«Сергек» камералары он мыңнан астам таңбаны танып, көзге көрінбейтін нәрселерді де көреді

Жаңалықтар Журналистік зерделеу Қоғам Құқық

Atr.kz/8 қаңтар, 2020 жыл. Бейнекамералармен «безендірілген» шыршаның суреті жұртшылыққа тез тарады. Алайда, әлеуметтік желіде желдей ескен жаңажылдық әзілге көпшілік қуана қойған жоқ. Есесіне, атыраулық автокөлік жүргізушілері облыс орталығының ықшамаудандарында орнатылған «Сергек» камераларының қашан іске қосылатынын біле алмай әлек.

Қазір халық «жаңа камералардың қырағылығы соншалық, жол белгілерінен сәл асып кеткен жағдайда айыппұл салынады екен», «бұған бюджеттен миллиардтаған қаражат бөлінген көрінеді» деген желқақпа әңгімелерге қанық. Бұл ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады? Мәселенің анық-қанығын біз «Сергек» камераларымен жұмыс істейтін «Көркем телеком» компаниясы өкілдерімен бірге сараптаған едік.

Атырау қаласының тұрғыны Асылбек Қадыровтың «темір тұлпарын» тізгіндеп келе жатқанына он жылдан астам уақыт болды. Жол ережесін үнемі сақтап жүретін жүргізуші кей кездері әдейілеп емес, байқаусызда жылдамдықты асырып жіберетінін мойындайды. Бірақ, бүгінге дейін жол полицейлерінің «көзіне түсіп», айыппұл төлеген емес. Бірақ, мұнайлы өлке орталығында «Сергек» іске қосылғаннан кейін қырағы бейнекамералардың «назарына» ілігетініне сенімді.

– Әрине, барлығы өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін ғой. Қазір жолкөлік оқиғалардың салдарынан қайғылы жағдайға тап болып жатқан деректер көп-ақ. Ал, соның барлығы жылдамдықты шамадан тыс асырудың кесірінен болып жатқанын білеміз. Басқасын айтпай-ақ қоялық, бүгінде автобустардың өзі жол үстінде «жарысатынды» шығарды. Түскі м е з г і л д е г і к е п т е л і с п е н түндегі дамылсыз қ о з ғ а л ы с т ы жүргізушілердің қ и ы л ы с т а р д а бір-біріне жол бермеуін, ереже с а қ т а м а у ы н тоқтататын кез әлдеқашан жетті. «Сергек» камералары осындай келеңсіздіктердің алдын алса дейміз. Ұрлық-қарлық та азаяр еді. Бірақ, кейде камералармен келіспейтін де жағдайлар орын алып жатады. Осы жағын да ескеру керек, – дейді ол.

Рас, біз тілдескен қала тұрғынының пікірімен келіспеске амал жоқ. Сағат, тіпті минут сайын кездесіп жатқан жол апаттары жан түршіктіреді. Мас күйінде көлік жүргізіп, бүкіл отбасын қайғылы жағдайға жеткізе жаздаған жауапсыз жүргізуші жайында жазып, бұған дейін де мәселе көтерген болатынбыз. Одан кейін де бірнеше жанның өмірін қиған қаншама апат орын алды? Ал, оның артында қанша жанның тағдыры бар?

Бірақ, «Форсаж» фильмінде жарысып жүрген көліктер секілді жүйткіген автокөлік жүргізушілері оны ойға алмайтын да сыңайлы. Демек, жол тәртібін реттеу керек. «Сергек» камералары ондай «еркелікті» енді көтермейді. Аталмыш бейнекамераларды орнату бойынша лотты «Көркем телеком» компаниясы ұтып алған. Телекоммуникация, телефония және IT-интеграция саласында он жылдық тәжірибесі бар отандық IT-компанияның негізін ағайынды Әсет пен Қайрат Ахметовтер қалаған. Қауіпсіздік және «Сергек» аналитика жүйесі – қазақстандық өнім.

Бүгінгі таңда «Сергек» жобасы Нұр-Сұлтан, Атырау, Өскемен, Алматы қалаларында жүзеге асырылды. Пилоттық жоба Шымкент пен Түркістан қалаларында жұмыс істейді. Компанияның баспасөз қызметінің өкілі Әсел Маржакупованың айтуынша, «Сергек» жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркеп қана қоймайды.

– Атырау қаласында орнатылатын 2 748 камераның 774-і жалпы бақылау камерасы және қаланың әртүрлі аудандарында орналасқан 750-і интеграциялау камерасы қарастырылған. Сондай-ақ, шолу бұрышы да жалпы қауіпсіздікті бақылауға мүмкіндік беретін жол қиылыстары мен желілік учаскелерінде орналасқан 204 кешен (1 224 камера) бар, – дейді ол.

«Сергек» жүйесі сауда, бизнесорталықтарды және халық көптеп шоғырланатын аумақтарды бақылайды. Бұл камералардағы ақпараттардың барлығы ахуалдық орталыққа беріліп, полицияға жағдайды бағалауға және жедел шаралар қолдану үшін жіберіледі. Баспасөз қызметі өкілінің хабарлауынша, камералар қаланың криминогендік аудандарында, тұрғын үйлердің аулаларында қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, әкімшілік құқық бұзушылықтарды ашуға септігін тигізеді. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық бақылау камералары енгізілген сәттен бастап қоғамдық орындарда қылмыс деңгейі 44 пайызға төмендеген.

– Атырау жолдарында «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендері жылдамдықты арттыру, қызыл түске өту, тыйым салынған бағдаршам көрсеткішінен тоқтау сызығының қиылысуы, «Stop» сызығын немесе қозғалыс бағытын бөлетін тұтас сызықтың алдында 15 метр бұрын басталатын қатарлықтың тұтас сызығының қиылысуы сияқты жол белгілерінің немесе таңбалардың талаптарын сақтамау сияқты жол қозғалысы ережелерінің бұзушылықтарын тіркейтін болады, – деген Ә.Маржакупова биыл қаңтардан бастап «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені кезең-кезеңімен іске қосылатынын жеткізді.

Тәртіп бұзушылар айыппұл төлеуге нұсқама алған кезде қосымша уәкілетті органдарға хабарлайтын болады. Жалпы, «Сергек» жол кешендері орналасқан «кілем жабыны» қағидаты жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделген. Камералардың бұлай жиі орналасуы жүргізушілерге айыппұл салуға емес, жолда жүйткіген көлікті қалыпты жүргізуге қайта үйрету және жүргізу мәдениетін үйретуге бағытталып отыр. Өйткені, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі жылдамдықты арттыру салдарынан орын алатыны белгілі.

– «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендерінде бастысы камералардың объективтері емес, жүйенің «миы» – қазақстандық әзірлеушілер жазған алгоритмдер. «Сергек» кешендерінің камералары бейнелерді алгоритмдермен өңделетін серверге береді. Оның нейрондық желісі әрбір таңбалардың он мыңнан астам мәндерін тануға дағдыланған және көзге көрінбейтін нәрселерді оңай ажыратады. «Сергек» түнгі режимде де «көреді». Жазу онлайн режимінде жүргізіледі және 30 күн серверде сақталады. Бейнежазбалар уәкілетті органдар үшін қолжетімді болмақ. Құқық қорғау органдары «Сергек» жүйесін қылмыскерлерді іздеу барысында қылмыскердің автокөлігі камералардың көру алаңынан өткен жағдайда пайдалана алады, – деп нақтылады ол.

«Сергек» жүйесі қала көшелерінде болып жатқан оқиғаларды автоматты режимде тіркеп отырады. Содан кейін полиция қызметкерлері әрбір құқықбұзушылықты тексеріп, «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізіліміне» тіркеп, электрондық цифрлық қолтаңбасын қойып, тәртіп бұзушыға жібереді екен. Ал, бұл жүйеде тіркелген дерекпен келіспеген жағдайда жүргізуші нұсқамада көрсетілген уәкілетті органның телефон нөмірі бойынша хабарласа алады.

– 10 млрд. теңгеге тек міндеттемелер қабылданды. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қажетті қаражат бюджеттік заңнама бойынша алдын ала үш жылға салынады, төлемдер кесте бойынша төленеді. Бұл сомаға сыртқы жабдықтар, атап айтсақ, барлық камералар, бағдарламалық қамтамасыз ету, үздіксіз қоректендіру көздері бар шкафтар, кешендердің конфигурациясына байланысты басқа компоненттер, сондайақ, деректерді өңдеуге арналған серверлер, деректерді сақтауға арналған серверлер, бағдарламалық қамтамасыз ету, «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі» жүйесі процессингтік орталығымен интеграциялау модулі, байланыс арналары қамтылып отыр. Заңға сәйкес, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін барлық айыппұл жергілікті бюджетке тікелей түседі. Жекеменшік әріптестің бұл айыппұлдарға ешқандай қатысы жоқ, -дей келе, баспасөз қызметінің өкілі компания жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізу актісіне қол қойғаннан кейін расталған инвестициялық және операциялық шығындардың орнын толтыру үшін бюджеттен төлемдер ала бастайтынын атап айтты.

Р.S:

Жуырда «Сателлит Инновация» компаниясының талдау бөлімі Қазақстан қалалары арасында әлеуметтік маңызы бар орындарда қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыру үшін ішкі бақылау камераларымен қамту бойынша жанама рейтинг әзірлеген болатын. Зерттеуге еліміздің 87 ірі қаласы қатысқан еді. Десек те, рейтингке оның оны ғана енген. Тізімдегі алғашқы үштікке Нұр-Сұлтан, Өскемен және Атырау қалалары еніп отыр. Яғни, бұл шаһарлар заманауи ішкі бақылау жүйесімен тиісті деңгейде қамтылған. Ендеше, «Сергек» те сергектік танытып, заң бұзушылықтың жолын кессе екен деген тілек бізде!

Айбөпе САБЫРОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған