Саусақ ұшындағы әлем

Sausa shyinda yi lem Жаңалықтар

Атырау облыстық көрмейтін және нашар көретін азаматтар кітапханасында Қазақ соқырлар қоғамының ардагері, қазақ тіліндегі бедерлі-нүктелі шрифт авторларының бірі, Н.Островский атындағы мектеп-интернаттың педагогы Ақан Қасымовтың туғанына 90 жыл толуына арналған арнаулы кітапхана мен «Брайльмен жазу және оқу үйірмесінің» «Ашық есік» күні өтті.

Саусақ ұшындағы әлем-2

Екі күндік шара барысында келушілерге зағип мамандардың жұмыстары көрсетіліп, бедерлі-нүктелі шрифт бойынша оқу-жазу таныстырылды. Сондай-ақ, техника мен тифлоқұралдар көрмесі ұйымдастырылып, кітапханаға нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернат оқушылары мен қызметкерлері, көпшілік қауым көбірек тартылды. Оқу залында «Саусақ ұшындағы әлем» атты бедерлі-графикалық құралдар мен бедерлі және дыбыстандырылған кітап көрмесі қойылды. Сондай-ақ, «Брайльмен жазу және оқу үйірмесінің» жұмыстары таныстырылып, дені сау, көзі көретін адамдармен «Зағип адамның бір күні» атты бағдарлама ұйымдастырылды. Сөйтіп, көпшілікке «Зағиптар мен көзі көретіндер арасындағы қарым-қатынас этикасы» тақырыбында жадынама таратылды.

Шынымен де, зағип жандар үшін Луи Брайльдың орны ерекше. Өйткені, ол – әмбебап, зағиптар үшін қарапайым да қолайлы, бедерлі-нүктелі жазу жүйесін енгізген адам. Бұл дегеніміз – көзі көрмейтіндер үшін адамзаттың рухани мәдениетінің барлық құндылықтарын меңгеруге мүмкіндік беретін кітаптар, ноталар, математикалық белгілер. Аздаған ғана шегініс жасасақ: бала Луи Париж маңындағы шағын қалада 1809 жылдың 4 қаңтарында дүниеге келген. Үш жасында әкесінің шеберханасында қайыс пышақпен ойнап отырып, абайсызда көзін жарақаттап алады. Соның салдарынан жанарынан айырылады. Ол 16 жасында-ақ зағиптарға арналған әмбебап бедерлі-нүктелі жазу жүйесін дайындауды ойластырды және жиырма жыл  бойы оны жетілдірумен болды. Брайль жазу жүйесі 1870 жылы Париждегі зағиптардың халықаралық конгресінде ресми бекітілді. Ол бүкіл әлемдегі зағиптар үшін жазудың және кітап басудың бірден-бір тиімді жүйесіне айналды.

Саусақ ұшындағы әлем

Өткен ғасырда өмір сүрген француз Луи Брайль алты белгіден тұратын зағиптарша жазуды алғаш ойлап тапқан болса, Ақан 1960 жылы оған қазақ әріптерін енгізген авторлардың бірі болды. Ол 1928 жылы Павлодар облысының шаруа отбасында дүниеге келген. Халық айтқандай, «не өзіңді аламын, не көзіңді аламын» деп келетін шешек ауруынан жеті жасында өмір бойы зағип болып қалған. Ақан Қасымов – Қазақ соқырлар қоғамының Құрметті мүшесі, «Құрмет белгісі» орденімен және көптеген грамоталармен марапатталған.

Шара барысында аталған қоғамның белсенді де өнерлі мүшелері – Талғат Хами, Рафаэль Шамбозов, Бибігүл Сейдағалиева, Рустам Шамбозовтар өз өнерлерін ортаға салып, келушілер қошеметіне бөленді.

Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз