Рауан Жұбаныш Жексенұлымен бірге ән шырқайды

атырау Жаңалықтар

Бала дауысы:

«Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауының аймақтық іріктеу сынынан сүрінбей өткен  Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының тәрбиеленушісі Рауан Матаева республикалық байқауға Атырау облысының атынан жолдама алғанын хабарлаған болатынбыз.

image-24-10-16-07-46-3

Естеріңізге сала кетсек, Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған байқаудың іріктеу барысында 7-14 жас аралығындағы 87 жерлесіміз бақ сынаған. Отандық жұлдыздар Жұбаныш Жексенұлы, Фарида Ниязова, продюсер Ғалымбек Исмбергенов он төрт жасар Рауанның дарынын, ән айту қабілетін жоғары бағалап, оның ертеңіне үлкен үміт артқан еді.

Қазір жас әнші «Бөбек» Ұлттық ғылыми-тәжірибелік, білім беру және сауықтыру орталығындағы «Жұлдызды үйде» тәлім алуда. Бұл жерде ол сольфеджио, хореография, әртістік шеберлік сияқты бағыттар бойынша білімін шыңдап, атақты әртістердің шеберлік кластарына қатысады, финалда орындау үшін жаңа әндер үйренуде.

image-24-10-16-07-46-1

Рауанның өзіне хабарласып, дайындық барысын сұраған едік. Оның айтуынша, қарбалас жұмыс таңғы 8:00-де басталады. Жаттығудан кейін, ән айту, дыбыс жазу, кәсіби мамандардан сабақ алу сынды өнер адамына тән қызметтер қара кешке дейін жалғасады.

– Әр күнімді жоспарлап үйрендім. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 23 талантты өнерпаз бір үйдің баласындай тату-тәтті болып кеттік. Бір күніміз екіншісіне ұқсамайды. Тәлімгерлеріміз де ерекше жандар. Нағыз шығармашылық орта, көңіл-күй бар. Түсірілім мен кәсіби студияларда ән жазудан шаршаған жоқпын. Керісінше, өзімді нағыз әншілердей сезінемін. Қазақ эстрадасының танымал әншілері бізбен тығыз байланыста жұмыс жасауда , – дейді Рауан.

image-24-10-16-07-46

Ән айту қабілеті нағашы әжесі Оңайша мен анасы Алмагүлден дарыған өнерлі қыздың арманы көп, мақсаты биік. Ол алғашында академияға вокал бағыты бойынша, кейін жүрек қалауымен халық әнін тереңірек үйренуге ауысқан. Оқу орнына анасы жетелеп әкеліпті. Ұстаздары мен ата-анасының сеніміне селкеу түсіргісі келмейтін Рауан жолы болған мықты әнші атануды армандайды. Бұл дода оның түсінігінде, арманына бір адым жақындауына ықпалы зор болатынына сенімді.

Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының І Ұлттық «Бала Дауысы» балалар ән байқауы әлеуметтік жобасы ағымдағы жылы 12-13 қараша күндері КТК арнасынан көрсетіледі. Жиырмадан астам дарынды ұл-қыздар еліміздің белгілі әншілерімен, яғни тәлімгерлерімен өнер көрсетпек.

%d0%b0%d1%82%d1%8b%d1%80%d0%b0%d1%83

Атыраулық Рауан Матаева алғашқы күні «Ана туралы» әнін орындаса, екінші кезеңде тәлімгері, танымал әнші Жұбаныш Жексенұлымен бірге «Жалт етіп өткен» атты әнді шырқайды.

Тікелей эфирде 18:30-да өтетін өнер сайысының әр қатысушысына көрермендер смс-хабарлама арқылы дауыс бере алады.

Ал, жерлесіміз Рауанға тікелей эфирде шығатын нөмірге дауыс беру арқылы қолдау көрсете аламыз. Ендеше, біз де арманы асқақ Рауанға ақтық сында жеңіс тұғырынан көрінуіне сәттілік тілеп,  демеу білдірейік, ағайын!

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз