ШЕКАРАШЫЛАР ҚЫРАҒЫЛЫҒЫ

Жақында Каспий теңізіндегі шекара күзетін қамтамасыз ететін теңізшілер Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын бұзған суда жүзуге арналған «Байда» типтес моторлы қайықты ұстады. Оның бортында Әзірбайжан Республикасының төрт азаматы – 1966 жылы туған Вугар Хусейнов, Октау Мамедов пен 32 және 38 жастағы Рамиз Урасов пен Сейхул Асадовтар болған.

Шекарашылардың қырағылығымен қолға түскен «Байданың» бортында әрқайсысының қуаты 200-250 ат күшіне тең үш «Ямаха» двигателі, екі «Турай» жер серіктік телефоны, бес ұялы телефон шықты. Браконьерлік мақсатпен еліміздің шекарасы аумағынан бағалы бекіре тұқымдас балық аулауға арнайы дайындалып шыққан әзірбайжандықтардан шекарашылар ұзындығы 200 метрлік ау құралын тәркіледі.

 «Каспийдің шекара күзетіндегі теңізшілері тек «Бекіре-2015» акциясы барысында ғана емес, жылдың кез келген уақытында да Отанымыздың теңіз бөлігінде қырағылықты қамтамасыз етуге әзір. Оған біздің күш-қуатымыз жеткілікті», – дейді Жағалау күзеті өңірлік басқармасына қарасты 2201 «Г» әскери бөлімі командирі, бірінші рангілі капитан Талғат Төребаев. 

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз