Сағыздағы қос қуаныш

Сағыздағы қос қуаныш Жаңалықтар

Сағыз ауылының тұрғындары үшін бұл апта  ұмытылмастай есте қалды. Оның да өзіндік жөні бар. Өйткені  ауыл тұрғындары екі бірдей қуаныштың куәсі болды.

%d1%81%d0%b0%d2%93%d1%8b%d0%b7%d0%b4%d0%b0%d2%93%d1%8b-%d2%9b%d0%be%d1%81-%d2%9b%d1%83%d0%b0%d0%bd%d1%8b%d1%88

Полиция  бөлімшесі қайта ашылды

Жасыратын несі бар, соңғы кезде Сағыз ауылдық округіндегі  тәртіптің осалсып кеткені ауыл тұрғындарын қатты алаңдататын. Жастардың жақ-жақ болып төбелесіп, оның арты қайғылы оқиғаға айналғандығы жандарына батып, тәртіп мәселесін қолға алу керектігі жөнінде ауыл ақсақалдары облыс, аудан басшыларына  талай рет айтты. Бұл мәселе түрлі жиналыста  әңгіме болды. Жақында Атырау облыстық Ішкі істер департаментінің басшысы Аян Дүйсенбаев ауданға келіп Сағызда бұрын  жабылып қалған полиция бөлімшесін қайта ашты. Оның бастығы болып полиция капитаны Жұмагелді Хангереев тағайындалды. Сондай-ақ, департамент басшысының бұйрығымен он штаттық кесте қосып берілді.

Осыған орай өткен жиында Сағыз темір жол ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқтарбай Нұғыманов пен еңбек ардагері Жасан Есқайыров барша жұртты осынау игі бастамамен құттықтады.

 

Қоныс тойы

Жақында облыс әкімінің тапсырмасымен Сағыз ауылдық округінде сегіз үй салынып,  «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында туған ауылына қызмет етуге келген медицина және полиция қызметкерлері  мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар  пәтер кілттерін иеленді.

– Бүгін Сағыз ауылының тұрғындары үшін өте үлкен қуанышты күн болды. Халыққа ең қажетті мәселелердің бірі – тұрғын үй салу жайы. Соның ішінде Сағыз ауылында сегіз үй салуға тапсырыс бергенбіз.  Бізге қысқа мерзімде осындай сапалы үй салып берген жеке кәсіпкер Сәбит Бекқалиевке аудан халқы атынан алғыс білдіреміз. Қоныс тойларың құтты болсын! – деді аудан әкімі М.Мұқанов.

Бауыржан  СИСЕНОВ,

Қызылқоға  ауданы.

 

Оралбай  Түгелбаев,

Жас  маман:

 

– Елбасының «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында М.Оспанов атындағы Ақтөбе медицина академиясын  бітіріп, ауылға  өз  мамандығым  бойынша келіп жатырмын. Жұбайым Сайрам Смағұлова да – дәрігер. Әрдайым, бізге қолдау білдіріп, жас маман ретінде қамқорлық көрсетіп, пәтер кілтін тапсырып жатқан облыс, аудан, ауыл басшыларына, аурухананың бас дәрігеріне шексіз алғыс білдіремін. Енді ауыл, аудан денсаулық саласының дамуына өз үлесімді қосып, ел үшін еселі еңбек етеміз деген сенім білдіреміз.

 

Баршагүл  Мәжекова,

Сағыз ауылының тұрғыны:

 

– Осыдан біраз уақыт бұрын аудан басшыларының қабылдауына кіріп, жағдайымды түсіндіргенмін. Себебі, біз бір үйде үш отбасы бірге тұрып жатырмыз. Үйіміз ескі, әрі тар. Жағдайымды мұқият тыңдаған аудан басшысы үйдің кезегіне қойып, үй беруге көмектесетінін айтты. Міне, бүгін сол уәдесіне тұрып,  жаңадан салынған пәтерлердің бірінің кілтін бізге табыстады. Қуанышымда шек  жоқ.

 

Сержан  Шәукеров,

Сағыз полиция бөлімшесінің

учаскелік полиция

инспекторы,

полиция лейтенанты:

 

– Біраз жылдан бері құқық қорғау саласында қызмет етіп келемін. Сағыз ауылына жұмыс барысына орай  келгеніме көп бола қойған жоқ. Қызмет барысындағы қиыншылықтарды ескеріп, пәтердің кілтін табыс етіп жатқанына дән ризамын. Әркез ел тыныштығын сақтап, қылмыстың алдын алу жолында аянбай еңбек етемін.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз