РЕПОРТАЖ: БЛОК-бекетте болған бір күн

93062009 931577407276926 8210074546036801536 n Жаңалықтар

Аtr.kz/19 сәуір, 2020 жыл. Бүкіл әлемді дүрліктірген қауіпті індетке қарсы карантиндік шектеулердің енгізілгеніне де айдан асты. Осыған орай, облыс аумағында блок-бекеттер құрылып, өз жұмысын бастағаны белгілі.

Ал, олардың қызмет ету тәртібі қандай? Қауіпті індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген – дәрігерлер, арнайы жасақ сарбаздары, әскери және по­лиция қызметкерлері қалай еңбек етуде? Осы сұрақтардың жауабын таппақ мақсатта «Атырау-Орал-Алмалы» блок- бекетіне жол тарттық.

Бізді күтіп алған полиция капита­ны Асхат Шагиров көлік пен адам қозғалысын шектеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен та­ныстырды.

«Қала кіреберісіне төрт блок- бекеттің қойылғаны белгілі. Олар – «Атырау-Астрахан-Қараөзек», «Атырау-Орал-Алмалы», «Атырау- Индер-Бесікті» және «Атырау-Доссор- Қарабатан» бағытында орналасқан. Жол шектеу кезінде азық-түлік және басқа да тауарлар тиеген транзиттік жүк көліктері, медициналық көмекке мұқтаж азаматтар ғана қатынай алады» дейді ол.

Бұл қадағалау бекеттерінде меди­цина мен полиция қызметкерлері, әскерилер тәулігіне 12 сағат ауысым­мен жұмыс жасайды. Яғни, жарты күн бойы көз ілместен бекетті бақылауға алады. Біз кезекті жүк көлігін тексеріп, турникет-қоршаудың қасында қызмет атқарып тұрған азаматтарға қарай аяңдадық.

Жолбасшымыз А.Шагиров оларды «полиция лейтенанты Сағынтай Мырзашев, аға лейтенант­тар Аян Орынов, Ермек Маратов, Дәурен Орынғалиев» деп таныстырды. Полиция қызметкерлерінің жұмысы қауырт, мойын бұратын шамасы жоқ. Қойылған бір-екі сұраққа «Қызметті алаңсыз атқару үшін әкімдік тарапы­нан барлық жағдай қарастырылған» деп қысқа қайырды.

Бекетте орналасқан екі қатарлы ғимараттың ішін де шолып шықтық. Жергілікті билік ыстық тамақпен, қолғап-бетперде мен қорғаныш костюмдерімен және антисептикалық құралдармен тұрақты қамтамасыз етіп отыр. Он екі сағат бойы тікесінен тұрып қызмет ететіндіктен, ғимараттың ішінде отырған адам кездеспеді. Мұнда тек тамақ ішуге және киім ауыстыруға кіреді екен.

Блок-бекеттің жұмысымен таны­су барысында кейбір көліктердің кері қайтарылып жатқанын көрдік. Оның себебін «Бұлардың рұқсаты жоқ. Жалпы, қолында құжаты бар автокөліктер еш кедергісіз өткізіледі. Тек денсаулығы, құжаты дұрыс болуы керек. Тәртіп сақшылары қолдарындағы планшеттегі ақпаратқа сүйенеді» деп түсіндірді А.Шагиров.

Кезекшіліктегі дәрігер мен мед­бике бекет іске қосылғаннан бері ешкімнен вирус анықталмағанын айт­ты. Олардың айтуынша, карантиндік бекетке кірген адам ең әуелі антисеп­тикпен қолын залалсыздандырады. Кейін 12 сұрақты қамтыған анкетаны толтырады. Дене қызуын да теплови­зор құрылғысымен тексеруге міндетті.

Мамандардың тексеруінен өткен азық-түлік таситын жүк көлігінің жүргізушісі Амантай Нұрмақов біраз уақытын жоғалтса да, сақтық шарасының маңызын түсінетінін айтады. Тәртіп сақшылары да «басқа өңірлердегідей дөрекілік кездескен жоқ, халық та карантиннің тезірек аяқталғанын қалап, карантин ережелерін сақтап жүр» дейді.

Тіпті, ондай келеңсіз жағдайдың өзінде де психологиялық тұрғыдан дайын екендіктерін айтты. Себебі, олар – індетпен күрестің алғы шебінде жүргенін түсінеді. Таяуда жұмыс ба­рысымен барған облыс прокуроры Халидолла Дауешов те бекеттегі каран­тин режимін қамтамасыз етіп жүрген мамандардың үйлесімді жұмысын оң бағалаған болатын.

Коронавирус індетіне төтеп берудің жалғыз жолы – оның таралу тізбегін тоқтату. Сондықтан да Атырау өңірінде 30 наурызда ресми түрде ка­рантин режимі енгізілді. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен облыс орталығына кіруге және шығуға шектеулер қойылды.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз