Құрманғазы ауданында Отбасы күнінде тұрғындар инемен емделді (ФОТО)

Изображение 005 Жаңалықтар

Елбасының Жарлығымен осыдан төрт жыл бұрын қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып белгіленген еді. Содан бері тұрақты түрде әр жылы күздің алғашқы күндері берекелі әулеттің мерекесі ретінде тойланып келеді.

Изображение 005

Осыған орай Еңбекші жалпы орта мектебінде «Отбасы – ұлттың тірегі» атты аудандық семинар ұйымдастырылды. Мақсаты – адамдар арасындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау. Оған аудан әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшелері, аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ата-аналар комитетінің төрағалары мен төрайымдары арнайы шақырылды.

Олар алдымен бастауыш сынып мұғалімі Ғ.Жексенғалиеваның 4-сынып оқушыларына «Отбасым – бақыт мекенім» тақырыбында өткізген өнеге сағатына қатынасты. Сабақтың мақсаты мен күтілетін нәтижесін таныстырған ұстаз бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін, отбасы мүшелерінің бауырмалдығын жан-жақты түсіндіріп өтті. Оқушылар да өз отбасылары туралы ой-толғаныстарын жеткізіп, мұғалім ұйымдастырған танымдық ойындарға белсене араласты. WORKSHOP тренингінде «Мектеп пен ата-ана ынтымақтастығы – бала тәрбиесіндегі жетістік» тақырыбы талқыға алынды. Бейнеролик көрсетілімінің көмегімен түрлі әдістемелер бойынша оқу үдерісін жүргізген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі С.Әмірханова қатысушыларды тәлім аларлық қызықты мәліметтермен қанықтырды.

Изображение 006

Мектеп ауласында өткізілген «Біз салауатты отбасымыз» атты сайыстың шартын спорт нұсқаушысы Н.Мәденов түсіндірді. Мақсаты – отбасы мүшелерінің бірлігін, ұйымшылдығын, өзара сыйластығын арттыру, бос уақытын тиімді пайдалану, салауатты өмір салтын қалыптастыру, ата-ана мен бала арасында тығыз байланыс орнату. Сайысқа 3 отбасы қатысып, оның барлық кезеңдерінде олардың ептілік пен күштері сынға алынды. Жарысқа қатысушылардың пікірінше, спортпен бірлесе шұғылдану отбасындағы қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, сонымен бірге оң өзгерістерге жетелейді.

– Бүгінгідей мерекелік шараларды өткізудің қажеттілігін балаларымыздың қуанышты жүздерінен-ақ көруге болады. Отбасымыздың атынан ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз, жарысқа қатысу арқылы біз өзіміздің берік те тату-тәтті отбасылар екендігімізге тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық, – дейді сайыстың жеңімпаз отағасы Қанат Мерханов.

Изображение 013

Бұдан кейін мерекелік шара «Ата өнегесі – балаға мұра» атты ток-шоуға ұласты. Оған ата кәсіпті жалғастырып, төрт-түліктің басын көбейтумен айналысатын Өтешовтер, егін шаруашылығын дөңгелентіп отырған Қадыровтар, «Елжанды патриот» төсбелгісінің иегері атанған батыр ұлан Әділханды тәрбиелеп отырған Мадировтар, ұлттық құндылықтарымызды насихаттаушы, ағаштан түйін түйген Бидоллаевтар, еліміздің «Жұлдызды емшісі» орденінің және көптеген марапаттардың иегері, 5 баланың әкесі Мұрадым Ғайсаевтар отбасылары шақырылды. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» демей ме халқымыз. Әулеттің ізгілікті жолын жалғастырған оның мерейлі ұрпақтарына көрермендердің ыстық қошеметімен қонақтарға сахна төрінен орын берілді. Ток шоу барысында қоғамның ұйытқысы саналатын отбасы құндылықтары жөнінде кең көлемде әңгіме өрбіді. Қатысушылар ортаға әкелген егін және төрт түліктің өнімдерін, он саусағынан өнер тамған шебердің қолымен дайындалған ұлттық бұйымдарын таныстырды. Одан әрі жақында ғана суға кеткен адамды құтқарған жас патриот Әділханның ерлігі дәріптеліп, сырқатына дауа іздеп келген жанға қолының шипасы дарыған жұлдызды емші Мұрадым Ғайсаев инемен емдеу әдісін көрсетті.

Изображение 041

Бұл күнгі шарада айтылған мәліметтермен қанығып, ой елегінен өткізіп зерделеген аудандық білім бөлімінің әдіскері О.Құмарғалиева қорытынды сөз сөйледі. Ұйымдастырушы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары К.Ермұқановаға облыстық білім басқармасы әдістемелік кабинеттің директоры Г.Қабекеновтің атынан «Үздік авторлық бағдарлама» негізінде І дәрежелі дипломы, аудандық білім бөлімі басшысы Г.Құбаеваның Алғыс хаты ұсынылды. Ток-шоуға қатысқан отбасыларға аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Ө.Тәжібаевтың Алғыс хаты табысталды.

Айнагүл ШАКУПОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз