Ұрпақ жадындағы есім

Ұрпақ жадындағы есім 2 Жаңалықтар

Жәлел Иманғалиев 1919 жылдың 10 мамырында Атырау облысы Исатай ауданы Манаш ауылында балықшы отбасында дүниеге келген. Бастапқыда Андреев атындағы орта мектепте білім алған ол  кейін  Сарайшықтағы орта мектепте оқыған. Содан 1939 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, Забайкалье әскери округінде Отан алдындағы борышын өтеуге аттаныпты.

%d2%b1%d1%80%d0%bf%d0%b0%d2%9b-%d0%b6%d0%b0%d0%b4%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d0%b0%d2%93%d1%8b-%d0%b5%d1%81%d1%96%d0%bcАл, Ұлы Отан соғысы басталғанда бірден майданға  кіріп, жаяу әскер ротасында пулеметші болды. Смоленск, Вязьма, Сафронова, Ярцево қалаларын қорғауға қатысқан. Елге жеңіспен оралған соң еңбек жолы Новобогат ауданы Тұщықұдық ауыл кеңесіндегі Каганович атындағы   мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берумен басталды. Кейін Жанбай ауылындағы және М.Фрунзе атындағы, «Сарытөбе» мектептерінде ұстаздық еткен.

– Әкеміз – ұстаздық ету жолында үлкен жетістіктерге жеткен адам. Тек мұғалім ғана емес, сонымен қатар, ауылдағы саяси-қоғамдық, мәдени-көпшілік жұмыстарға белсене араласты. «Қызылбалық» колхозында қоғамдық негізде тексеру комиссиясының төрағасы қызметтерін атқарған. Тұрмыс жағдайы төмен отбасының балаларын қамқорлап, қолдан келген көмегін аямайтын үлкен жүректі азамат еді, – деп еске алады ұлы  Тұқпатолла Иманғалиев.

Новобогат ауданына қарасты балықшы ұжымшарлары Гурьевтің төңірегіне жаппай  қоныс аударғанда ол да отбасымен Дамбы елді мекеніне көшіп келген. Содан бері оның еңбек жолы «Октябрьдың 40 жылдығы» атындағы орта мектеппен тікелей байланысты болды. Ұлағатты ұстаз өзінің білгенін жастарға үйретуден, ақыл-кеңес беруден жалыққан емес. Аянбай тер төккен еңбегінің арқасында есімі 2003 жылы «Атырау облысы мұғалімдер энциклопедиясы» және 2014 жылы шыққан «Тұщықұдық ауылы шежіресі» кітаптарына енгізілген. Екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен және он шақты медальмен марапатталған. Аудандық және облыстық деңгейдегі Құрмет грамоталары өз алдына бір төбе. Жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру жолындағы ұзақ жылғы  еңбегі жоғары бағаланып, 1985 жылы «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» деген атаққа ие болды.

Жұбайы екеуі сегіз бала өсірді, олардың ұрпақтарын көрді.  Бүгінде қыздары Қасиет пен Ханым, немерелері  Айбаршын мен Айзада – мектепте ұстаз, Гүлбаршын мен Гүлмира балабақшада тәрбиеші болып еңбек етеді.

Жәлел Иманғалиев 1995 жылы 76 жасында өмірден өтті. Асқақ адамгершілігімен, кеңпейіл қамқорлығымен жұртшылық жадында қалған оны жерлестері ұмытпайды.

Нұрислам ҒҰМАР.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз