Шеберден қалған бай мұра

ANU 6975 Жаңалықтар

Осындай атаумен облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген қызметкері, саз аспаптарын жасаушы шебер Бисенғали Мырзағалиевтің туғанына 90 жыл толуына орай көрменің ашылу рәсімі өтті. Музейде шебердің өз қолымен жасап шығарған саз аспаптары сақталған. Шара барысында шебердің өнері мен қайталанбас туындыларының тарихымен музей экскурсоводы Динара Бисембаева таныстырды.

ANU_6975

Бисенғали Мырзағалиев  1927 жылы Махамбет ауданының бұрынғы «Заурал» кеңшарына қарасты 12 –ауылында дүниеге келген. Әкесі Мырзағали ағаштан түйін түйген, қамшы өрген, мүйізден тарақ, домбыра жасаған  шебер болған. Анасы Шыңбала да домбырашы болған.

Өнерлі отбасында дүниеге келген ол 1942 жылы жеті жылдық мектепті  бітіріп, ФЗО-ның ағаш шеберлерін дайындайтын бөліміне алынады. 1943 жылы ауылына оралып, қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады.

ANU_6951

1948 жылы оның отбасы колхоздастыру кезінде балық аулаумен айналысатын қала іргесіндегі «Алғабас» ұжымшарына көшіп келеді. 1957 жылы Балықшы аудандық тұрмыс комбинатына жұмысқа ауысады. Осы кезде Д. Нұрпейісова атындағы  ұлт-аспаптар оркестрінің ұжымына саз аспаптар жасауға ұсыныс түсіп, арнайы шеберхана береді. Шеберханада домбыра, бас контрабас, қобыз-прима сынды ұлттық аспаптар, атап айтқанда, оркестрге арнап 14 домбыра-тенор, 12 қобыз-прима, бірнеше бас домбыра, қобыз жасап берген. Оған қоса Сейілхан Құсайыновтың домбырасын, Раушан Нұрпейісованың 1951 жылы Вениамин Романенко жасаған үш ішекті қобызының да үлгісін жасап шығарды. Жасалған аспаптардың бірнешеуі Мәскеуде өткен көрмелерге қойылып, жүлделі орындарға ие болған. Ал, оркестр «Ең таңдаулы көркемөнерпаздар ұжымы» деген құрметті атақты иеленді.

ANU_6953

Салтанатты шараға шебердің жақын туыстары, достары мен қызметтес болған пікірлестері келіп, өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Ағамыздың көзін көрген ардагер-ұстаз, Қазақстанның мәдениет қайраткері Мереке Ғұмаров, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті инженері Текей Қарамұрзиев, жұбайы Меруерт апай сөз сөйлеп, сағынышты естеліктерін айтты.

Шараның соңы Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжі мен «Д. Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка  колледжінің студенттері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

 Абай Ақмұрзиев

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз