Салғырттық сан соқтырмасын!

d8c427c7dd6445d50d9342ac3fcef82e L Жаңалықтар

Atr.kz/24 маусым, 2019 жыл. Ұсақ-түйек, өткір заттарды балаларға бермеуді қатаң қадағалау маңызды. Өйткені, мұндай салғырттықтың салдары қайғылы жағдайға душар етуі әбден мүмкін. Бұл туралы облыстық балалар ауруханасының ұйымдастыру әдістемелік ісі бөлімінің меңгерушісі Ерлан Дабысов денсаулық сақтау ұйымында тіркелген деректерді негізге алып хабарлады.

Белгілі болғанындай, аурухананың қабылдау бөліміне алты айлық нәресте келіп түсті. Анасының айтуынша, бала кенеттен көгеріп, тынысы тарылып, жөтеліп, ентігіп дауысы да өзгеріп, мазасызданған.

Ақ халаттылар шұғыл түрде баланы тексерістен өткізді. Нәтижесінде сәбидің кәмпиттің қағазын жұтып қойып, оның дауыс саңылау аралығына кептеліп қалғаны анықталды. Эндоскопист-дәрігер Ербол Ералыұлының кәсіби біліктілігінің арқасында кәмпит қабығы дер кезінде алынды.

Дәрігерлердің айтуынша, түрлі тәттілердің қағаздары өкпеге ауа өтетін жолды бөгейді. Бөгде зат өкпенің ең төменгі бөлігіне барып тұрып қалар болса, онда балаға міндетті түрде ота жасауға тура келеді. Сондай-ақ, жаңғақтың қабығы, түрлі дәндер де бронхты жауып тастайды.

Сондай-ақ, осыған ұқсас тағы бір жағдай орын алды. Өзбек азаматы сегіз айлық баласының абайсызда түйреуіш жұтып қойғанын айтып, жедел дәрігерге алып келді. Абырой болғанда, сәбиге толыққанды көмек көрсетіліп, эндоскопист маман түйреуішті дер кезінде алды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз