Сандар сиқырына сенесіз бе?

4 546373646565 Жаңалықтар

Atr.kz/14 шілде, 2019 жыл. Әлеуметтік желі парақшаларында жарнамасы желдей ескен кәсіп иелерінің «әсерінен» болса керек, соңғы уақытта нумерология біздің қоғамға ене бастады. Жаратқанға серік қосу, тылсым күш секілді салмақты мәселелерге аса сақтықпен қарағанның өзінде соңғы жылдары сипат алған сала «тұтынушыларын» бірден баурап алды. Сөйтіп, қазір нумеролог та көбейді, оның «кеңесіне» жүгінушілер қатары да артты. Әрине, наным-сенім деген әркімнің жеке шаруасы, бірақ, сандар «сиқырына» сеніп, алдағы өмірге бағыт- бағдар етіп ұстанған жөн бе? Бұл шариғатқа сай ма? Жалпы, нумерология дегеніміз не?

 Иә, замана көшінде тоқталыс жоқ. Әлемдік трендке айналған үрдістер бүгінде біздің қоғамға да дендеп еніп, өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып барады. Оның үстіне , әлеуметтік желі де жақсы болды. Мәселен, қазақстандық жұлдыз атаулының барлығы дерлік нумеролог кеңестеріне жүгінеді екен. Сол арқылы таңдауын дұрыс жасаған көрінеді дегенді ести салысымен бұл кәсіп түріне қызығушылар көбейді. Бұрын елеусіздеу болған саланың осылайша бағы жанып, айы оңынан туды. Уикипедиядағы ашық мәліметтерге сүйенсек, нумерология ( ағылш . numerology) − сандардың және физикалық нысандардың, процестердің , жалпы адамның өмірі мен санасының мистикалық байланысы, олардың бір-біріне көрсететін әсері туралы эзотерикалық сенімдердің жүйесі.

Соңғы жылдары нумерологиямен тұрақты түрде айналысып жүрген тәжірибелі нумеролог Гүлжан Әзербайқызының айтуынша, бұл ілімді грек елінде біздің эрамызға дейінгі бес мың жыл бұрын математика «атасы» Пифагор ойлап тапқан. «Әлемнің әміршісі сандар» деген пікірді ұстанған ол өз жақтастарымен бірге мектеп ашады. Білім ордасы діни мектепке ұқсас болған. Пифагоршылар сандардың мистикалық өміріне сенген. Әрбір нәрсенің артында белгілі бір сан тұрады деп ойлаған. Сандар өздерімен бірге қайырымдылық пен зұлымдылық, бақыт пен бақытсыздық ала келеді деп сенген. Пифагоршылар барлық сандардан 1 санын, яғни бірлікті жоғары қойған. Содан кейін жай сандардың құпия қасиеттері жайында алғаш пікір айтып, нумерология ғылымының негізін қалаған Платон, Аристотель болды. Кейіннен неміс дәрігері, философ Генрих Корнелий Агриппа Неттесгеймский, Н.Л.Гильбрайт, австралиялық нумеролог Дэвида Филлипс, А.Александров және тағы басқалары зерттеу еңбектерін жазды.

Киелі сандардың «сиқыры» жайында қазақтың зерттеуші-ғалымдары І.Кеңесбаевтың, сонымен бірге, Ә.Хасенов, Ә.Қайдар, Н.Уәлиұлы, Т.Жанұзақов, Е.Қойшыбаев, Н.Оралбаева, Т.Сайрамбаев, Ж.Байзақов, А.Машанов, А.Елешева, Қ.Ғабитханұлы, Г.Шаһарман, Қ.Тәжиев, Қ.Дүсіпбаеваның еңбектерінде қамтылған. Бәрінен бұрын, «Форд» компаниясының негізін қалаушы Генри Форд Пифагор материалдарын зерделей отырып, ондағы ақша «тартатын» сандарды бойтұмар ретінде қолдана бастаған. Сөйтіп, әр кезеңнен өткен нумерология термині күні бүгінге дейін сақталып, бізге де жетіп отыр.

− Адамның туған жылы мен айына қарап, адам тағдырына қатысты белгілі бір жорамалдар жасауға болады. Нумерология арқылы адамның табиғи дарындылықты, таланттылықты, мінездің күшті және әлсіз жақтарын біле отырып , тәрбие процесінде дұрыс шешім қабылдауға болады , – деген Г.Әзербайқызы өзі де бұл саланы кездейсоқ таңдамағанын, бұған дейін белгілі мамандардың кеңесіне жүгінгенін жасырмады.

Сонан соң, өзінің мүмкіндіктерін білгеннен кейін танымал нумерологтардан дәріс алып, сертификатқа ие болған. Мәскеудегі орталықтан екі кезең бойынша курстан өткен ол бүгінде «пифагор матрицасымен» есептеу, әр тұлғаның өз сандарын анықтау арқылы қырларын ашуға дағдыланған.

Демек, бар ғылымның атасы – математика. Ал, математика өмірді сан арқылы бейнелейді. Белгілі ойшылдар адам ба­ласы өмір сүре бастаған алғашқы кезеңнің өзінде-ақ жазу-сызудан бұрын санауды үйренгенін айтады. Десек те, санның адам өміріндегі маңыздылығын ешкім жоққа шығара алмайды. Мәселен, ежелден-ақ біздің ата-бабамыз 1-ден бастап әр санның қадірі мен қасиетін салмақтап, өзіне тән ерекшелерін саралай біліп, орнына сай қолданған. Ертеректе сандар уақыт өлшемі жағынан ерекше қызмет атқарған. Мысалы, о баста бес күндік апта, бертін келе 7 күндік апта болған. Шын мәнінде, қазақ халқында жетіге байланысты атаулар, нақыл сөздер көп. Тәуке ханның Жеті Жарғысы сияқты есепсіз сөз тізбектері тілімізде жиі кездеседі. Баланы қырық күн толған соң қырық қасық суға шомылдырып, қырқынан шығарады. «Қызға қырық үйден тыйым», ерте­де қыздың сүйген жігітіне орамалдың шетіне 7 немесе 9 түрлі нәрсені түйіп беру әдеті, марқұм болғандардың жетісін, қырқын, жылдығын беру. Бұл тізбекті әрі қарай да жалғастыра беруге болады.

Ал , қытай ғалымдары нумерологиядағы ө з болжамдарын былай дейді: 1 саны – ар мен ұтыс, 2 – жеңілдік, 3 – өсу, 4 – өлім, 5 – жоқтық, 6 – байлық, 7 – белгісіздік, 8 – өркендеу, 9 – көп жасау. Мәселен, олар 28 нөмірлі үйге ақша жеңіл жолмен келеді десе, 58 өркендеудің, алға жылжудың жоқтығын білдіреді деп санайды. Олар 4 санынан қорқатын көрінеді. Бірақ, 48-ге деген құрметі ерекше, себебі, «ақша шақырады» деп есептейді. Тіпті 2828 нөмірлі үйдің құны қанша шарықтап тұрса да, оны сатып алушылардың санында шек болмайды екен. Қазіргі өркениетті елдер арасында «13» санына сақтықпен қарайтындар әлі де баршылық. «Сан туралы ілім» біздің мінезімізді, болмысымызды, табиғи ерекшелігімізді, тағы басқа қасиеттерімізді қандай планета билеп, әсер етіп отырғанына түсініктеме жасайды. Оны есептеудің де өз тәртібі бар. Бүгінде әлеуметтік желілерде жарнамасы жарыса шығып жатқандар – осы әдіс- тәсілдерді меңгергендердің қызметі. Сөйтіп, нумерология ілімге қызығушылық танытып, тереңірек бойлағандарға табысты пайда көзіне айналды.

− Әрине, көпшілікке көмектесіп, қол ұшын берген дұрыс. Нумерология ілімі бойынша дәріс алу үшін өзім де қомақты қаражатымды жұмсадым. Оның үстіне, бір адамның нақты тағдыр картинасын есептеп , анықтауға екі сағатқа жуық уақытым кетеді. Ал, уақыт бәрінен қымбат. Сондықтан, қызмет ақылы болады. Рас, халықпен тығыз байла­ныс жасағандықтан, түрлі жағдайлар кездеседі ғой. Дегенмен, бұрын мүлде танымайтын, көрмеген адам жайлы туған жылы, айы, күні бойынша есептеп, барлық мәліметті айтып бергенде өздері де таң қалып, ризашылығын білдіретіндер көп. Жалпы, қазіргі таңда көпшіліктің жүйкесі сыр бере бастаған, сол себепті, жанға рухани демеу іздейді, – дейді Гүлжан Әзербайқызы.

P.S: Қалай болған да, біздің әр күніміз Аллаға ғана белгілі. Бірақ, кәсіп бастағысы келетіндер нумерологиямен сәтті күндерін, бизнес- серіктестерінің сандарын анықтайды. Енді бірі шешім қабылдар сәтте «осы қалай болар екен?» деген сауалға жауап таба алмай, нумерологтардың кеңесіне жүгініп жатады. Тағы да қайталап айталық, сенім әрбір жанның жеке басына байланысты болғандықтан, нақты шешім шығару қиын. Десек те, «аңқау елге арамза молда» болатындарға иланып, сан соғып қалмайық дегіміз келеді. Онсыз да, мейірімсіздік пен жат пиғыл, әдет- қылықтарға толы қоғамда көңілімізді кірлетіп алмасақ екен.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз