп, әйтпесе, бұғып отыратын уақытша құрылымдар қажет емес. Мемлекетке алақан жайғанша, өздерін қаржыландыра білген жөн. Ал, жақсы істермен халықтан алғыс алғанға не жетсін?!

Амандық абдол

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз