Сезім мен төзім немесе құлсарылық қос ғашық туралы бір ауыз сөз

Сезім мен төзім 768x768 1 Жаңалықтар

Жеті жыл уақыт ауырса да үнемі жанынан табылған Марленнің Әнелге деген махаббаты әлеуметтік желілерде кеңінен жазылып, бүкіл ел құлсарылық қос ғашықтың шынайы махаббатына тәнті болды, еріксіз көздеріне жас алды.

%d1%81%d0%b5%d0%b7%d1%96%d0%bc-%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d1%82%d3%a9%d0%b7%d1%96%d0%bc

Жиырма үш жастағы Әнел Мұратова 2009 жылы денсаулығының нашарлауына байланысты бір өкпесін алдыртып тастады. Содан бері оттегі баллонымен тыныс алуға мәжбүр болды. Дәрігерлер Әнелге жеті диагноз қойған. Осы уақыт аралығында қаршадай қыз жылына 12 ай бойы ауруханадан шықпай, отадан отаға дейін өмір сүрді. Өлім мен өмір арасында арпалысты. Ал, осындай қиын сәттерде үнемі жанынан табылған Марленмен мектеп қабырғасынан таныс еді. Әнел бір сыныпқа жоғары оқыған.

– Он алты жасымнан бастап ауруға шалдықтым. Бұған дейін денсаулығым сыр бермеген еді. Бар-жоғы бір айдың ішінде екі өкпеме қатар қатты салқын тигізіп, жағдайым күрт нашарлап кетті. Үнемі жөтел қысты, жаным қиналды. Бір жыл емделгеніммен, саулығым дұрысталмады. Сөйтіп, 2010 жылы мені емдеген хирург-дәрігер Аманжол Темірбаев бір өкпені алып тастау қажеттігін жеткізді. Екінші өкпемді емдеп, халім жақсара бастады, – дейді Әнел бізге берген сұхбатында.

Алайда, оны тағы бір сынақ күтіп тұр екен. Көп дәрі ішкеннің салдарынан асқазан, ішек құрылыстары ауыртпалықты көтере алмай, оны да емдеуге тура келді. Бұдан соң, 2012 жылы жүрегі ауыра бастайды. Кардиолог дәрігерлер бір өкпе орнынан қозғалып, жүректі қыса бастағанын, жүрегінің бір жағының ісіп кеткенін, қан айналымының жүйелі жұмыс жасамай тұрғанын айтып, екінші ота жасауға шешім қабылдаған.

– Содан біраз бұл дертпен де күрестім, бірақ, жүрек жұмысын дәрігерлер қалпына келтіре алмады. Оң нәтиже байқалмады. Араға бір жыл салып, енді басым ауыра бастады. Миға ауа бармай, аяқ-қолым құрысты. Дәрігерлер өкпемді кері тексеріп, «отыз пайызға демалып тұрсың, сондықтан, миға ауа бармай жатыр. Енді оттегі баллонын тағып жүресің» деді. Бұған да көнбеске амал болмады, – дейді кейіпкеріміз.

Айта кетсек, мұндай оттегі баллондарының салмағы кемінде он келіден кем емес. Ал, әлі кеткен, иммунитеті баяу қызға бұл құрылғыны өзімен бірге үнемі тасып жүру оңайға соқпағаны айтпаса да түсінікті.

Марлен Нұрқасенов Әнелден екі жас кіші. Солай бола тұра бала күннен бері оған ессіз ғашық болып, денсаулық жағдайына қарамастан, жақсы көреді. Жеті жыл бойы қасынан табылып, демеу болып, қолдау көрсетуден еш жалыққан емес. Баллонның ауырлығын ескеріп, той, қонаққа барса да үнемі өзі тасып жүрді. Сол құрылғыны «арқалап», екеуі бірге қыдыратын.

Қазіргі таңда Марлен Атырау және Құлсары қалаларында «Баракат» деп аталатын жарнамалық агенттігін ашып, қызмет етуде. Мұнда жарнама, той-думан ұйымдастыру қызметтері көрсетіліп, сайт жасақтайды.

– Мектепте сырттай таныс болғанымызбен, араласқан емеспіз. Мен Ақтөбеге оқуға түсуге барғанымда, Әнел де келгенін естідім. Досымнан телефон нөмірін алып, қоңырау шалдым. Сөйтіп, кездесіп, жақынырақ таныстық, – деп, еске алады жас жігіт.

Ал, Әнел өткен жылы әлеуметтік жұмыс мамандығы бойынша Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орнын үздік аяқтаған.

– Біз дертпен күреске ұзақ уақыт жібердік, – дейді Әнел бізбен әңгімесінде. – Тіпті, Алматыда дәрігерлер менің сараптамаммен танысып: «Жағдайың өте ауыр, өмірің қыл үстінде тұр. Ота жасағанда тек 30 пайызға аман қалу үміті бар. Сондықтан, ренжіме, біз тәуекелге бара алмаймыз. Қазақстанда бірде-бір дәрігер саған ота жасауға келісім бермейді», – деді. Сол сәтте мен қатты қиналдым. Бірнеше жылдан бері аурухана табалдырығын тоздырып, ақыр соңы осы болғаны ма? Мен болашақтан үміт үзе бастадым. Бұл кезде де Марлен жанымнан табылып, «біз мұны да жеңеміз, тек күдер үзбеші» деп, екінші тынысымды ашқандай болды. Күні-түні Алладан дұға тілеумен болдық. Өзі қиналса да, менің көңілімді көтеруге тырысып бақты. Содан кейін хирург-дәрігерім Аманжол Алданұлы жағдайымды сұрап, өзі хабарласты. Мәскеу қаласы мен Корея елінде осындай оталар жасауда тәжірибе жинақтағанын айтып, «саған отаны өзім-ақ жасаймын, дайындала беріңдер» деп, үміт отын қайтадан жандырды. Алла құдіреті шексіз ғой. Ота сәтті жасалды. Қазір жағдайым жақсы. Оттегі баллонын өте сирек қолданамын. Ай сайын дәрігеріме тексеріліп келемін. Ең алдымен, Алла Тағалаға мың мадақ, содан кейін ата-анама, сүйіктіме, ақ халатты абзал жандарға, достарыма, халқыма алғысым шексіз. Енді жұмысқа орналасып, адам қатарлы өмір сүріп, армандарыма қол жеткізгім келеді. Әр қиындық пен сынақтың артында бір жақсылық бар екеніне көзіміз жетті.

P.S. Мұндай оқиғалар – шынайы махаббаттың арқасында бәрін жеңуге болатынның тағы бір дәлелі. Жуырда «Қазақстан» ұлттық арнасында «Әйел бақыты» бағдарламасының тікелей эфирінде қонақта болған Марлен Әнелге елдің көз алдында жүзік сыйлады. Яғни, қазақ даласында тағы бір дүбірлі той болады деген сөз. Міне, осындай құдіреті күшті ұлы ғашықтық сезімнің шырқау биігіне жеткен қазақ жігіті мен ақылына көркі сай ибалы қазақ қызының мөлдір махаббаты жастарға үлгі-өнеге боларлықтай.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Фариза Кабылова

    Махаббат жок. Казир тек акша роль аткарады деймиз гой. Мине, нагыз Козы мен Баяннын сезиминин бугинги бейнеси. Махаббатты дуниемен олшейтин жастарга улги

  2. Ақжүніс Мырзағалиева

    Ер Тарғын мен Ақжүніс сұлудың ізбасарлары. Бұл қос ғашықтың жылдарға созылған сынағы олардың сезімдерін нығайта түсті. Маxаббат бар. Міне, оның дәлелі.

  3. Сабыржан Доскенжиев

    Расында, сезімін білдіріп гүл тасып, бриллиант тағып, кейін кредитке көл-көсір той жасап, соңынан екіге айырылып жатқан жанұяларды көріп жүрміз. Ал, бұл жастардың сезімі сараланған, өмірдің өзі сынаған сезім. Бақытты болсын! Қарындасымыздың Ауруынан сауығып, қатарға қосылғанына Марленнен де кем қуанған жоқпын. Редакция олардың үйлену тойлары өткенген кейін де мақала жазып, фотоларымен жарияласа екен.

  4. Нұрхан Жұмағалиев

    Керемет. Соңына дейін демалмай оқып шықтым. Ертегілер әрқашан жақсылықпен бітеді ғой. Бұл оқиға да құдды бір таңғажайып ертегідегідей. Анельдің сауығып, «Әйел бақыты» бағдарламасынад бауырымыздың үйленуге ұсыныс бергенде тіптен қуандым. Бақытты болсыншы, әбден лайық қой. Әсіресе, Марленнің түн ішінде сүйіктісінің амандығын тілеп дұға оқитыны оның ниетінің, көңілінің мөлдірлігі. Шынайылығы. Осыдан кейін қалай ғана махаббат жоқ дейміз. Кино түсіруге сұранып тұрған оқиға екен.