Құрманғазылық еріктілер жалғызбасты анаға баспана табыс етті

img 20200123 wa0041 Жаңалықтар

Atr.kz/23 қаңтар, 2020 жыл. Талайлардың жүрегін жылытқан бақыт оқиғасы Құрманғазы ауданына қарасты Теңіз ауылында орын алды…

Науқас бала, жоқшылық, пәтерден пәтерге көшкен күндер. Он жылға жуық уақыттан бері Орынайдың өміріндегі күнделікті қайталанып жатқан картина осы. Қанша жылдан бері өмірдің ауыр сынақтарын бастан кешіріп келген Орынай айналдырған төрт-бес күннің ішінде баспаналы болып отыр.

Иә, ғажайыптар болады екен. Оған Орынай Бекжанованың басында орын алып жатқан осынау бақытты сәт дәлел.

Бүгін құрманғазылық еріктілердің ұйытқы болуымен Орынай Бекжанованың отбасына төрт бөлмелі үй табыс етілді. Жайлы баспананың кілтін қолына алған Орынай жаңа үйдің шынымен өзінікі екеніне әлі сене алмай жүр.

«Шынымды айтсам, қанша жылдан бері қинаған  мәселем осынша жылдам уақыттың ішінде шешіледі деп ойламаппын. Үйге кіріп-шығып әлі қызықтап жүрмін. Бұрын олай-бұлай болып кетіп жатсам, балаларым қайда қалады деп уайымдайтынмын. Енді бұл мәселеге алаңдамайтын болдым. Бастысы, көрінгеннің босағасын сығалап жүрген күндер артта қалды. Ерлан Тарихов бастаған «Құрманғазы қайырымдылық қорының» еріктілеріне алғысым шексіз. Мен оларға өмір бойы қарыздар болып өтемін» дейді Орынайдың өзі.

Орынай үш баланың анасы. Денсаулығы әлдеқашан сыр берген Орынай қазір екінші топтың мүгедегі. Қанда ақ түйіршектің көбейіп кету қаупінің алдында жүр. Бірақ, «тар құрсағымды кеңейткен тұңғышымың қасіретінің жанында менің ауруым түк емес» дейді өзі.

Айтса айтқандай, Орынайдың тұңғышы жиырма жаста. Аяқ-қолы бүтін, тұрпаты келіскен көркем қыз қазір анасының қарауынсыз қозғала алмайтын дәрменсіз күйге жеткен. Дәрігерлер қойған диагноз бойынша,  бойжеткеннің миына зақым келген екен.

«Кесапаттың қайдан келерін кім білген. Шауып жүрген балапаным үш жасынан бастап ауруға шалдықты. Енді міне, жиырма жылға жақындайды. Көз жазып қалмау үшін, түнде де қолынан тас қылып ұстап ұйықтаймын. Әр қимылына оянамын. Кез келген уақытта өз-өзіне зақым келтіруі мүмкін. Ми қызметінің бұзылуы салдарынан өзінің әрекетіне өзі жауап бере алмайды.

Тұңғышымнан кейін екі балам бар. Ұлым жергілікті Құрманғазы колледжінде оқиды. Кіші қызым оныншы сыныпқа көшті. Тағдырдың тәлкегіне шыдай алмай жолдасым кезінде үйден кетіп қалды.  Жалғызбын демеймін. Балаларым жанымда. Ата-анам, бауырларым бар. Бірақ, бауырларымның отбасы, өздерінің қиыншылықтары бар ғой. Ешкімге салмақ салмау үшін, мемлекеттен алатын жәрдемақы есебінен пәтер жалдап күнелтіп жүрген едім. Құрманғазы қайырымдылық қоры бастаған еріктілердің дәл менің отбасыма жолығуы  – күтпеген әрі ерекше сәт болды» дейді  Орынай.

Орынайдың ендігі мақсаты – науқасқа шалдыққан қызын құлантаза айықтыру. Ұлын ұяға, қызын қияға қондыруды мақсат етіп отырған қамкөңіл ана армандардың орындаларына сенеді… Себебі, бұл бақыт оқиғасы оның жүрегіне сенім ұялатты…

P.S. Иә, жер бетінде қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Кейде әр адамның тағдыры бір-бір кітап болып жазылса, әлемді тұнған мотивация баурап алар ма еді деп те ойлайсың. Иә, өзгенің қасіретіне бей-жай қарамай, жақсылықтың бастауында болған еріктілеріміздің ерлікке балар ісі өзгелердің де жүрегін жылытса екен…

Ерлан ТАРИХОВ,

«Құрманғазы қайырымдылық қорының» жетекшісі:

Біріміз бауыр, біріміз доспыз

Өзіміз қор деп атап кеткен еріктілер қозғалысы аптаның әр жұмасы сайын жоқ-жітік отбасыларды аралап, азық-түлік таратамыз. Осындай кезекті акцияның кезінде біз Орынай апайдың үйіне келіп қалдық. Жалдап отырған пәтерінің де жағдайы мәз емес. Әрі апай бізге басындағы жағдайды айтқан кезде, оған қалай да көмектескіміз келді. Сөйтіп, бұл отбасын камераға түсіріп, бейнежазбаны ғаламтор арқылы тараттық. Ғажабы сол, апайдың басындағы жағдайды көрген бауырларымыз керекті соманың небары төрт күннің ішінде жиналуына атсалысты. Осылайша, халықтан жиналған 2 миллион 200 мың теңгеге төрт бөлмелі үй алынды. Жақсы істің тез бітуіне өзіміздің еріктілеріміз де арамызда қомақты қаржы жинадық.  Осы ретте игі іске ерікті бауырымыз Жастілек Унашевтың ерекше атсалысқанын атап өткім келеді.

Қысқа мерзімде аяқталған бұл жоба – қарға тамырлы қазақтың бір-бірін қиын жағдайда қалдырмайтынын көрсетті.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

img 20200123 wa0039
img 20200123 wa0044
img 20200123 wa0029
img 20200123 wa0030
img 20200123 wa0019
http://atr.kz/bez-rubriki/atyrauda-32-k%D3%A9pbalaly-ana-baspanaly-boldy/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз