Салтанатты спорттың ұлы мерекесі

УнИверсиада 3 Жаңалықтар

Алматыда XXVIII дүние- жүзілік қысқы Универсиада ойындарының ашылу салтанатына  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

УнИверсиада 3

Салтанатта халқымыздың өткені мен салт-дәстүрiн бейнелейтін қойылым көрсетілді. «Алматы Арена» мұз айдынында қазақтың суырып салма ақындары арнау айтып, ат құлағында ойнаған шабандоздар  өнер көрсетті.

Бүкіләлемдік студенттер бәйгесін ашық деп жариялаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл шараны «Ұлы дала елінде бүгін салтанатты спорттың  ұлы мерекесі» деп айрықша атап өтті.

Бұл жастар сайысына 57 елден 2 мыңнан астам спортшы, мыңдаған спорт маманы мен жанкүйер жиналды. Спорт – бейбітшілік пен татулықтың, ынтымақтастық пен тілектестіктің символы. Универсиаданың Алматыда өтуі – Халықаралық студенттік спорт федерациясына кіретін 171 елдің Қазақстанға деген сенімі мен зор құрметі. Жер- жаһан көз тіккен бұл Универсиада – нағыз жастық жігердің арманы, жарқын жеңістердің бастауы, болашақ Олимпиада чемпиондарының мектебі.

Дүбірлі дода қарсаңында Алматыда бірнеше спорт нысаны салынды. Мұның бәрі отандық спорттың инфрақұрылымына салынған инвестиция, – деген Мемлекет басшысы бүкіләлемдік жарысқа келген спортшыларға сәттілік тіледі.

Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) президенті Олег Матыцин байрақты бәсекеге дайындықты жоғары бағалады.

– Әрбір Универсиада өзінше ерекше болады. Алайда, Алматыда атқарылған жұмыс жоспарланған межеден асып түскен, – деп атап өтті федерация президенті.

Айгүл Ертілеу

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз