САНАҒА ӘСЕР ЕТСЕ ОЙЛЫ ПАЙЫМ…

Жуырда өткен облыс әкімдігі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысында Жылыой және Мақат аудандарындағы діни ахуалды тұрақтандыру, теріс пиғылды немесе деструктивтік діни ағым идеяларының алдын алу бағытындағы шаралар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысындағы мешіттерінің қызметі туралы сөз болды. Сонымен қатар, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасын сақтау үшін аумақтағы барлық деңгейдегі оқу орындарында жасөспі-рімдер мен жастардың патриоттық шараларын ұйымдастыру мәселесі де осы жиында қаралды. Кеңес отырысына облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімдігі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары  Шыңғыс Мұқан төрағалық етті.

Жылыой ауданында жеті діни бірлестік, оның ішінде алты мұсылман мешіті және бір Рим католиктік шіркеуінің филиалы заңды қызмет етеді. Аудан әкімінің орынбасары Нұраддин Өмірбаевтың айтуынша, өңірде 78 мыңға жуық халық болса, оның 2500-дейі тұрақты дін ұстанушылар деп болжанады. Пайыздық есеппен алғанда, бұл аудан тұрғындарының үш пайызын құрайды.

Ал, Мақат ауданы бойынша діни ахуалға тоқталған аудан әкімі Ерболат Омаровтан білгеніміздей, өңірде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты екі мешіт бар. «Сәтен-Шәмек» мешітінің жұмысы имам жоқтығына байланысты тоқтап тұр. Аудан әкімінің баяндамасынан кейін аудандардағы имамдардың еңбекақысын төлеудің проблемалық мәселеге айналып отырғанын айтқан Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаменті өкі-лінің сауалына орай жауап берген баяндамашы бұл мәселенің алдағы уақытта шешілетінін жеткізді.

Аудандар тарапынан жасалған баяндамаларға қанағаттанбаған кеңес төрағасы Шыңғыс Жұмабекұлы өңірлерде осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін баса айтты.

– Облысқа өзге аймақтардан дінтанушы, теологтарды шақыртып отырмыз. Олар аудандарда сала мамандарымен кездесулер ұйымдастырған болатын. Бірақ, жауапты өкілдер  «бізді шаршаттыңдар» дейтін көрінеді. Енді мұндай әңгімелерді естімейтін болайық, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы. Ол аудандардағы әр мешіттен бір-бірден оқу залы мен кітапхана ашуды тапсырды. Және оны қазақ, шетел классиктерінің шығармаларымен толықтыру қажеттігін айтты. Ал, діни кітаптармен орталық мешіт қамтамасыз етеді. 

Бүгінде облыста 28 мешіт бар, ондағы қызметкерлер  жамағатты әрдайым ынтымаққа ұйытып, тәуелсіз мемлекеттің тұрақтылығын сақтауға шақырып келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти атқарылуға тиіс төрт бағытты айқындап берген болатын.   Бұл жөнінде баяндаған облыстық «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров осы бағыттар бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Ең бастысы, аудандар бойынша 12 адам, ал, Атырау қаласында 15 адам теріс ағымдармен жүйелі жұмыс нәтижесінде дәстүрлі ислам дініне бет бұрған.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз