Шаруалар шөп іздеп сабылып жүр

ШӨП ІЗДЕГЕН ШАРУАЛАР Жаңалықтар

Олар бұрын кеңшарда қатар еңбек еткен, өте тату жандар болатын. Қысылған шақта бір-біріне талай көмек қолын да созған. Енді, міне, өзара жанжалдасып, сот алдында отыр. Неге? Қандай қара мысық араларынан жүгіріп өткен?

ШӨП ІЗДЕГЕН ШАРУАЛАР

АУЫЛДЫҢ МАҢЫ АЛА ШАҢ

Әрине, бас жарылып, көз шыққан жоқ. Бірақ, алдарындағы азды-көпті малын бағатын ұлтарақтай жерге таласып, бір-бірімен араз болды. Бүгін мойындауға тура келеді, тәуелсіздігіміздің бастапқы кезінде жекешелендіру тым өрескел  жүргізілді. Тың бастаманың тиімділігі де таразыға тартылмай, күздің қара суығында бұрынғы ортақ бағымдағы қыруар мал әркімге таратылды. Алдындағы он шақты  малының ғана қысқы азығын дайындап, өзгені ойламаған шаруа дағдарып қалды. Сонда қойдың топ-тобымен қырылғанын көргенбіз.

Кейін әр төбенің басын сағалап кеткендерге заңды түрде жайылымдық жер де бөлінбеді. Бәрі сол бұрынғы орнында отырып қалды. Түбі бұл жер тізімге алынады деген ой болған да жоқ. Енді, міне, төрт түліктің жайылатын жері тарылғанда тығырыққа тірелді. Бірінің малын екіншісі қуалап, қыр асырып жіберетінді шығарды. Кешегі тату жандар білектерін сыбанып, жаға жыртысуға дайын тұр. Бұл да – өткен уақыттың қателігінің көрінісі.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиевтың айтуынша, Атырау қаласының маңындағы елді мекендерде сиыр санын 500-700 басқа жеткізуге болады екен. Сонда жылына 5,5-6,0 мың литр сүт сауып, шаһар тұрғындарына сатуға мүмкіндік тумақ. Бірақ, соған жайылым бар ма? Бүгінде жеке меншіктегі малдың 65-70 пайызы ауыл маңында бағылады. Алысқа айдап жіберсең, кешке қайтып келуіне күмәнің бар. Не дала тағысы жем етеді, не әлдебіреулер ұрлап кетеді. Сондықтан, төрт түліктің көз көретін жерде жүруі – оның иелері үшін тиімді.

Алайда, бұдан ауыл төңірегі әбден тақырланбай ма? Бүгінде ала шаңы аспанға көтеріліп жатқан жерге енді шөп шығар ма? Тұрғындар мұны ойлап жатқан жоқ. Күнделікті қаракетімен шектелуде. Таразының екінші жағын сомдағанда, азын-аулақ малдың жайылатын жері де қалмағандай. Мәселен, Еркінқала селолық округіне қарасты Балауса елді мекенінің маңына жазда жұрт егін егеді. Әр жылы егістік орнын ауыстырып тұрады. Ал, осы өңір – төрт түліктің жайылатын өрісі. Егіншілер ат шаптырым орынды қоршап алып, маңына қой-сиырды жуытпайды.

ШӨП ШЫҚПАЙТЫН ШАБЫНДЫҚ

Мамандар республикада 27 млн. гектардан аса жердің ауыл шаруашылығына белсенді пайдаланылмай жатқандығын айтады. Немесе, 1990 жылы Қазақстанда 20 млн. га шамасында шөп шабатын жер болса, қазір екі миллионнан сәл астамы ғана қалыпты.

Облыс территориясының 82,5 пайызы – жайылымдық және шабындық жерлер. Бір қарағанда, тіпті де аз емес. Кезінде Социалистік Еңбек Ері Сақан Дәулетқалиев «Мал басын көбейту үшін жылдың төрт мезгілінде пайдаланатын жайылым керек. Егер жердің құнарлылығын жақсы сақтасақ, төрт түліктің азығы да мол болады» деген-ді. Әрине, сіңімді шөп жеген малдың қоңдылығы артады. Бұрын бір қойды бағуға бағытталған шығынның жартысы оның қысқы азығын дайындауға кететін. Қазір одан да көп жұмсалады. Тіпті, аймақта шөп шабатын жер жетпей, қажетімізді көрші облыстар арқылы өтеудеміз.

Шабындыққа су шығару соңғы кезде үлкен проблемаға айналды. Бұрынғы жылдардағыдай өр суы да молынан келмейді.  Демек, шабындықтың шұрайлы болуы әр жылғы жауын-шашынның көлеміне байланысты. Ала жаздай аспаннан тамшы тамбайтын жылдары бар шөптің өзі қурап, кәдеге аспай қалды. Тіпті, өрт қаупін туғызды. Мәселен, биылғы шілденің үш күнінде ғана 17 мың гектар шабындық отқа оранды. Енді оның орны қалай толар?

Осы орайда жерасты суларын пайдалануға мүмкіндік бар ма? Сайып келгенде, аймақта оның қоры жеткілікті. Бұрын өздігінен ағып жатқан фонтандардың төңірегінде төрт-бес шопан қоңсы қонып отыратын. Қазір солар әр төбенің басына көшіп кеткендіктен, әлгі жерасты сулары да керексіз болып қалған. Уақытында пайдаланбаса, олар да тартылады екен.

Республикада шартты түрде алғанда бір малға 20 гектар шабындықтан келеді екен. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде алдыңғы қатарда тұрмыз. Біздің облыста да шабындық пен жайылымдық жер мол. Бірақ, соны қалай пайдаланып отырмыз? Мәселен, «ИсиГипсИндер» мекемесі 21,6 га жердің иесі саналады. Махамбеттегі Жалғансай ауылының тұсындағы 80 гектарды «Дана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 49 жылға жалға алған. Немесе Сарайшықтағы «Гюнем» мекемесі – 620 га жердің қожасы. Осының бәрі айналымда бар ма?

Облыс территориясы үлкен делінгенімен, жерасты қазбалы байлықтарына байланысты бәрі төрт түліктің бағымына бейімделмеген. Мәселен, ғасыр бойы «қара алтын» өндіріліп келе жатқан Мақатта мал бағатын жайылымдық жер тапшы. Мұндағы әбден май сіңген шабындыққа шөп те шықпайды. Аудан басшылығы көршілес Қызылқоғадан 6000 га жер сұрап отыр. Қызылқоға территориясы сұғынып, Мақатқа еніп кеткен. Қарабатан маңындағы, тіпті Байбақты ата жатқан жер қызылқоғалықтарға тиесілі. Бірақ, сонау Миялыдан келіп, бұл аймақтың ахуалын біліп кетуге аудан басшыларының мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, төрт түлігіне ұлтарақтай жер таба алмай отырған мақаттықтарға осы аумақты берсе, іс оңға басар еді.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз