ШАРУАЛАР ШАҒЫМЫ немесе Зарослый өзегінің мәселесі өзекті болып тұр

2019 07 12 081316200400 Жаңалықтар

Atr.kz/28 қаңтар, 2020 жыл. Атырау қаласының шаруагерлерін мазалаған көкейкесті мәселе бар. Алғашқысы – соңғы жылдары Зарослый өзегіне су шықпай, егін суару қиындығы. Осының салдарынан 20-ға жуық шаруа қожалығы көктемгі науқандық жұмысты қалай ұйымдастырарын білмей дағдаруда. Екіншісі – Каспий жағалауындағы шөбі шүйгін, суы бал Гогольск шабындығының иесіз қалуы. Кезінде мұнда бірнеше ауданның малы қыстатылып, пішен дайындалатын. Қазір облыста шабындық жер жетпей жатқан тұста оған назар аударылмауы неліктен?

САҒАҒА СУ ШЫҒАРУ ҚИЫНДАДЫ

Қала іргесіндегі «Алғабас» – бұрынғы мал дайындау және бордақылау бірлестігінің ізіндегі шаруашылық. Кезінде олар бір мезгілде 6 мың сиырды күтіп-баптап, мемлекетке етке өткізді. 117 гектар егістік жері бар. Шабындығы мен жайылымдығының көлемі де аз емес. Шаруашылық басшысы Үмбет Сұлтановтың айтуынша, былтыр барлығы 206 тонна егін, бақша дақылдары өнімі дайындалып, қала халқына ұсынылды. Оның ішінде қызанақ, қияр, баклажан, тағы басқа көкөністерге жергілікті тұрғындардың сұранысы жоғары.

– Шаруашылық мал азығын (пішен) дайындау, бау-бақша өнімдерін өсіру және қыста құрылысқа қажетті материал – қамыс баулаумен айналысады. Серіктестік науқан кезінде 120 отбасын жұмыспен қамтамасыз етеді, – деді «Алғабас» ЖШС директоры.

Үмбет Сұлтанов қалалық шаруагерлерді толғандырған проблеманы көптен бері көтеруде. Облыс басшылығымен кездесуде де осы мәселені ортаға салды. Оның бастысы – Зарослый өзегінің жайы. Сұхбаттасушымыздың пікірінше, аталған өзек – Каспий теңізі мен Жайық аралығын қосатын табиғи саға. Дегенмен, соңғы төрт жылдан бері өзен суының деңгейі төмендегендіктен, өзекке су шығару қиындады.

– Бұл – шаруалар үшін өте өзекті, шешімін күткен мәселе. Су жоқтықтан алдағы күніміздің қандай болатынын білмей отырмыз, – деген ол мәселемен облыстың ауыл шаруашылығына жауапты басшылардың хабардар екендігін жеткізді.

Осы мақсатта былтыр жергілікті кәсіп иелерімен кездесулер ұйымдастырылған.

«Бізге келесі жылы мәселені шешудің мүмкіндігін қараймыз деді басшылар. Арнайы техникалар әкеліп, су жеткізуге көмектесті. Әйткенмен, бұл уақытша шаралар» деді шаруа қожалығының жетекшісі.

Түйінді тарқату мақсатында Перетаска мен Бухарка каналдарының суын егістікке пайдалану ұсынылуда. Оның қаншалықты жүзеге асатыны белгісіз.

УАҚЫТ УЫСТАН ШЫҒЫП БАРАДЫ

Кеңөзек, Атырау ауылдық округтерінің шекарасындағы Зарослый өзегінің жайы күрделі проблемаға айналды. Бұрын Жайық көтерілгенде сағаға су шығып, өзінің арнасын табатын. Кейінгі жылдары өзеннің деңгейі төмендеп кеткендіктен оған сорғы орнатудың қажеттілігі туындады. Бұл шаруаны кім жүзеге асырады? Шаруаларды мазалаған бұл сұраққа жауап жоқ. «Алғабас» ЖШС директоры бұрын көктемгі егін науқанына ерте дайындалатынын айтты.

Алайда, осы жолы судың тапшылығынан күзде жыртатын жерін жырта алмағанын, минералды тыңайтқыштар үшін берілетін субсидияға тапсырыс жолдамағанын баяндады. Тұқым алу мәселесі де кешеуілдеп тұр. Бұл жағдай «Мұрат», «Береке», «Аспенби», «Камалов», басқа да шаруашылықтарға тән құбылыс. –Мәселе шешілмесе, тек біздің шаруашылықтың өзінен 60 адам жұмыссыз қалады. Өзге шаруа қожалықтары да осы кепті киеді, – деді ол. Зарослый өзегі – мемлекеттің меншігінде. Оның теңізден өзенге балық шығаруда атқаратын өзіндік міндеті бар.

Бұдан біраз жыл бұрын Атырау облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бастамасымен сағаны жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Құрылым осы бағытта алдағы уақытта да жоспарлы шараны жүзеге асырмақ сыңайлы. Инспекция өкілдері «бұл жөнінде кейін толығырақ мәлімет береміз» деп келісті. Дегенмен, бүгінде мәселені табиғатқа зиян келтірмей, шаруаларды да тұйыққа тіремей шешудің қажеттілігі туындауда.

rapr

ҚОЛАЙЛЫ ҚОНЫС ЕДІ…

Каспий теңізі жағалауындағы Гогольск шабындығы кезінде малға жайлы, құтты орынға айналды. Индер ауданының «Передовик», «Правда», Амангелді, Жамбыл атындағы кеңшарлары, Махамбеттің «Зауралье», «ХХІ партсъезд» секілді шаруашылықтары оны төрт түлік өсіруге қолайлы қоныс санады. Жемшөп қорын жасауда бұл алқап ыңғайлы еді. Жерді көлдетіп суару, каналдар салу нәтижесінде мал азығы құнарлы болды. Жайылған тұяқты тез қоң жинады. Істің мән-жайын білетін басшылар шопандарға жайлы жағдай жасап, тұрғын үйлер, қоралар салды. Оған электр желілері тартылып, қамысты ұнтақтап, булап беретін жеп-шөп цехтары тұрғызылды. Осылайша, мұнда 150 мыңдай қойдың қыстаққа түсуіне мүмкіндік туғызылды.

Ал, бүгінде осы көріністің бәрі көз алдынан өткен сағым секілді. Каспий теңізінің көтерілуінен шаруашылықтар жылы орындарын тастап кетуге мәжбүр болды. Табиғи құбылыс жағалаудағы алқапты қазір иесіз қалдырып отыр. –Атырауда шабындық жайы өзекті. Жем-шөптің жоқтығынан шаруалар көрші облыстан қажеттісін іздеуде.

Егер біз Каспий жағалауын қайта игерсек, көп мәселені шешуге мүмкіндік жасар едік, – деді Үмбет Сұлтанов. Шаруа адамының шағымы қаншалықты ескеріледі? Бұл әрине, алдағы күндердің еншісінде. Дегенмен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәсіп иелеріне қолайлы жағдай жасау тұрғысынан келсек, айтылған проблемаларға бейжай қараудың реті болмайды.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ

Әділтұрақбай ҚҰМАРОВ, Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

– Зарослый өзегіне байланысты мәселе – біздің назарымызда. Оны шешуге жұмыстанып жатырмыз. Тиісті комиссия құрылып, түйткілді тұсты сараптайды. Әзірге мәселені реттеу мақсатында үш түрлі нұсқа дайындалуда. Жақын күндері проблема талқыланып, бір шешімін алуға жұмыстанатын боламыз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз