Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ: «Балық шаруашылығына мемлекеттік қолдау қажет»

Агрокешен Жаңалықтар Сұхбат

Atr.kz/4 ақпан, 2020 жыл. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды». Десек те, тұрғындардың балық шаруашылығының келешегіне үмітінен гөрі күдігі көбірек байқалады. Бұрын бірнеше мың тонна өнім берген кәсіпорындар мен зауыттардың атауы ғана халық жадында қалды.

Ал, шын мәнінде, тетігін таба білгенге кезінде ел экономикасын дамытуға сүбелі үлес қосқан балық шаруашылығын тұрақты бизнес көзіне айналдыруға мүмкіндік мол. Бұл үшін Атыраудың бірегей брендіне айналған «су маржандарының» қорына мемлекет тарапынан қолдау керек. Осы мәселені Үкімет деңгейінде көтеріп, саланы өркендетуге жанашыр болып жүрген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВПЕН сұхбатта балық шаруашылығының проблемалары кеңінен қозғалды.

– Мемлекет басшысы Үкіметке кәсіпкерлікті кеңінен дамытуға тапсырма берді. Бұл ретте, балық шаруашылығын табыс көзіне айналдыруға қандай мүмкіндіктер бар?

– Біздің еліміз су қорына бай. Каспий теңізін қоспағанның өзінде су тоғандарының жалпы ауданы 5 миллион гектарды құрайды. Бұл жерлерде балық өсіру мен балық аулауды қарқынды дамытуға қолайлы жағдайлар бар. Кеңес Одағы тұсында республикада арнайы балық шаруашылығы министрлігі құрылып, жүйелі мемлекеттік саясат қалыптасқан болатын.

Соның нәтижесінде, барлық аймақта балық зауыттары мен комбинаттары, өндірістік бірлестіктер жұмыс істеді. Балық аулау мен балық өнімдері өндірісінің жалпы көлемі кей жылдары 111 мың тоннадан асты. Мыңдаған адамдар осы салада тұрақты жұмыспен қамтылып, табысты еңбек етті. Бірақ, қазіргі уақытта барлық шаруашылығының мүмкіндігі толық пайдаланылмай қалды.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы ж ы л д а р ы н а н б а с т а п экономиканың жетекші саласы – балық шаруашылығына жете көңіл бөлінбеуінен құлдырауға ұшырады. Әлі де осы жағдайдан шыға алмай отыр. Балық аулау көлемі де күрт төмендеді.

– Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Балық дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі мемлекеттік саясатты белгілейтін бағдарламаның жоқтығы да кері әсерін тигізіп отырған жайы бар. Осы саланы дамытуға арналған 2004-2006 жылдардағы бағдарлама шаруашылықтың қалыптасуына белгілі бір деңгейде қозғау салғанымен, бұл жалғасын таппады. 2007-2015 жылдарға жоспарланған тұжырымдама да толық іске аспай, Үкімет қаулысымен мерзімінен бұрын күші жойылды.

Яғни, балық шаруашылығын мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыруда тұрақтылық жоқ. Осы салаға жауапты мемлекеттік орган ретінде 2003 жылы құрылған Балық шаруашылығы комитеті бірнеше рет бір министрліктен екінші министрлікке ауыстырылды. Қайта-қайта құрылымдық өзгерістерге ұшырады. Кейін мүлдем таратылып жіберді.

Бүгінде бұл сала ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің құрамына енді. Осы салаға қажетті мамандарды даярлайтын мамандандырылған арнаулы оқу орындары жабылып қалды. Соның салдарынан өзіндік ерекшелігі көп салаға керекті кадрлар да жетіспейтіні белгілі.

– Шекаралас өзендердің сағасы да өзекті мәселелердің бірі екені белгілі…

– Балықтарды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу кезінде су айдындарының және олар орналасқан жерлердің табиғи ерекшеліктері ескерілмейді. Бұл балық шаруашылығы су айдындарын бассейндік принциппен топтастыру кезінде су бөліністері бөлек өзендерді бірге қосуға себеп болуда. Ресей Федерациясымен шекаралас Қиғаш өзені – Еділ өзенінің сағасы.

Бірақ, оны Жайық-Каспий бассейніне қосқан. Көрші мемлекетте Қиғаш өзені Каспий-Еділ бассейнінің құрамында. Екі өзеннің ерекшеліктерін есепке алмау негізсіз шектеулер мен балық аулаушылар үшін қолайсыз жағдай туғызып отыр. Х а л ы қ а р а л ы қ трансшекаралық су айдындарында балық аулауға байланысты нормативтік құқықтық актілер отандық кәсіпкерлер үшін тиімсіз болып отыр. Елімізде 15 халықаралық маңызға ие су айдындары бекітілген. Олардың ішіндегі өндірістік балық аулауда Ресеймен екі арадағы Қиғаш өзені маңызды.

– Балық шаруашылығына қатысты сұрақты үнемi қозғап жүресiз. Шешiмiн тапқан мәселелер бар ма ?

– Иә, кейбiр мәселелер шешiмiн тауып, iске асты. Алдымен, «балықшылар күнiн» қалпына келтiрдiк. Бұл мәселе бойынша Үкiмет басшысына депутаттық сауал жолдап, министрлiктерде кездесулер өткiзiп, үлкен жұмыс атқарылды. Оған кезiнде Сенат депутаты Қайрат Ищанов та араласты. ҚР Үкiметiнiң қаулысымен шiлде айының екiншi жексенбici Балық шаруашылығы қызметкерлерi күнi болып белгiлендi. Үкiмет, кейiн тиicтi министрлiк шешiмiмен Қиғаш өзенiнен балық аулауға 1-мамырға дейiн рұқсат берiлiп келдi.

Ал, Ресейде трансшекаралық болып есептелетiн Қиғаш өзенiнен балық аулау 25-мамырға дейiн рұқсат етiлген. Мұндай жағдайда отандық балықшылар мүмкiндiгi шектелiп, көршi мемлекет балықшыларымен салыстырғанда олардың табысы да кемiдi. Осыған орай, мен ҚР Премьер-Министрiне депутаттық сауал жолдап, Бас Прокурормен, министрлер, тиiстi орталық мемлекеттiк органдар басшыларымен бiрнеше рет кездесулер өткiздiм. Тiптi, Ресейдің Астрахан облысына icсапарға барып, сол өңірдегi ғылыми-зерттеу институтының өкiлдерiмен кездесулер өткiзуге тура келдi.

Осындай жұмыстардың нәтижесiнде әдiлдiк орнап, Қиғаш өзенiнен балық аулау мерзiмiне қатысты тепетеңдiк орнатылды. Балық аулау 25-мамырға дейiн ұзартылды. Каспий теңiзi мен Жайық өзенiнен балық аулау мерзiмiне байл а н ы с т ы ж е р г i л i к т i балық шаруашылығы субъектiлерiнен өтiнiштер түсті. Қолданыстағы заңнамалық актiлерге сәйкес, Жайық өзенiнен балық аулауға мұз түскен уақыттан бастап 24-сәуiрге дейiн рұқсат берiледi. Кеңес Одағы тұсында бұл мерзiм 25-мамырға дейiн болған. Көршiлес Астрахан облысында Едiл өзенi мен сағаларынан әлі де 25-мамырға дейiн балық аулайды. Екi ел балықшыларының көктемгi балық аулау кезiндегi айырмашылығы – 44 күн.

Ресей балықшылары бiр ай жарым артық уақыт балық аулау мүмкiндiгi бар. Осы мәселеге орай өткен жылы Бас прокуратура, министрлiк, ғылыми зерттеу институты, балық шаруашылығы өкiлдерiн шақырып, Сенатта жиналыс өткiздiм. Бұл мәселеге орай ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрi М.Мырзағалиевке депутаттық сауал жолдадым. Осы жылдан бастап Каспий теңiзi мен Жайық өзенiнен балық аулау мерзiмiне өзгерiс енгiзiлiп, енді ұзартылатын болды. Бұл балықшылардың табысын еселеп қана қоймай, лимиттi толық игеруге де мүмкiндiк бередi деген ойдамын.

Әрине, көктемгi уылдырық шашуға қатысты шектеулер сақталады. Қолданыстағы заңға сәйкес, балық аулау биылғы жылдың 15-ақпанынан бастап келесi жылдың 15-ақпаны аралығында белгiленедi. Бiрақ, орталық мемлекеттiк органның тиicтi нормативтiк актici уақытында қабылданбауы балықшыларға үлкен қиындықтар туғызып келдi. Кей жылдары балықшылар көктемгi балық аулауға бiр айдан астам уақыт кешiгiп шығып жүрдi.

Осы мәселенi түбегейлi шешу үшiн мен өткен жылы «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңына өзгерic енгiзу жөнiнде ұсыныс енгiзiп, оны сенаторлар қолдады. Осы жылдан бастап балық аулау уақыты осы жылдың 1-шiлдесiнен бастап келесi жылдың 1 шiлдесi аралығына ауыстырылды.

– Сіз Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы балықты пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерінің айырмасы жер мен көктей екенін айтқан едіңіз. Шынымен солай ма?…

– Егер қазақстандық балықшылар 2019 жылы ірі балықтың бір келісіне 32 теңге 83 тиын төлесе, осы өзеннен балық аулайтын ресейлік балықшылар теңгеге шаққанда 85 тиын төлеген. Тіпті, 1 теңгеге де жетпейді. Мысалы, 2020 жылға үш тонна балыққа лимит алуға төленетiн сома мөлшерi алдын ала есептеулер бойынша 60 млн. теңге көлемiнде. Заңға сәйкес, оны толықтай 100 пайыз, яғни, бірден 60 миллион теңге төлеу керек.

Бұл дегеніңіз, кәсіпкерлікке үлкен кедергі. Ресейде алдын ала тек он пайызын ғана, қалғанын жыл бойына өтеу қарастырылған. Мұндай жеңілдік бизнес иелері үшін үлкен көмек болары даусыз. Оның үстіне, бір өзен бойындағы екі мемлекеттің заңнамалық актілерін салыстырсақ, қазақстандық балықшылардың пайдасына шықпайтыны белгілі. Бұл – тауардың бәсекеге қабілеттілігіне де тікелей әсер ететін фактор.

Мәселен, Еуропа елдерінде, Норвегия мен Жапонияда балық шаруашылығы маңызды қаржылай қолдау алады. Біздің елдегі жеңілдетілген несиелік және лизинг тетіктерінің болмауы, банктердің жоғары несиелік ставкалары саланың техникалық қайта жарақтандырылу және даму процесін тежеп отыр.

– Балық шаруашылығын жан-жақты дамыту үшін қандай шараларды қолға алу керек?

– Ең алдымен, балық қорын ұтымды пайдалануды тиімді іске асыру үшін арнайы салалық бағдарлама қабылдау керек. Осы салаға жауапты дербес мемлекеттік о р г а н қ ұ р у қ а ж е т . Нормативтік-құқықтық базаны жетілдірудің де маңызы зор. Соның ішінде, табиғат пайдаланушыларға балық аулау лимитін 15 жылға дейін бекіту, балық ресурстарын пайдалануды шектеу мен тыйым салу, орындары мен мерзімдерін белгілеу жөніндегі құқықтық актіні шілде айынан келесі жылдың шілдесі аралығында есептеуді ұсындым. Шетел тәжірибесін ескере отырып, балық аулау уақытынан екі жыл бұрын белгілеген абзал.

Сонымен қатар, трансшекаралық өзендердегі балық ресурстарын пайдаланғаны үшін төленетін ақы мөлшері мен төлеу тәртібін тең бәсекелестікті қалыптастыру тұрғысынан қарастыру керек. А л , ө ң д е у ш і кәсіпорындарға, балық өсірумен айналысатын шаруашылықтарға м е м л е к е т т і к қ о л д а у к ө р с е т у т е т і к т е р і н жетілдіруді ұмытпауымыз тиіс. Өңделмеген «су маржандарының» экспортқа шығарылуын қысқартуды алдыңғы кезекке қою қажет.

Жайық-Каспий бассейнінен Қиғаш өзенін «ҚиғашКаспий» бассейні ретінде өз алдына бөлуді қарастырған жөн. Алайда, біздің елде балық аулау кәсіпорындарына мемлекеттік қолдау жоқ. Ал, Ресейде бар. Соның салдарынан шаруашылықтың келешегіне кәсіп иелері сенімсіздікпен қарайды. Осынау проблемалар заңдылық аясында шешілсе, бұл саланы да өрге бастыратын күн алыс емес.

Бұл мәселелер жөнiнде өткен жылдың соңында ҚР Премьер-Министрi Асқар Маминмен кездесу кезiнде қозғадым. Үкiмет басшысы балық шаруашылығын д а м ы т у ғ а қ а т ы с т ы республикалық кеңес өткiзуге тапсырма бердi. Қазіргі таңда министрлiк дайындық жұмыстарын жүргiзуде. Алдағы уақытта кеңес өтедi деген ойдамын. Оның Атырауда өтуі мүмкiн.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Айбөпе САБЫРОВА

Тағы оқыңыз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған