ШӘМШІНІҢ ӘНІ ШАЛҚЫДЫ

Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияда Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» атты Халықаралық ән фестивалінің облыстық кезеңі өтті.

Шараны ашқан Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан жиналған жұртшылық пен ән байқауына қатысуға келген үміткерлерге бұл кештің мәні мен маңызын айтып құттықтады және сәттілік тіледі. «Бүгін өте маңызды Халықаралық фестивальдің іріктеу сынына облыс бойынша жас таланттарды жинап отырмыз. Қазақстан Республикасы Премьер министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев мынадай тапсырма берген еді: «Шәмші кезінде Қазақ елін әнге қосқан болатын, енді бүкіл Қазақ елі Шәмшіні әнге қоссын» деген. Шәмші әнінің фестивалі тек Астана мен Алматыда ғана өтіп қоймай, облыстарда да жалғасады.

Шәмшінің Атырау жеріне де қатысы бар. Жайықты жағалап, Каспийді аралап талай ән тудырған. Ол әндердің сөздерін Атырау ақындары жазған. Шәмші аға мен Жұмекен ақынның арасында шығармашылық үлкен байланыс болды. Шәмші өскен жер бар қазаққа екінші Мекке атанған киелі Түркістан жері болса, Жұмекен өскен Атырау жерінде Сарайшықта жеті хан дамыл тапқан. Осы өлкеде Атыраудың ақыны мен Оңтүстіктің композиторы халық жүрегінде мәңгі жатталған, санасында сақталған «Менің Қазақстаным» әнін дүниеге келтірген. Сондықтан Халықаралық фестивальге тума таланттар, ел намысын қолдан бермейтін өнерпаздар қатысуы керек», – деді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы.

Бұл ән додасына қазылық еткендер – Қазақстан Республикасы Премьер министрі орынбасарының кеңесшісі Нұрболат Рахметжанов, Мәдениет және спорт министрлігінің бас сарапшысы Қуанышбай Мұханғалиев, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, облыстық Н.Жантөрин атындағы филармонияның директоры Ғаділ Дүйсенғалиев, Мәдениет саласының үздігі Ақмарал Машимова, композитор Болат Қоқаманов.

Ән байқауы екі айналымнан тұрды. Алғашқы турда қатысушылар тек Шәмші Қалдаяқов әндерін орындады. Екінші турда қазақ композиторлары әндеріне кезек берілді. Бірінші кезеңде облыс орталығы Атырау қаласынан, аудандардан келген 14 жас әнші бақтарын сынады.

Шәмшінің «Ақ маңдайлым» әнін шырқаған Махамбет ауданынан келген Қайрат Жұмашев байқаудың шымылдығын ашты. Атырау қаласынан қатысқан Бауыржан Сағидуллиннің орындауындағы «Теріскей» әні көрермендерді баурап алғаны сондай, бейне бір Қазақстан Республикасының халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың өзі келіп ән шырқағандай әсер сыйлады. Қызылқоға ауданынан келген Гүлдана Смағұлова әуелеткен «Сыған серенадасына» жиналған көпшілік тәнті болды.

Қазылар алқасының ұйғаруымен екінші кезеңге бес үміткер өтті. Олар – атыраулық Мейіржан Қабдолов, Азамат Ізниев, индерлік Ырза Нұрмағанбетова, атыраулық Ержан Мырзахметов пен Мария Нұғманова.

Ән көкпарына қатысқан талапкерлердің бәріне Алғыс хаттар, дипломдар тапсырылып, түрлі-түсті теледидар тарту етілді. Ал, бірінші орынды қанжығасына байлаған Азамат Ізниев Халықаралық ән фестивалінде Атырау облысының атынан Астанада өнер көрсететін болды.

Гүлзада  НИЕТҚАЛИЕВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз