Ректор лауазымына конкурс жарияланды

Бұрын жоғары оқу орындарының ректорлары ҚР Білім және ғылым министрінің жеке шешімімен тағайындалатын. Биылдан бастап мемлекеттік жоғары оқу орындары ректорлары лауазымына конкурс жарияланды. Оқу ордасының басшысы сайлау арқылы іріктеледі. Ашық конкурс негізіндегі таңдауды ғалымдар, жергілікті атқару органдары және кәсіпкерлерден құралған университеттің қадағалау кеңесі өткізеді. Конкурс айқындық пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатын көздеген.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің, Павлодар және Қостанай мемлекеттік педагогикалық институттарының ректорлары ашық конкурс арқылы тағайындалатын болды.

Үміткерлер белгіленген құжаттардан бөлек ЖОО дамыту бағдарламасын ұсынулары шарт. Оларды ЖОО-ның Бақылау кеңесі 25 күнге дейінгі мерзім ішінде қарастырады.

Бақылау кеңестері ЖОО-ын  дамыту бағдарламасын қарастырғаннан кейін үміткердің кандидатурасын  Білім және ғылым министрлігі бекіткен Республикалық комиссия қарауына жібереді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

 

Бақтыбек ТАУБАЕВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор:

Ашықтық – ақиқат айнасы

– Құқықтық, демократиялық, зайырлы қоғам болғандықтан, біздің елде барлық салада жариялылық пен ашықтық бар. Биылдан бастап, университет ректорларының ашық конкурс арқылы тағайындалуы өте орынды деп есептеймін. Бұл білім саласының дамуына оң ықпалын тигізері сөзсіз. Бұрын басшылыққа қатысты алып-қашпа сөздер жиі айтылатын. Бұдан былай ондай сөздер қалады. Өйткені, бәрі жариялы түрде өтеді.  Сондай-ақ, бес жылдан астам басшы лауазымдарында қызмет еткен тұлғаның өз кандидатурасын ұсынуы да дұрыс шешім болды. Тұлға өзінің ізденісін, жан-жақты білімін сынап көреді. Сонда, білім мен ғылымда жаңаша серпіліс болады. Жаңалық келеді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз