САЙЛАУАЛДЫ ҮГІТ БАСТАЛДЫ

Жергілікті мәслихаттар депутаттығына облыстағы 134 округ бойынша 433 кандидат ұсынылып, олардың 414-і тіркеуден өткен. Ал, қалған 19 кандидат өз өтініштерін кері қайтарып алған. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асау Ибрашев мәлім етті.

«Кандидаттарды ұсыну 19 ақпанда, ал тіркеу 23 ақпанда аяқталды. Тіркелген кандидаттардың 88%-ы – жоғары, 8%-ы – арнаулы орта және 4%-ы  орта білімді. Саяси партиялардан 139 кандидат ұсынылды, олардың 134-і – «Нұр Отан» партиясынан, үшеуі – Қазақстан Коммунистік Халық партиясынан, екеуі «Ақ жол» демократиялық партиясынан», – деп хабарлады Асау Ниязұлы.  

Оның айтуынша, барлық деңгейдегі кандидаттардың орташа жасы – 44. Және үміткерлер – түрлі мамандық иелері. Алдағы саяси додаға түсетіндер арасында 21 дәрігер, 74 инженер, білім беру саласының 103 қызметкері, 42 заңгер және өзге де сала мамандары бар.  Облыстық сайлау комиссиясы өкілінің ақпараты бойынша, 24 ақпаннан басталған сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 18 наурызға дейін жалғасады.

Сондай-ақ, сайлаушылар үшін Атырау қаласында арнайы call-орталық ұйымдастырылған. Яғни, тұрғындар 32-08-59, 32-03-58, 32-03-59 телефондары бойынша өз сайлау учаскесін нақтылап, алдағы сайлау туралы басқа да сұрақтарға жауап ала алады. Азаматтар сайлау күні учаскеге келіп, сайлаушылар тізімінен өз атын таба алмай қалатын келеңсіз жағдайларды шешу үшін де сайлау күні учаскелерде халыққа қызмет көрсету орталықтарымен интернет байланысы іске қосылмақшы.

Брифинг барысында сайлаушыларға бюллетеньдерді жеткізу мақсатымен вахтамен қызмет ететіндер үшін арнайы көлік бөлінетіні жайында да айтылды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз