Сәндік әшекей бұйымдардың сыры қандай?

large dsc 7442 32c3b77f346a60bceae28199eac09536 Жаңалықтар

Еліміздің батыс өңірінде зергерлік бұйымдарды дайындауға әуелден ерекше мән берген. Зергерлер күміс бұйымдарды гауһар, сапфир, агат, інжу, маржан, жақұт сияқты асыл тастардан және түрлі-түсті шынылардан көз қондыру арқылы әсемдей түскен. 

large dsc 7442 32c3b77f346a60bceae28199eac09536

Археологиялық сәнді бұйымдар мен қарулар, ыдыс-аяқ, теңге-моншақтар, алтын мен күмістен жасап шеберлер қалдырған халықтық мұра облыстық тарихи-өлкетану музейінде де көптеп сақталған. Негізінен әйелдердің әшекейлері көп. Атап айтқанда, ХІХ-ХХ ғасырларда жасалған күміс алқа, сый білезіктер, қос бауыр сақина, түйме, шашбау бар. Бәрін де тұрғындардың өздері әкеліп тапсырған.

БІЛЕЗІКТІ НЕ ҮШІН ТАҒАДЫ?

«Қолдың сәні – білезік» демекші, ертеде бұл қазақ әйелдерінің ең көп тұтынатын бұйымы болған. Білекке тағылатын сәндік бұйым. Білезік сөзінің түп-төркіні білек және жүзік (білекжүзік – білежүзік – білеүзік – білезік) сөзінен туындаса керек. Білезік қымбат металдардан жасалады. Білезіктің көлемі, пішіні, әшекейі әр алуан болады. Оған асыл тастардан көз орнатылады. Алтын, не күміс жалатып та жасайды. Білезік буын ауруларының алдын алады. Қолдың тазалығын күшейтеді. Жын-перілерді қуады деген ұғым халық арасында кеңінен таралған. Ең маңыздысы, білезік  адам бойындағы күш-қуатты сақтайды. Қазақта бәле-жала әйелдің құлағы, шашы арқылы кірсе, күш-қуаты біртіндеп алақан арқылы сыртқа шығады деген сенім қалыптасқан. Сондықтан, әжелер соңғы күш-қуатынан айырылудан қорқып, білезігін қолынан тастамайтын болған. Білезіктің бірнеше түрі бар. Атап айтсақ,  бұрама білезік, кавказ білезік, көзді білезік, өрме білезік, үзбелі білезік, қолқа білезік, топсалы білезік  және тағы басқалар.

Атырау өңіріндегі зергерлердің жасаған білезіктері жалпақ, күрделі әрленген, ұлттық нақышта безендірілген болып келеді. Әртүрлі асыл тастармен әрлеп, топсалы немесе екі қолға да қатар киетін білезіктер соққан.

ТОПСАЛЫ БІЛЕЗІК (ХХ Ғ.)

Атырау қаласының тұрғыны Жәнипа Мейірманованың тапсырған топсалы білезігі шамамен ХХ ғасырдың бас кезінде жасалған. Білезік ширатпа, бүршіктеу әдісімен жасалып, геометриялық ою-өрнектермен бедерленген. Оның салмағы мен көлемінің үлкендігіне қарағанда дәулетті отбасының әйелі арнайы тапсырыспен жасатқанын байқауға болады.

ҚҰДАҒАЙ ЖҮЗІК (ХІХ Ғ.)

Тағы бір әшекейдің түрі – жүзік. Оны саусаққа салудың да өзіндік дәстүрі болады. Мысалы, құдағай жүзік жұмсақ, қақтауға төзімді, оңай өңделетін күміс металлдан жасалған. Қос саусаққа бірдей киілетін үсті шаңырақ тәрізді жалпақ, беті көлемді, кейде күмбезді болып келеді. Жарқыраған ашық түсті екі жерден шаңыраққа ұқсас өрнек немесе кей кезде үшбұрышты, дөңгелек секілді өрнектер салынған.

Жүзіктің ортасында бөліп тұрған сопақшалау келген пішін  некені сақтап қалуда үлкен рөл атқаратын ұрпақ жалғастығы ырымына негізделген. Астында екі саусаққа қатар киілетін қос бауырдағы бар. Құдағай жүзікті қыздың анасы құдағайына бір жылдан соң тарту ету үшін арнайы жасатқан. Бірақ, барлық құдағайға бірдей мұндай дәстүрлі тарту жасалмаған. Құдағай жүзік – жаңа түскен келініне аналық мейірім шуағын төге білген парасатты құдағайларға ғана және құдандалы екі рудың бір-біріне ынтымағы үшін сыйға тартылатын дәстүрлі сыйлық. Екі саусаққа кигізілуінің өзіндік себебі де бар. Екі елдің баласы тіл табысып, шаңырақ көтеріп, бір шаңырақтың босағасы берік, ғұмыры ұзақ болуын қос құдағай осы жүзіктей берік ұстап, көңіліміз күмістей таза, жарқырап жүрсін деген ниетпен тағылған. Оң қолының ортаңғы екі саусағына кигізгенде, төрт саусақ сыртын түгел жауып тұрады. Үлкен, тасбақа қабығына ұқсас жүзіктер ұзақ өмір белгісі деп қабылданған. Өйткені, шығыста тасбақа ең ұзақ жасайтын жәндік деп есептелінеді. Сонымен қатар, құдағай жүзік адамдар арасындағы сыйластықтың, ілтипаттың, құрметтің белгісі ретінде тағылған. Музей қорындағы құдағай жүзік қорды толтыру мақсатында 1977 жылы сатып алынған.

ШАШБАУ (ХХ Ғ.)

Шашбаудың да ерекше қасиеті бар. Қазақ халқы адамның шашын кез келген жерге тастамайды. Олар әйел шашының ұшында тіршіліктің күші бар деп есептейді. Осы наным-сенімге сәйкес қыздардың шашын қимай, бұрым етіп өсіріп қояды. Оның ұшына шолпы шашбау байлайды. Бұрындары қазақтар «Шашбау шаш арасындағы жын-шайтанды қашырады» деп ырымдаған.

«Шашың ұзын әрі қалың болсын!» деген сөзді қазақтар бекер айтпаса керек. Бұл сөздің түп-төркінінен шаштың қалыңдығы мен ұзындығы әйел сұлулығының маңызды бір белгісі болып саналғанын байқауға болады. Ауыз әдебиетінде шолпы мен шашбау қыздың әсем келбетін сипаттағанда жиі қолданылады.

Музей қорындағы шашбауды Маңғыстау облысы, Форт-Шевченко қаласының тұрғыны Сүю Орысбаева 1991 жылы тапсырған. 1940 жылы жасалған шашбау күміс бояулы шыны және ширатпа өру әдісімен бедерленген.

Қазақ халқының дәстүрлі қолөнер туындыларының өміршеңдігін насихаттап, болашақ ұрпақтың бойына ұлттық мәдениетімізге деген сүйіспеншілік сезімін ояту мақсатында этнографиялық бұйымдардың маңызы зор.

Венера ШАПИКОВА,

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз