Құрметке лайық Құрмет

құрметке jpg Жаңалықтар

Ғасырға жуық уақыт бойы  шығып келе жатқан облыс айнасы –  «Атыраудың» тұрақты авторлары қаншама! Солардың бірі – ішкі істер органының ардагері Құрмет Нұрсариев. Бүгінде Құрекең сексен бес жасқа шығып, тағы бір биікті  бағындырып отыр. Жасының біразға келгені болмаса, ағамыздың ойы сергек, қимыл-қозғалысы ширақ. 

құрметке jpg

Балықшының баласы

Манаш ауылындағы «Қызыл балық» колхозының кедей шаруа отбасында өмірге келген ол –  әкесі Нұрсары мен анасы Мәдештің екі қыз, үш ұлының бірі. Ата-анасы өмірден ертерек өтіп, соғыстан кейінгі қиын тұрмыстың тауқыметін бір кісідей-ақ тартқан ол етінің тірілігі арқасында ержетіп, колхозда балықшы болады. 1955 жылдың тамызында сол кездегі Гурьев қалалық ішкі істер бөліміне қызметке орналасады. Ал, 1971 жылдан  мемлекеттік автоинспекция, КСРО ІІМ Каспий бассейні балық қорғау қызметінде отыз жыл жұмыс  істеп, 1985 жылдың 1 сәуірінде құрметті еңбек демалысына шығады. Құрекең зейнеткермін деп отырмай, Атырау қаласы күзет басқармасында тағы он бес жыл еңбек етеді. Өзіне бөлінген мекемелер – сүт комбинаты, нан комбинаты және «Культторг» мекемесіндегі еңбек тәртібін мұқият қадағалап, мемлекет мүлкінің сақталуына айтарлықтай үлес қосады.

«Нұр Отанмен» біргемін!»

Осы өміріне дән риза Құрекең, Елбасы саясаты, жергілікті жердегі басшы азаматтар атқарып жүрген жұмыстар турасында жақсы пікірде. Өзін халықпен, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге деп санайтын ол 2008 жылы «Нұр Отан» партиясына мүшелікке өтеді.

– Біздің балалық шағымыз елдің жұтаң кезімен тұспа-тұс келді, – дейді ол бізбен арадағы әңгімеде. – Бала болып ойнап, қарнымыз тоя тамақтанбадық, тіпті туған әке-шешемізге емін-еркін еркелей алмадық. Шүкір, өмірге өкпем жоқ. Еңбегіме қарай  әр жылдары  «Үздік милиционер» атағымен, «Ардагер», «Еңбек ардагері» медальдарымен, ҚР ІІМ Алғыс хаттары және Мақтау грамоталарымен, «Ұлы Жеңіске – 70 жыл» мерекелік медалімен, ақшалай, заттай сыйлықтармен марапатталдым.

«Мың қосшыға – бір басшы» дегендей, еліміздегі барлық игі қадам Елбасының жасампаздық істерімен тікелей байланысты. Сол себепті мен осыдан бірер жыл бұрын «Жақсының шарапаты жанға шуақ» атты кітап шығардым. Ол бастан-аяқ тұңғыш Президентіміздің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларына, содан туындаған келелі мәселелерге арналды. Кітап 300 дана тиражбен шықты.

құрметке 2

Ата жолын немере жалғастыруда

«Бас екеу болмай, мал екеу болмас» дегендей, 1960 жылы Құрекең Ұштап атты қызбен көңіл жарастырады. Бірге тұрған жұбайлық өмірлерінде екі ұл, екі қызды болады. Ұштап апай ұзақ жыл сауда саласында, баспаханада жұмыс істейді. Ерлі-зайыпты Нұрсариевтар бауырынан өрбіген төрт баласын қатарынан қалдырмай, адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелейді. Жастайынан адалдық пен тәртіпті бірінші орынға қоятын әке ұл-қыздары – Гүлнәр, Гүлжамал, Сәттіғұл, Сәндібекті соған баулыды.

Балаларының арасында медик те, педагог та, бизнесші де, жүргізуші де болғанымен әке мамандығын жалғағаны болмап еді. Ата жолын онға тарта немере-жиен арасынан Нұрболаты қолға алды. Бүгінде ол – ішкі істер саласында қызметте, тәртіп сақшысы. Тағы бір немересі Нұрсұлтан – әскер қатарында, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеуде.

Лиза Сейтімова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз