Ауылдағы агрофирмалар

Өркендеудің негізі – кооперативте 1 Жаңалықтар

Кеше облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, брифинг өткізді.

Өркендеудің негізі – кооперативте

Ол өңірдегі ауылшаруашылық саласының қазіргі жағдайы мен алда атқарылар міндеттер туралы баяндап, журналистер сауалына жауап берді. 

Cәлімжан Жұмашұлының айтуынша, мұнайлы мекен үшін өткен жыл табысты болды деуге толық негіз бар. Әсіресе, төрт түліктің қай түрі бойынша да өсім қамтамасыз етілген.

– Бүгінде облыста барлығы 2086 шаруа қожалығы болса, соның 443-і егіншілікпен, қалғаны мал шаруашылығымен айналысады, – деді ол. – Атап айтқанда, 152 мың сиыр, 538 мың қой-ешкі, 64 мың жылқы, 29 мың түйе және 469 мың үй құстары есепке алынған. Атырауда 16 шаруашылық асыл тұқымды мал өсіреді. Жалпы алғанда, ет-сүт өндіру жағынан өңір халқының қажеттіліктері артығымен орындалып отыр. Мәселен, етке қажеттілік 17 мың тонна десек, аймақта 24 мың тонна дайындалды. Сүт өнімі де сұраныстан тоғыз мың тоннаға артық. Бір жылға қажет 82 млн. дана жұмыртқаның 98 миллионы өндірілді. Артылғаны көрші облыстарға жіберіледі.

Оның үстіне, егін өнімділігін арттыру үшін егістік алқабын кеңейту жолға қойылды. Бұрын оның аумағы бір мың гектарға да жетпейтін. Ал, 2015 жылы 6800 га, былтыр 7600 га жерге дән себілді. Оның ішінде, картоп 1977 га, көкөніс 2513 га, бақша дақылдары 1024 га  жерге егілді. Содан алынған мол өнім өңір тұрғындарының  қажеттілігін толығымен өтеп отыр. Яғни, аймақ сұранысынан артық 71 мың тонна көкөніс және 28 мың тонна бақша өнімдері алынған.

– Рас, облыс халқына шаққанда бір жылға 57 мың тонна картоп қажет. Биыл соның тек 44 пайызы ғана өндірілген. Жоспар бойынша 2020 жылға дейін атыраулықтар картоп өнімдерімен толықтай қамтылуы керек. Сақтау қорында 2600 тонна көкөніс бар. Ол Атырау қаласындағы «Сарайшық» секілді сауда орталықтарына және аудандарға жіберіледі, – дейді Сәлімжан Жұмашұлы.

Одан әрі тілшілер  өз  сауалдарын жолдады.

– Егін өнімділігін қалай арттыруға болады?

– Бұл мақсатта егін шаруашылығына  тамшылатып суару әдісі кеңінен қолданылып келеді. Бұрын бір гектар жерден 13 тонна картоп жиналса,  тиімді суару нәтижесінде бұл көрсеткіш 35 тоннаға жетті.

Егін өнімділігін арттыруда тыңайтқыштардың да маңызы зор. Осы бағытта оның 649 тоннасы алынды. Мемлекет тарапынан субсидия тамшылатып суару әдісі мен тыңайтқыштар алуға тең бөлініп төленуде.

– Балық шаруашылығының жайы нешік?

– Облыста 19 табиғат пайдаланушы балық аулаумен айналысады. Жылына 18 мың тоннаға дейін лимит берілсе, соның 71 пайызы игерілуде. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

– Бүгінде шаруагерлерді алаңдатып отырған нодулярлы дерматит ауруына қарсы малға вакцина егу мәселесі қалай шешілуде?

– Бұл ауруға облыста 6900 ірі қара шалдығып, оның 1150-і өлген болатын. Олардың иелеріне толықтай өтемақы төленді. Жақсы бір жаңалық, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаржылай қолдауымен алдағы наурыз айында облыстық ветеринария басқармасына 250 мыңнан астам вакцина жіберіледі. Тек оны 10-15 күн ішінде егіп үлгеруіміз керек. Себебі, мамыр айында тым кеш болады.

– Қызылқоға ауданында бруцеллез ауруы өршіп тұр…

– Иә, мұны жоққа шығара алмаймыз. Онымен мамандар барынша күресіп жатыр. Ең бастысы – вакцина уақытында қолға тисе болғаны. Ауруды серологиялық, яғни, қан алу жолымен анықтау әдісі қолға алынғалы жағдай түзелді. Осылайша, бұл әдісті үш жыл қатарынан қолдансақ, ауруды ауыздықтауға толық мүмкіндік бар.

Айтпақшы, қазір ауыл шаруашылығын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа қағидасы бекітілуде. Ол бойынша биылғы 1 сәуірге дейін алты кооператив құру көзделген.   Тағы да жетеуі құрылуы керек. Сонда барлығы 13 кооператив жұмыс істейтін болады. Оған қоса, 180-нен астам жеке бордақылау орны ашылуы тиіс. Қазір қырыққа жуығы қолданыста.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз